Түркістан облысының әкім Дархан Сатыбалды атап өткендей, Кентау қаласының даму әлеуеті өте зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған болатын. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілді. Бүгінде ол жерде 4 млрд. теңгенің 11 жобасы орналасқан, 270 жұмыс орны ашылған. 71 млрд. теңгеге 7 өндірісті іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Оның бюджеттің салық түсіміне оң әсер етері сөзсіз.
Жалпы Кентау қойнауы құт, қазба байлығы мол, қазыналы өңiр ғой. Сондықтан, мұның да қаланың әлеуметтік-экономикалық жағынан жылдан-жылға дамуына қосар үлесі орасан зор. Айталық, ағымдағы жылдың 6 айында өңірде өнеркәсіп кәсіпорындары 21611,6 млн.теңгеге өнімін өндіріп, (2022 жылы 6 айға 19376,6 млн. теңге) нақты көлем индексі 92,5 % құрады. Толығырақ айтар болсақ, Кентау қаласында 2020-2025 жылдары өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында жалпы құны 69,6 млрд. теңге болатын 3 жобаны іске қосып, соның негізінде 1343 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын.
Оның біріншісі — «ГРК «Металлинвест» ЖШС «Ансай кең орнының барит кендерінен барит концентратын өндіру» жобасы. Жоба құны – 11,6 млрд.теңге. Бұйыртса, жоба келер жылдан бастап іске қосылатын болады. Алдағы уақытта мұнда 343 адам жұмыс істейді деп күтілуде. Оған қазіргі таңда қала аумағынан 50 гектар жер телімі бөлінді.
Екіншісі, «КазОйлЭнерджи» ЖШС-і. Аталған серіктесік бұрынғы Кентау кен байыту фабрикасын қалпына келтіріп, өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша өндірісті іске қоспақ. Жоба құны – 24 млрд.теңге. бұл жоба да келер жылы іске асырылатын болады. Мұнда 600-ден астам адам жұмыс істейді деп көзделген. Сала мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі таңда инвестор тарапынан 11 млрд. теңгегеқажетті құрал-жабдықтар алынды. Кедендік рәсімдеу жұмыстары жүргізілді.
Үшіншісі, арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Джейлан Групп» ЖШС-і. Аталған серіктестік бұрынғы Кентау Экскаватор зауытының аумағында өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу жобасын іске асыру мақсатында бір ғимараттың ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жоба құны – 34 млрд.теңге. Бұйыртса, бұл жоба да келер жылы іске асырылып, серіктестікте 400 адам жұмысқа қабылданатын болады. Қазіргі таңда кәсіпорында 20-дан аса адам жұмыс істеуде. Мұнда арнайы техникалары мен қажетті құрал-жабдықтары әкелінген.
Айта кетейік, «Кентау» индустриалды аймағы 43 гектар аумақты алып жатыр. Бүгінде индустриалды аймақта құны 3,3 млрд.теңгені құрайтын, 250 жұмыс орнын қамтитын, 6 жоба іске асырылған. Алдағы уақытта тағы да 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. «Кентау» индустриалды аймағында орналасқан қосалқы трансформаторлық станциясы арқылы электр қуатын тұтынуы орта есеппен 3 МгВ/сағ. Мамандардың мәлімдеуінше, мұнда электр қуатын 6 МгВ/сағ. дейін тұтыну мүмкіндігі бар.Қазіргі таңда «Кентау индустриалды аймағында орналасқан 110/6 кВ қосалқы станциясын жаңғыртуға» ЖСҚ әзірлеуге 33,0 млн теңге қаржы бөлінді.Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде, 18 МгВ/сағ. дейін қуаттылығын арттыру көзделіп отыр.
Орайы келгенде жоғарыда айтып өткеніміздей, «Кентау» индустриалды аймағында іске асырылған 6 жоба жайлы да айта кетейік. Жалпы аталған 6 жобаның құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Онда 250 адам жұмыс істейді. «ЮгЭлектроПривод»ЖШС-і тоқ және кернеу ажыратқыштарын, айырғыштарын, өлшегіш трансформаторларын шығарумен айналысады. Жобаның құны — 828 млн.теңге. Аталмыш серіктестік 2015 жылы іске асырылған. Мұнда барлығы 50 адам жұмыспен қамтылған. «ЭлектроДеталь» ЖШС-і 35-110-220 трансформаторлар үшін металлқұрылымдар жасайтын және электрооқшаулар бөлшектерін шығарумен айналысады. Жобаның құны — 816 млн.теңге. Бұл серіктестік 2016 жылы іске асырылған. Онда 50 адам жұмыс істейді.
Ал, жеке кәсіпкер«Ауэзов» кислород өндіру цехының құны 45 млн.теңге. Цех 2020 жылы іске қосылып, 10 адам жұмысқа қабылданған. «Бесқасқа» ЖШС-і асфальт-бетон қоспасын өндеумен айналысады. Жобаның құны – 189,5 млн.теңге. Зауыт 2021 жылы іске қосылып, 20 адам жұмыспен қамтылған. Жеке кәсіпкер «Таженов» штукатурка торын шығару цехының құны 55 млн.теңге. Цех 2021 жылы іске қосылып, онда 10 адам еңбекке тартылған. «Сим-Тас» ЖШС-і керамзит кірпішін өндеп шығарады. Жобаның құны 600 млн.теңге. Зауытта 29 адам жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, «Кентау» индустриалды аймақта алдағы уақытта іске асырылады деп жоспарланып отырған 4 жоба жайлы да айта кетейік. Аталған 4 жобаның құны 791 млн. теңге. Нәтижесінде, 81 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Біріншісі, «МЖ-Алихан» ЖШС-і темірбетон бұйымдарын жасайтын зауытты іске қоспақ. Бұл жобаның құны 200 млн.теңгені құрайды. Зауытта 2024 жылы іске қосылғанда, онда 25 адам жұмысқа тартылатын болады.
Екіншісі, «Вereke Құрылыс Сервис» ЖШС-і жол битумдарын өндірумен айналсады. Жобаның құны — 360 млн.теңге. Зауыт 2025 жылы іске қосылса, мұнда 25 адам жұмысқа тартылады деп күтілуде. Үшіншісі, жеке кәсіпкер «Халтаев» темір тор, құрылыс блоктары және сәндік құрылыс қаптамасын жасаумен айналысатын зауыт. Бұл жобаның құны — 81 млн.теңге. Зауыт келер жылы іске қосылатын болады. Мұнда 19 жұмыс орны ашылады. Төртіншісі, жеке кәсіпкер «Data farming» темір тор, құрылыс блоктары мен сәндік құрылыс қаптамасын шығаратын зауыт. Жобаның құны — 81 млн.теңге. Жоба 2025 жылы іске асырылғанда мұнда 19 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Айта кетейік, облыс әкімдігі жанынан индустриалды аймақтарды дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған болатын. Түркістан облысы аумағында тоғыз индустриалды аймақ бар. Олар Кентау, Түркістан қалалары мен Шардара, Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Созақ, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында орналасқан.
«Облыстағы индустриалды аймақтардың жалпы аумағы 538 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда ол аймақтарда 3092 жұмыс орнын құрайтын 44,4 млрд. теңгенің 63 жобасы жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде құны 34,169 млрд. теңгені құрайтын 44 жоба іске асырылып, 2496 жұмыс орны ашылған. Тағы 13 жоба жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 972 адамды жұмыспен қамтитын, 74,4 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда» деді «Түркістан» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» ЖШС-інің бас директоры Қанат Ұзақбайұлы.