Нашақорлық – адамзаттың қас жауы. Бүгінде дүние жүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде. Елімізде де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуде. Осы орайда ҚР Бас Прокуратурасы және Облыс прокурорының тапсырмасына сәйкес, Кентау қаласы прокуроры А.Абдрешовтың төрағалығымен, қала әкімінің орынбасары А.Байболованың қатысуымен «Жастар есірткіге қарсы» атты қала жастарымен кездесу өткізілді.
Аталған жиынға бөлім басшылары, емхана қызметкерлері, полиция бөлімінің қызметкерлері, ауыл әкімдері мен қаланың 14-35 жас аралығындағы жастары қатысты.
Кездесу барысында қала аумағында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жоспары бойынша қоғамда есірткіге қарсы мінез-құлықты қалыптастыру және оның заңсыз айналымын алдын-алу, құқық бұзушылық профилактикасы мен жастар арасындағы есірткі қылмысына қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмауға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аталған іс-шара алдағы уақытта қала жастарына түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында жалғасын табатын болады.
— Есірткі – адамның өміріне жақсылық әкелмейтінін сіздер жақсы білесіздер. Барлық адамдар басында есірткі қабылдауды қызығушылықпен бастайды. Кейіннен, соған тәуелді болып қалады. Ал тәуелділіктің арты қайда апаратындығы баршамызға мәлім. Сондықтан жастар, өздеріңізді Қазақстанның болашағы екендіктеріңізді сезіне отырып, нашақорлыққа қарсы күресуіміз керек. Сонымен қатар, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты Қазақстанның өркендеуіне үлес қосуымыз керек, – деп жастарды спортпен шұғылдануға шақырды Кентау қаласы прокуроры А.Абдрешов.
Ал есірткінің адамның ағзасына тигізер кері әсері жөнінде баяндама жасаған нарколог-дәрігер нашақорлық – адамзаттың түбіне жететіндігін айтты. Сөзіне сүйенсек, барлық есірткілер ауруды басатын әсері болғандықтан, есірткі қызметі аяқталған соң адам ауруды тым сезгіш болады. Мысалы, апиындар жөтел орталығын тұншықтырады, сондықтан есеңгіреу жағдайынан шыққан адам жөтел ұстамасына ұшырайды. Сондай-ақ, ағзадан есірткіге қарсы шығарылған гормондар қанағаттану орталығының қызметін тұншықтырады, адам төзгісіз ауруды сезінеді. Есірткінің осындай зияндарын жеткізген нарколог-дәрігер қатысушыларға нашақорлардың арбауына түсіп қалмауын ескертті.
Шара соңында қатысушы жастар нашақорлық пен есірткі саудасына байланысты өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды.



