ҚР Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, былтыр елімізде тіркелген интернет-алаяқтық қылмысы 20 мыңнан асып-жығылған. Өкінішке қарай, құзіретті органдар осыншама қылмыстың 3 мыңға жуығын ғана аша алыпты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ғаламтор арқылы алаяқтық әрекетке баратындарды қолға түсіру қиын.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин телефон арқылы алаяқтық жасайтындармен күрестің қалай жүріп жатқанын былайша баяндаған болатын. Оның айтуынша, қазір ұялы байланыс операторлары алаяқтарды анықтауды үйреніп, бір-бірімен жалпы ақпарат алмасуды күшейту бағытында тиісті интеграцияны іске асыруда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде алаяқтардың нөмірлері анықталып, бұғатталуда. Әрине, бұл жұмыстар қылмыстың біртіндеп азаюына септігін тигізіп жатыр. Дегенмен, алаяқтардың телефон нөмірлерін пайдалану және оларды шетелге шығару мүмкіндігі әлі де бар. Сондықтан, тиісті министрлік телефон арқылы алаяқтық жасап, тұрғындардың атынан несие алатындармен күресуді одан әрі ойластыруда.
Екінші деңгейдегі банктердің деректеріне сүйенсек, былтыр қарыздар бойынша алаяқтық операциялардың саны 4,2 есеге артып, 8,1 млрд теңге сомасына 5,2 мың жалған кредит рәсімделген. Көбінесе қаржылық алаяқтардың құрығына зейнеткерлер мен жастар түсіп қалады екен. «Алаяқтар оларды алдау үшін ескі және жаңа алаяқтық әдістерін қолданады», — дейді құқық қорғаушылар.
Айталық, алаяқтар қарт адамдарға банктен қоңырау шалып отырғанын айтып, алдауға көшеді. Кредит алуға өтініш берген-бермегенін нақтылайды. Егер де несие алуға өтініш берген болса, онда алаяқтар олардың атынан кредит алуға тырысады және шұғыл шаралар қабылдайды. Банктің нұсқауларын орындауға көшеді. Ол үшін олар әлеуетті құрбандарға деректерін орнатуды және қорғауды қажет ететін қосымшаға сілтеме жібереді. Бағдарламаны жүктегеннен кейін телефонға SMS-хабарлама немесе электрондық пошта арқылы хабарлама келеді. Содан соң банктің жалған қызметкері кодты атауды сұрайды және бұл ақшаны алаяқ айтқан басқа шотқа аудару керек екенін жеткізеді.
Алаяқтар әрқашан сенімді, мұқият тыңдайды, құрметпен сөйлеседі, егжей-тегжейлі түсіндіреді, сөзсіз сенім тудырады, көмектесуге дайын және осылайша егде жастағы адамдар туралы айтпағанның өзінде тіпті қаржылық сауатты адамды да адастыруы мүмкін. Алаяқтар барлық қол жетімді әдістерді белсенді қолданады. Өз тәжірибелерінде олар психологиялық, эмоционалдық тәсілдерді, әлеуметтік инженерияны және IT технологияларды қолданады. Олардың көмегімен азаматтардың конфиденциалды ақпараты мен дербес деректеріне қол жеткізе алады.
Ескере жүріңіз, енді бір алаяқтар өздерін заңға қызмет еткен адамдармыз деп таныстырады. Сіздің танысыңыз, досыңыз немесе туысыңыз қиындыққа тап болғанын хабарлайды. Мысалы: «ол адамды қағып кетті», «ауруханада жатыр» деген сыңайлы суық хабарларды жеткізеді. Немесе «заңның белгілі бір бабы бойынша алаяқтық жасады деп айыпталуда» дейді. «Қылмыс» десе кімнің болса да денесі дір етіп тітіркеніп, бойын қорқыныш билейді ғой. Сондықтан, олар мәселені шұғыл шешу үшін кез келген соманы ұсынады. Және тұтқаның арғы жағындағы адам оны тез арада төлеуге тырысады. Өкінішке қарай, мұндай алдаудың да құрбандары жақын адамына көмектесу үшін бәрін жасауға дайын қарт адамдар болып табылады.
Ал, енді «Неліктен аға буын өкілдері олардың құрбанына айналады?» деген сұраққа келейік. Егде жастағы адамдарды алдау оңай. Өйткені, олар оңай басқарылатын, жаңылыстырылатын адамдар санатына жатады. Әрі заманауи технологияларды жақсы білмейді. Интернеттегі немесе мобильді банкингтегі ақпаратты тексере алмайды. Сондықтан, зейнеткерлер көбінесе алаяқтардың құрбанына айналады. Төлем карталарын пайдалануға дағдыланбаған егде жастағы адамдар өздерінің жеке мәліметтерін алаяқтарға оңай бере алады.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қарттарға бірегей, ұзын құпия сөздерді ойлап табуға және жазуға көмектесу керек. Оларды қандай жағдай болмасын бөлісуге болмайтынын түсіндіру керек. Ата-анаңызға, ата-әжелеріңізге, көршілеріңізге бұл конфиденциалды мәліметтер тек алаяқтарға қажет екенін түсіндіріңіз. Бейтаныс адамдарға, тіпті олар өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе мемлекеттік әлеуметтік қызметкерлер ретінде таныстырса да, оларға сөзсіз сенуге болмайтынын айтыңыз.
Қазір алаяқтық жолмен оңай олжаға кенелуді ойлайтындар көп екенін айттық. Нақты статистикалық деректерге сүйенер болсақ, соңғы 5 жыл ішінде оның саны 40 есе өсіпті.
ҚР Ішкі істер министрлігі мұнымен күресу үшін Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде «CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық полиция басқармасының Криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.
«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Сондай-ақ, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 факт интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.
«Қоғамымызда интернет алаяқтарының көбеюінің бірден-бір себебі халықтың қаржылық, құқықтық және компьютерлік сауатсыздығынан болуда», — дейді құқық қорғаушылар.