Бала біздің болашағымыз. Болашағымыздан үлкен үміт күтеміз. Әйтсе де, үлкен үміт күткен балалар арасында қылмыстың ушығып, олардың жүректерінің қарайып кетуіне не себеп? Бұл сауал баршамызды мазалайтыны анық. Мектеп жасындағы жасөспірім оқушылардың қылмыс жасауына қандай себеп? Оларды мұндай іске итермелейтін нендей тылсым күш. Жасөспірімдер қылмысы қоғамдағы өткір әрі көкейкесті мәселе екені белгілі. Мамандар балалар қылмысын азайтуға қанша тырысса да, жасөспірімдер айналып өзге балалардың жасаған қылмысын қайталауда. Бұл жасөспірімдер арасында мақтаныш па? Әлде қылмысқа баланың қоршаған ортасы әсер етеді ме? Көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап іздеп әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргізіп, журналисттік зерттеу жасадық.
Әлеуметтік желі арқылы жүргізген сауалнамаға жауап бергендердің сексен пайызы «жасөспірімдер арасындағы қылмыстың орын алуына ата мен ананы кінәлі деп тапса, ал қалғандары мектеп мұғалімдері мен баланың араласатын ортасының кері әсері» деген тұжырымға келіп отыр. Қарап отырсақ, қылмысқа баратын әрбір баланың араласатын достары, азғырушылары, қылмыс жасауға итермелейтін сыртқы күш те болады. Сонда баланың осындай топқа түсіп қалмауы үшін біз не істеуіміз керек? Қоғам болып не жасауымыз қажет? Мемлекет қандай шара қолдануы керек? Бір қынжылтатыны, жыл өткен сайын қылмыс әлемі жасарып келеді.
Ересек адамдардың жасаған қылмысын, бала да жасай беретін болды. Бала кезінен осындай теріс жолға түскен жасөспірім, өскенде түзеліп кетуіне кім кепіл?! Қылмыс жасап сотталған баланың, ертеңгі тағдыры қалай болмақ? Темір торда отырып жазасын өтеп шыққан балаға «қылмыскер» деп саусағын шошайтып көрсететіндер де кездеседі. Әр баланың психикасы әртүрлі болады. Біреуі бұл сынға шыдаса, енді бірі шыдай алмай өзіне қол жұмсайды. Қарап отырсақ, сан мыңдаған тағдырда, есебі жоқ мәселелер кездеседі. Сонымен қатар, ақпараттық заманда жасөспірімдердің әлі қалыптасып үлгермеген психикасына зорлық-зомбылыққа толы фильмдер, ойындар, түрлі ақпараттар әсер етіп отырғанын мамандар айтып дабыл қағуда. Ал, психолог мамандарының сөзіне сүйенсек, «қылмыс» сөзінің астарында көп себеп бар екен. Атап айтар болсақ, жасөспірімдер қылмысқа кек алу, өшпенділік, есе қайтару, өзге балаларға еліктеу, табыс табу үшін, сонымен қатар, абайсызда жасалатын қылмыстар да болады. Жаңалықтар мен ғаламторда жасөспірімдердің жасаған қылмысын көріп жағаңды ұстайсың. Бесіктен белі шықпаған балалар қылмысқа қалай барды дерсіз? Әлде, қоғам мен ата-ана, мектеп, мұғалімдері, жасөспірімдер инспекторлары баланың тәрбиесіне жіті мән бермей ме? Әрбір баланың тәрбиесі де, өмір сүру қағидасы да әртүрлі екені анық. «Тоқ бала, аш баламен ойнамайды» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Балалардың бірінің тұрмыстық жағдайы жақсы болса, екіншісінің жағдайы төмен болады. Осындай әлеументтік теңсіздік баланың санасына, мінезіне, тағдырына әсер етеді. Бала айналасындағы достарына қарап еліктеп өседі. Қасындағы достарының бірі қымбат ұялы телофон ұстап жүрсе, оны алуға мүмкіндігі жоқ баланың көңілі қалай құлазымасын? Қалтасы қалың әке мен шеше перзентінің еркелігін орындап, тұрмысы төмен отбасынан шыққан баланы қылмысқа итермелейтінен бейхабар екені анық. Қатарына еліктеген бала көздеген мақсатына жету үшін ұрлыққа немесе әлімжеттік жасап өзгенің мүлкін иемденуге тырысатыны белгілі.
Түркістан қалалық емханасының психологі Бағила Бимендиеваның айтуынша қазіргі уақытта балалар арасындағы қылмыс ең өзкеті мәселелердің бірі болып отыр.
«Олар әртүрлі қылмыстың түрін жасайды. Атап айтар болсақ, вандилизм, қатыгездік, ұрлық, тонау, қарақшылық, ұлтшылдық пропагандасы, зорлық-зомбылық, қоғамдық орындарда психотроптық немесе алкогольдік ішімдіктің әсерінің салдарынан қылмыс орын алуы мүмкін. Мұның салдары бала тәрбиесіне аса қатты мән бергенімізде. «Бала тәрбиесі бесіктен» демекші ең бірінші баланың отбасындағы тәрбиесіне аса қатты мән берген дұрыс. Бала тәрбиесіне кері әсер ететін жағдайлар, біріншіден ата-ананың бала тәрбиесіне деген немқұрайлылығы, алкогольдік ішімдікке бейімділіктері, үлкендердің тарапынан көрсетілетін қысым, материалдық тапшылық және тағыда басқа әрекеттер әсер етеді. Ал, екіншіден ақпарат құралдарында көрсетілетін жан тұршігерлік оқиғалар, сонымен қатар балаларға әлеуметтік желі және баланың араласатын ортасы, достары да әсер етеді. Сол үшін баланың бос уақытында немен шұғылданып, кімдермен араласытына жіті мән берген дұрыс. Балалар арасында қылмыстың алдын алу және жол бермеу үшін бала тәрбиесін біз өзімізден бастауымыз керек. Ересек адамдар құқық бұзбай заңға бағынып, заңға қайшы келген адамның қандай қателікке ұшырайтынын баланың құлағына құйып отырған абзал. Балалар өте сезімтал және оларға әсер ету оңай болғандықтан, оларға тұлға ретінде қарауымыз керек. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзін негізге ала отырып, жастарға сеніп, олардың бір тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп, өзіміз үлгі көрсетуіміз қажет», — деді Бағила Рахманбердіқызыі.
Мамандардың айтқан пікірлері рас. Қазіргі заманда ата мен ана жұмыс басты болып, балаларының тәрбиесіне қарауға мүмкіндігі де болмайды. Балалардың ермегі ұялы телефон. Ғаламторды қарап отырып, әртүрлі және анайы қылмысқа толы фильмдерді көреді. Еріккен бала ғаламтордан көргенін жасайтыны анық. Немесе, көшеге шығып өзі секілді бос сенделіп жүрген балаларға қосылып ақшасы болса ойын залға барып, қалтасында қаржысы таусылса ұрлыққа барады. Достарынан қалмауға тырысып, қатарының алдында абыройлы болуы үшін қандай қылмысқа болса да барары анық. Сөйтіп, сол топтың айтқанымен жүруіне тура келеді. Көше заңы қатал екенін бала қайдан білсін?! Себебі, ол әлсіздерге жеңілдік жасамасы анық. Баланы көше мен қоршаған орта тәрбиелейді. Түске дейін мектепке барып, түстен кейін өз еркі өзінде болады. Аяғын шалыс басып қылмыс жасаған бала заң алдында жауап береді. Сөйтіп, жастайынан қылмыскер атанатын балалар да аз емес. Совет Үкіметі кезеңінде балалар аулада ойнайтын. Әртүрлі әрі қызықты ойын ойнаған баланың ойына қылмыс кіріп те шықпайды. Ал, қазір ондай ойындарды балалар ойнамайды. Жасөспірімдердің уақытының басым бөлігі мектепте өтеді. Осы білім ордасында не болмай жатыр десеңізші?! Оқушылар арасында төбелес те, мұғалімдер мен ата-ана арасында түсінпеушілік те орын алуда. Оқушылардың бірін-бірі пышақтап, тапа-талтүсте оқ жаудыруы жантүршігерлік оқиға да орын алуда. Кәмелетке толмағандардың қолына суық қару қайдан түсті деген сұрақ туындайды? Жасөспірімдердің тәрбиесіне жауапты полиция инспекторы қайда қарап жүр деген сауал туындауы да мүмкін? Ал, осы бір полиция инспекторының қарамағында қанша бала бар? Бір инспектор мыңдаған балаға қалай жауап бермек? Жасөспірімдер қылмысына тосқауыл болатын мамандардың санын көбейткеніміз дұрыс болмайды ма? Бір мектепке жалғыз инспектор жете ме? Бұл маманның назарынан тыс қаншама қылмыс жасалуы мүмкін. Мыңдаған оқушыны инспектор күндіз-түні күзетсе де, бақылауында ұстай алмасы белгілі. Дегенмен де, инспектордың мектеп өміріне араласқаны біраз қылмыстың алдын алатыны анық. Ал, мектеп оқушыларының ата-анасының пікірінше баланың тәрибесіне мектеп мұғалімі, психолог және испектор мамандары жауапты дегенді алға тартады. Кейбір ата-аналар «бала тәрбиесі отбасынан» басталатынын естен шығарып алғандай.
Әсіресе, Алматы, Ақтөбе, Түркістан облыстарында қылмыс жиі тіркеледі. Дегенмен де, кейбір қылмыстың саны жылдан жылға азайып келеді. Түркістан облысы Кентау қаласы бойынша 2023 жылдың 7 ай көлемінде кәмлетке толмағандардың қатысуымен орын алған 4 қылмыс дерегі тіркелген. Сонымен қатар, Кентау қаласы ПБ ЖПҚ ЮПТ аға УПИ полиция капитаны Нұрдәулет Парменовтың сөзіне қарағанда Кентау қаласында өткен жылы кәмлетке толмағандарға қатысты 4 қылмыс орын алса, ал биылғы жылы 4 қылмыс дерегі тіркелген.
— Ал кәмелеттік жасқа толмағандардың өз-өзіне қол салуының 2 дерегі орын алған. Бірі Кентау гуманитарлық техникалық колледжінің студенті болса, екіншісі медецина колледжінің студеті. Қазіргі таңда орын алған осы екі дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Кентау қаласы аумағында 2023 жылдың 7 ай көлемінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, олардың жыныстық тиспеушілігіне қол сұғушылық, қорқытып алушылық қылмыстарының алдын алу мақсатында жыл басынан мүдделі мемлекеттік органдардың, мемелкеттік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қатыстыра отырып, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Атқарылған іс-шара барысында барлық білім беру ұйымдарында кәмлетке толмағандарға құқықтық тақырыптарда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, олардың ата-аналарымен кездесулер жүргізілді. Сонымен қатар, Кентау қаласының ПБ ғимаратына және уақытша ұстау изоляторын аралатып көрсетіп, оқушыларға қылмыс пен құқықбұзушылық кодекстері туралы мәліметтер беріп, оның келтіретін зардаптары да түсіндірілді. Сондай-ақ, Кентау қаласы ПБ ЖПҚ ЮПТ қызметкерлерімен күнделікті кәмлетке толмағандардың қылмысының алдын алу мақсатында жүргізілген профилактика барысында күндізгі және түнгі мезгілдерде көшелер мен ойын сауық орындарындарында рейдтік іс-шаралар жүргізіп тұрамыз. Аталған шара барысында Кентау қаласы ПБ-не түнгі мезгілдерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде 207 жасөспірім, ойын-сауық орындарында заңды өкілінсіз жүрген 13 жасөспірімнің жүргені анықталып, олардың ата-аналарына әкімшілік шара тағайындалды. Балаларының тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамай баласының қылмыс жасауына жол береген 3 ата-анаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып сотпен 20 АЕК мөлшерінде айппұл салынды. Осындай іс-шаралар нәтижесінде түнгі мезгілдерде ойын-сауық орындарында кәмлетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз кіруіне рұқсат берген 4 ойын-сауық орнының әкімшілігіне және кәмлетке толмағандарға темекі өнімін сатқан 3 дүкен сатушысына 15 АЕК мөлшерінде айппұл салынды. Тағы бір айта өтетін жайт, Кентау қаласы ПБ ЖПҚ ЮПТ-ның профилактикалық есебіне құқықбұзушылыққа бейім 35 жасөспірім және 23 жайсыз отбасы полиция бөлімінің есебіне алынып, олармен бақылау жұмыстары жасалуда. Кентау қаласы әкімдігі жанындағы кәмлетке толмағандар құқықтарын қорғау комиссиясы отырысында әлеуметтік жағдайына байланысты 6 отбасыға қатысты құжаттар толтырылып, олардың тәрбиеленіп отырған 14 кәмелетке толмаған балары Сайрам ауданында орналасқан «қиын жағдайға душар болған баларды оңалту орталығына» орналастырылды. Сонымен қатар, есепте тұратын жасөспірімдер мен күрделі отбасында тәрбиеленіп отырған кәмлетке толмағандар туралы мәлметтер, олардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қалалық және білім беру бөліміне жолданды. Қазіргі таңда оқушылардың жазғы демалыс кезінде бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында және құқықбұзушылықтың алдын-алу барысында барлық білім беру бөлімдерінде ата-аналармен және оқушылармен кездесулер өткізіліп, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шаралар қабылдануда, – деді полиция капитаны Нұрдәулет Парманов.
Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстанда жасалатын қылмыстардың 57 пайызын 9-16 жас аралығындағы балалар жасайды екен. Қылмыстың басым көпшілігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, өзгенің мүлкін заңсыз пайдалану болып табылады. Яғни, жасалған қылмыстың 53 пайызын ұрлық, тонау 10 пайызды, қарақшылық шабуыл 15 пайызды құрайды. Қылмысқа баратын жасөспірімдердің басым бөлігі жағдайы төмен отбасынан шыққандар. Атап айтар болсақ, бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалардың қылмысына себеп болып отырғандай. Әр балаға өзінің ата-анасы тарапынан көп көңіл бөлінсе, балар қылмысы да азаяр еді. Балаға отбасындағы келеңсіз жағдайлар да әсерін тигізбей қоймайды. Маскүнемдікке салынған әке мен шешенің баласы қандай өмірге тап болады дерсіз?
Сөзімді түйіндей келе, бала тәрбиесі ананың құрсағынан басталады. Бала тәрбиесі отбасының жылылығына саяды. Отбасындағы тәрбие ұлағатты істің бірі. Ал, осы ұлағатты ұғындыру ең алдымен ата мен ананың міндеті. Осы міндетті естен шығарып алып жүргендердің салдарынан қаншама жасөспірімнің тағдыры шыныдай шытынап кетті. Турасына келгенде, біз осы ұлағат ұғымды дұрыс ұғына алмай жүргендейміз.
«Менің балама сөйледі» деп мұғалімді жерден алып, жерге саламыз. Ата мен ананың балаға қарап сөйлемегені, бетінен қақпағанын көрген жасөспірім не істемейді десеңізші. Сондықтан, әрбір ата-ана өзінің мектеп қабырғасында жүргенде «апай, полиция» деген мамандарды қалай құрметтегенін, балаларына да түсіндірсе. Қылмыстың соңы орны толмас өкінішке алып келіп соқтырасын ұғындырса нұр үстіне нұр болар еді. Ал, біздің газетіміздің қалың оқырманы қалай ойлайды?