Түркістан облысында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында халық игілігі үшін бірқатар нысан пайдалануға берілді.
Атап айтсақ, облыс орталығында заманауи «Мұз сарайы» ашылды. Спорт нысанының ашылуына Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спорт жанашырларын құттықтады.
– Бүгін тарихи күн. Еліміз үшін қастерлі Конституция күні қарсаңында Түркістан облысында алғаш мұз сарайы ашылды. Балалар мен жасөспірімдер мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трек спорт түрімен айналысуға қол жеткізсе, қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанаумен айналысуға мүмкіндік алады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Алдағы уақытта ұлттық ат спорты үшін атшабардың, спорттағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты мен колледжінің ғимараты, спортшыларға арналған дәрігерлік диспансерінің құрылыстары жүргізіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.
Сондай-ақ мереке қарсаңында Сарыағаш ауданында төрт бірдей ғимараттың ашылу салтанаты өтті. Нақтырақ айтсақ, «Inju resort» шипажайы, мәдениет үйі және мектеп. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, лентасын қиды. Қазіргі таңда шипалы суымен әлемге танылған Сарыағаш шипажайларына халық сұранысының көп болуына байланысты шипажай саны жылдан жылға артуда. «Inju resort» шипажайы заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 70 адам. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал Дихан баба ауылының тұрғындарына 200 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа екі қабатты мәдениет үйінің ғимараты кітапхана, оқу залы, конференция мен хореографиялық бөлмелер, шығармашылық ұжымдар үшін кабинеттер, кең концерт залы, сондай-ақ заманауи музыкалық жабдықтардан тұрады. Заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекенінде ашылды. №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының құрылысы 2022 жылы басталған. Мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі су және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Аталмыш мектепте үлкен дәліз, кітапхана бойынша оқу залы бар. Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Тігін үйірмесіне арналған бөлме, кең спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған. Бұдан бөлек, Жылға ауылдық округі, Қарақалпақ елді мекеніндегі 25 адамға медициналық алғашқы көмек көрсете алатын дәрігерлік амбулотория ел игілігіне берілді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған амбулатория әрбір азаматтың диагнозын нақты анықтап, тиісті ем-шараларды дер кезінде қабылдауына жол ашпақ.
Сонымен қатар Түлкібас ауданындағы Машат ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында жаңа мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді. Осыған дейін Еңбекші елді мекенде мектеп мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген. Сонымен қатар, аталған білім ошағы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған. Білім нысанының ашылу салтанатына аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. Мерекелік шара, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрмахан Тұрсынбековке арнап, ескерткіш орнату рәсімімен жалғасты. Жаңа оқу жылы қарсаңында құрылысы аяқталған мектептің сыйымдылығы 150 оқушыны құрайды. Сондай-ақ жаңа нысан мемлекеттік стандартқа толықтай сай келеді. Оған дәлел, мектепте арнайы 1 лингофон бөлмесі 1 мультимедия бөлмесі бар. Оған қоса, қыздар мен ұлдарға арналған заманауи үлгідегі шеберхана және 13 пәндік кабинеттермен толыққан. Сонымен бірге, мәжіліс, спорт залы, кітапхана, педагог-психологтардың жеке кабинеттері мен 50 орынға шақталған асхана мен медициналық бөлмесі бар.
Бұдан бөлек, Түлкібас ауданының орталығынан шалғай орналасқан Келтемашат ауылында жаңа медициналық нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу шарасына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды жаңа ғимараттарының ашылуымен құттықтады. Елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында биыл аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-не заманауи жаңа нысан соғылып, биыл пайдалануға берілгелі отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Келесі жылы 5 елді мекенге, ал қалған 6 елді мекенге 2025 жылы заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттер соғу жоспарланған. Келтемашат фельдшерлік акушерлік пунктінің аумағы — 20 соттық. Құрылысы өткен жылдан өтпелі болып, биыл аяқталып отыр. Орталық 20 адам қабылдауға шақталған. Іші қажетті заманауи құралмен толық жабдықталған.
Сайрам ауданында да Конституция күні қарсаңында бірқатар нысан ашылды. Мерекеге орай ауданда заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов қатысып, өскелең ұрпақты ептілік пен төзімділікке тәрбиелеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруда жаңа спорт нысандарының маңызы зор екенін атап өтті. Манкент ауылында орналасқан спорт кешенінде 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы нысан құрылысына 450 млн. теңге жұмсалған. Оның 65 % кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен болса, қалған 35 % «Jusan» банкінен несие көздерінен. Аталған ғимараттың құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, кіші футбол, гимнастика, жүзу, бокс және үстел теннисі сияқты спорт түріне баулуға барлық жағдай жасалған, қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталған.
Сондай-ақ Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде Спорт сарайы пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов, бокстан Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, аудан тумасы Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов және аудан тұрғындары қатысты. Жаңа спорт сарайы екі қабаттан тұрады. Ғимаратта 2 үлкен спорт залы және жаттығу залы, сабақ өтуге арналған арнайы залдар бар. Бірінші қабаттағы спорт залында спорттың гандбол, баскетбол, волейбол түрлері дамытылады. Ал екінші спорт залында күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.
Мереке қарсаңында Кентау қаласы Қарнақ ауылында жаңа мектептің лентасы қиылды. Мектептің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Жандос Тасов ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, лентасын қиды.Аталмыш мектеп жекеменшік болғанымен, балалар ақысыз білім алатын болады. Мектеп құрылысы 2023 жылдың ақпан айында басталған. Құрылыс жүргізуші «Urker» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жаңа мектептің аумағы 20 га қамтиды. Мектеп құрылысымен қатар жатақханасыда бой көтеруде. Қараша айынан бастап алыс аймақтан келіп оқитын балалар аталмыш жатақханаға жайғастырылады.Білім ошағы кең және жарық заманауи жиһаздармен, техникалармен жабдықталған. Мұнда оқушыларға сапалы білім саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалынған. 25-тей сынып бөлмесі, 150 орындық акт залы, 200 орындық асханасы, соңғы үлгіде жабдықталған пән бөлмелері, спорт залы, кітапханасы бар. Онда оқушылар бір ауысымда оқитын болады. Алыстан келетін ауыл балалар үшін тасымал ұйымдастырылады. Бір рет тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Мектеп аумағынан балалар ойын алаңшалары, спорт алаңшалары бой көтеріп, бау-бақша орналастырылуда. Сапалы білім беру жолында мектепте 60-қа жуық ұстаз және көмекші кадрлар жұмыспен қамтылмақ. Мектеп аумағынан заманауи балабақша және жазғы сауықтыру лагерінің құрылысы бастау алды. Сондай-ақ Кентау қаласында соңғы үлгіде салынған «Grant high school» мектебінің лентасы қиылды. 2 қабатты ғимаратта орналасқан мектеп сыйымдылығы 250 орынға арналған. Бүгінде, мектепке 10-11 сынып оқитын 220 оқушы қабылданған. Жаңа білім ордасында әр оқушының таңдаған бағытына қарай пәндері тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ мемлекеттік стандарты толықтай қамтыған оқу ордасында балаға түске дейін белгіленген кесте бойынша сабақ оқытылса, түстен кейін мамандыққа бейімделген білім беру жүйесі бойынша сабақ жүргізіледі.
Конституция күніне орай Келес ауданындағы Жамбыл ауылында 150 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысты. Аудан басшысы жаңа ғимаратты аралап көріп, оның жоспарлы жұмысымен танысты. Ғимараттың құрылысы былтыр басталып, қазіргі таңда жұмыстар толығымен аяқталған. Зәулім ғимаратта түрлі үйірмелермен қатар кітапхана жұмыс істейтін болады. Ал Шардара ауданындағы Ақшеңгелді ауылы, Егізқұм елді мекенінен әлеуметтік дүкен ашылды. «Алиасқар» деген атаумен ашылған әлеуметтік дүкендегі азық-түлік бағасы нарықтан 15-20 пайыз төмен сатылады. Кәсіптік нысанның ашылуына Ақшеңгелді округінің әкімі Ордабай Сахов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Ауыл әкімі әлеуметтік дүкенде ауыл тұрғындарының күнделікті тұтынатын азық-түріктері сатылатын болғандықтан халық үшін өте тиімді әрі, үлкен жеңіл екендігін жеткізіп, кәсіпкерге алғыс білдірді. Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауыл округіне қарасты Жаңажол елді мекенінде «Адель» балабақшасы ашылып, мереке қарсаңында ел игілігіне табысталды. Аталған балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудан әкімі орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Аудан әкімі нысанның бой көтеруіне себепкер болған кәсіпкерлерге ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хаттар табыстады.