Кентау қаласына қарасты ауылдық жердерде соңғы жылдары атакәсіптен бөлек, егіншілікпен шұғылданып, бау-бақша өсірумен айналысу бағытындағы қадамдар байқалады. Жыл санап бау-бақша өсіруге құлықты жекелеген тұрғындар мен шаруашылықтардың саны артып келеді. Сондай шаруагерлердің санатындағы Қарнақ ауылдық округіне қарасты «Мырза» шаруа қожалығының жетекшісі Ануар Мырзаев 25 жылдан бері бау-бақша өсіруді кәсіп қылған. . Өзінің мамандығы — агроном. Ол кейіннен балықшылыққа бет бұрып, оны қосалқы шаруашылық ретінде дамытып келеді.
Қарнақ көлшігінің бойын жайлаған шаруагер өзі отырған үйінің аумағындағы жерді қоршап, бақ өсіріпті. Шаруақожалық иесі Ануар Мырзаев 25 жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысып келеді. Өзінің мамандығы — агроном. Бау-бақшада алманың 20 түрі, өріктің 10 түрі, шабдалының 12 түрі, алмұрттың 6 түрі, черешняның 2 түрі, қара өріктің 5 түрі, жүзімнің 5 түрі, анар жемістері отырғызылған. Көкөністен картоп, пияз өсіріп, барлығын сатылымға шығарады. Сонымен қатар, раушан гүлінің бірнеше түрі мен шырша талдарының ерекше сұрыптары бар. Жалпы, 8 гектарды алып жатқан шаруақожалықтың 1,5 гектарында балық шаруашылығы қолға алынған. Қазіргі таңда, көлшіктерге балықтың шабақтары жіберілген.
Рас, бағбан болу да оңай жұмыс емес. Қазіргі таңда ауылдан өз ісін жетік меңгерген бағбан табу қиын. Өкініштісі, өз iсiнiң хас шеберi болатындай бағбан аз, тіпті жоқтың қасы. Неге десеңiз, бақ баптауды кәсiп, мамандық дәрежесiне көтере алмай келеміз. Біздің бағбанды бағалауымыз төмен. «Ерiнбеген етiкшi болады» деп ата-абабамыз бекер айтпаса керек. Бiздiң бағбан деп жүргенiмiздiң көбi жұмыстың жоқтығынан амалсыз бағбан болғандар немесе зейнет жасындағылар. Ал Францияда бағбан болып кiлең жас қыз-жiгiттер жұмыс iстейдi екен. Өйткенi онда ең бағалы, құрметтi мамандық осы – бағбаншылық. Еңбекақысы да басқалардан жоғары. Бiз де бағбандықты сондай дәрежеге жеткiзсек, қаншама жасты жұмыспен қамтамасыз етіп, жерімізді әлдеқашан-ақ жасыл желекке көмкеруші едік.
Ануар Мырзаев бау-бақша ісін нарықтық қоғамда нан табу үшін емес, қызығушылық пен табиғатқа деген жанашырлықтан бастаған жанның бірі. Бала күнінен үлкендердің жанында жүріп, бау-бақша егудің қыр-сырына қанығып өскен Ануар Мырзаев, үй іргесіндегі сегіз гектар жерді тиімді пайдаланып отыр. Оның үй іргелік бақшасынан жеміс-жидектермен өқатар картоп, сарымсақ, қияр, қызанақ, сәбіз, қызылша, жүгері, асқабақ, қырыққабат, болгар бұрышы сияқты көкөністерді де кезіктіруге болады. Барлығы да жайқалып, өз жемісін беруде. Қазір бақташы, ауыл тұрғындарына картопты және басқа да бақша дақылдарын қолжетімді бағада ұсынып отыр.
— Алдағы мақсатым — балық шаруашылығының маңайына демалыс аймақтар салу. Арнайы көшет талдарын егуге арналған жерімді кеңейту. Еңбек бар жерде береке болады. Әр адам өз ауласын бақшаға айналдырып өнім алуға мүмкіндіктері бар. Мен тіпті кеңес беруге де әзірмін, — дейді Ануар Мырзаев.
Айта кету керек, бақташының бұл ісі жай ғана хоббиі екен. Яғни қызығушылығы. Алдағы уақытта тек үй ауласындағы жерге бақша егумен ғана шектелмей, бірнеше гектар жер сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуды жоспарға қойып отырған жайы бар.
– Қала дей бергеннен гөрі, бір мезгіл ауылдың жағдайын ойлағанымыз дұрыс. Қазіргі жастар еңбек етуден кашады. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүргенді қалайды. Бұл дұрыс емес. Берекенің барлығы еңбекпен келетіні белгілі. Өздеріңіз білетіндей, бос жатқан жерлерді игере білуіміз керек. Адалынан ырзық-несібе тапқанға не жетсін, мен өзім армандағаннан гөрі алға ұмтылып, жұмыс істегенді жақсы көремін. «Қимылдаған қыр асады» дейді ғой дана халқымыз. Ал, еңбек етсең ақын, жазушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, тілегеніміз алдымыздан, іздемей-ақ табылады деген сенімдемін. Істеген әрбір ісім адалынан болса деймін, – дейді Ануар Мырзаев.
Қарнақ ауылының бағбаны адал еңбектің наны тәтті екенін айтып, өнегелік танытып жүреді. «Жатқанға жан жуымас» деген қағиданы ұстанған бағбаншы 25 ауыл түрғынын жұмыспен қамтып отыр.
— Таңертең сағат алтыда тұрамын. Сөйтіп, күнделікті жұмысым бау-бақшаны тексеруден басталады. Ондағы мақсатым – жеміс-жидек ағаштарының сынғанын, құрт түскенін анықтау. Жеміс ағаштарының «жауы» құрт қой. Сол себепті, улау жұмыстарын уақытында жүргізіп тұрамын. Қарап тұрсаңыз, ауылда көп үйде алма ағаштары бар. Бірақ, көпшілігі оны күтіп-баптай бермейді. Құрт жеп, жапырақтары қураған ағаштарды көргенде жаным ауырады. Сондықтан, жүрген жерімде көршілерге, ағайын-туыстарға «әуелі ағаш отырғызыңдар, оны күтіндер, баптандар, қажет болса бау-бақшаны қалай баптауға кеңес те беремін» деп айтып жүремін – дейді Ануар Мырзаев.
Бақ өнімін отбасы игілігіне айналдырып, табиғат берген сыйдың қадірін ұғынуды балаларына айтып, ұрпағына ұлықтауды қарнақтық бағбан мақсат етіп отыр. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды өмірлік ұран еткен ағамыздың бау-бақшасы жайқалып өсіп келеді.
Бақтың тағы бір ерекшелігі – мұнда тамшылата суару технологиясының тиімділігн пайдалануда. Ол тамшылап суару жүйесінің арқасында құнары аз жерге де өнім егуге болатынын дәлелдеп көрсетті. Сондай-ақ, жер қыртысының құнарлы қабатын бүлдірмей, 1000 есеге дейін су үнемдеуге болады. Бұл тәсілді шаруа иесі технологияны таңдаулы әрі тиімді екенін тілге тиек етті.
— Бұйырса, осы алма бақты өсіріп, жылдан-жылға көбейтсек, жергілікті жерді өз өнімімізбен қамтамасыз етеміз. Сырттан келетін алмалардың орнын бассақ деген мақсатымыз бар, – дейді бағбан.
Бұл да аудан үшін үлкен жетістіктің бірі саналады. Сонымен қатар, балалардың жазғы демалысын тиімді де қызықты өтуін қадағалап еңбексүйгіштіке, төзімділікке тәрбиелеуде. Даналардан шыққан: «Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам» деген сөз бар. Сол сөз осы отбасына арнап айтылғандай. Бағбандықтың қыр-сырын жақсы меңгерген Ануар ағамыздан осы жемістің жайқалтып өсірудегі құпиясын сұрадық. Ешқандай құпиясы жоқ екендігін алға тартып, тек аянбай еңбек ету керек.
— Өйткені, жеміс-жидек егіп, одан бақ жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соның арқасында келешекте нәтижесін көресің. Өзім қол қусырып, жұмыссыздықты қолдан жасайтындарды ұнатпаймын, – дейді. Бүгінгі күн жалқаулықты көтермейді. Еңбек еткен берекелі болады. Осыншама еткен еңбектің, төккен тердің арқасында жайнаған бақтың өз жемісін көруде.
Ерекше сорттағы жеміс-жидектердің көшеттерін Ануар Мырзаев арнайы өзі егіп, әзірлейді. Тіпті жан-жақтан сатып алуға ұсыныс білдірушілер көп. Шыққан өнімдерін Кентаудан бөлек, Шымкент. Түркістан, Жезқазған, Қарағанды, Астана қалаларына жіберіп отырады.
Болашаққа құрған жоспарымызды орындауға біздің елімізде еш кедергі жоқ екендігі, өз жерінің қожайыны болғысы келген азаматтарға мемлекет беретін мүмкіндіктер жайында да сөз етті.
— Кейбірі зәулім үйде тұруды бақыт деп санайды. Ал, мен үшін бақыт дегеніңіз, өз қолыммен жайқалтқан бау-бақшам, оны аралап, рахатын сезінген балаларымның қуанышы деп білемін. Жер-ананың адамзатқа берері көп қой. Әрине, күтпесе, бақ өспейді, — дейді Ануар Мырзаев.
Міне, қарнақ ауылының тұрғыны Ануар ағамызздың еңбекке деген құлшынысы мол, қара жердің игілігін көріп отырған еңбекқор баңбанның ісі – көпге үлгі.
P.S. Иә, қол қусырып қарап отыру адамды мезі етеді. Ер азамат энергиясын шығармаса, терлеп жұмыс істемесе, сол сияқты өзі қалаған іспен айналыспаса ашуға бой алдырып, ауру шақырады. Азаннан қара кешке дейін осы бақ болмаса уақыт өтпейтіндей көрінеді Ануар ағаға. Ала жаздай баптаған бағынан береке тапқан Ануар Мырзаевтың еңбеккерлігіне тәнті болдық. Жан дүниесі табиғатпен үйлескен осындай азаматтарымыздың көп болғанына не жетсін, шіркін? Қоршаған ортаны құлай сүйген кейіпкеріміздің еңбекке деген құлшынысына тәнті болдық. Табиғат сырына қанық қарапайым ғана азаматтан үйренеріміз көп екен. Еңбек етуге талпынған адамды Жер-Ананың құралақан қалдырмайтынына біз осы арқылы тағы бір көз жеткіздік. Келешекте Ануар Мыраев һсірген жеміс-жидектер мен балығы экспортталып, елден елге жетіп жатса, Қарнақтың аты табиғи өнім арқылы шығып жатса, ол да бір ғанибет. Айтқан сөздеріміз болашақта көрініс тауып, ауыл экономикасы бақ өсіру ісімен де толығатынына сеніміз мол.