Мобильді банкинг арқылы қолма-қол ақшаны жылдам аудару әрбір адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мобильді қосымшада алушының нөмірін терсеңіз жеткілікті, ақша алушының шотына аударылады. Алайда, аударым кезінде сіз ұялы телефон нөмірін немесе карта, шот деректемелерін қате жібердіңіз және сома мүлдем бейтаныс адамға кетті делік. Мұндай жағдайда сіз онымен төлемді қайтару туралы келісе алсаңыз жақсы. Ал егер олай болмаса? Тіпті, керісінше, сіздің шотыңызға қаражат түсіп, бірақ сіз жіберушінің кім екенін білмейтін жағдайлар да кездеседі.
Мәселен, Сіз телефон нөмірі бойынша жедел төлем жасап, цифрдан қателесіп қалдыңыз. Сөйтіп, ақша бөтен біреудің картасына барып түсті. Мұндайда ақшаны қайтару қиын. Алушымен хабарласып, қате аударым жасағаныңызды түсіндіріп көріңіз, түскен соманы қайтаруды сұраңыз. Ол адам сізге сенуі және алаяқ ретінде қабылдамауы үшін шотты тексеруді ұсыныңыз. Алушы сіздің жағдайыңызды түсініп, содан кейін ақшаны кері аударыммен қайтаруы мүмкін. Ал, бас тартқан кезде сотқа жүгініп, ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз бере аласыз. Себебі қолданыстағы заңнамада ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес бұл әрекет «негізсіз баю» ретінде қаралады. Сондай-ақ, сіз ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз.
Егер сіз карточканың немесе шоттың дұрыс емес нөмірі бойынша ақшаны қате жіберген болсаңыз, банкке хабарласып, бәрін түсіндіріп, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатындығын білуіңіз керек. Сонымен қатар, мұндай жағдайда банк төлемді біржақты түрде кері қайтара алмайды. Әрбір банктің осындай мәселелерді шешудің өз рәсімі бар. Көбінесе, егер аударым дұрыс емес банктік шотқа сәтті жіберілсе, ақшаны алушының келісімімен ғана қайтаруға болады.
Ақша аудару процесі жүріп жатқан болса, операцияны болдырмауға болады. Егер сіз қате жіберіп, жоқ банктік деректерді көрсетсеңіз, төлем жасалмайды және ақша автоматты түрде қайтарылады.
Ал, енді керісінше біреу қателесіп Сізге ақша аударған болса, аударымды қате жіберген адамды тауып, оған ақшаны қайтару үшін өз уақытыңызды жұмсауға міндетті емессіз. Алайда бұл ақшаны жіберушіге қайта аударған жөн, өйткені ол кез келген уақытта сізді сотқа беруі мүмкін. Бірақ, алдымен ақшаның расымен де шотыңызда жатқандығына,мұның қаржылық алаяқтардың амалы емес екендігіне көз жеткізіп алуыңыз керек.
Сондай-ақ, бұл ақша сізге тиесілі және олар сіздің шотыңызға қаражат аударған көздерден түскен болуы мүмкін. Мысалы, сіздің борышкеріңіз ақшаны қайтарды немесе компания қайта есептеуді жасады. Әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Бұл жалған емес, қате аударым екеніне көз жеткізіңіз.
Қаскөйлердің банктердің және басқа да қаржылық ұйымдардың атынан сіздің шотыңызға қандай да бір соманың түскендігі туралы SMS-хабарландыруларды жиі тарататынын, содан кейін қоңырау шалып, қайтаруды сұрайтынын есте сақтаңыз. Сондықтан, кері аударым жасамас бұрын қаражат шынымен түскендігіне көз жеткізіңіз. Мұны мобильді банк қосымшасы арқылы немесе банк операторымен ресми нөмір бойынша байланысу арқылы жасауға болады.
Ақшаның кімнен және қашан түскенін түсіну үшін шотыңыздағы үзінді-көшірмені зерделеңіз. Егер сіз ақша аударымының қате екеніне 100 пайыз көз жеткізсеңіз, ал жөнелтуші сізбен байланысқа шықпаған болса, банкке хабарласыңыз. Соманы қайтаруға келісім беру туралы жазбаша өтініш жазыңыз. Содан кейін қаржы институты ҚР заңнамасы бойынша төлемдерді қайтару рәсімдеріне сәйкес кері төлемді жүргізеді.
Енді «қате аударым жасамау үшін не істеу керек?» деген сұраққа келейік. Ақшаны дұрыс аудармауды болдырмау өте оңай. Транзакцияны бастамас бұрын әрқашан деректемелерді мұқият тексеріңіз. Басқа шотқа ақша аудару нысанын толтырған кезде абай болыңыз, әрқашан карта деректемелері мен телефон нөмірлерін бірнеше рет тексеріңіз.
Тағы бір ақылға қонымды кеңес — алдымен алушының деректемелерінің дұрыстығын бірнеше рет тексеру үшін шағын сынақ сомасын жіберіңіз. Алушыдан растауды алғаннан кейін қалған соманы қайта жіберіңіз. Бұл жақсы тәжірибе және сіздің транзакцияңыздың дұрыс алушыға жеткізілуін қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі.
Қолма-қол ақша аударған кезде әрдайым мұқият болыңыз. Бірнеше қарапайым тексерулерге жұмсалған бірнеше минут сізді еңбекпен тапқан ақшаңыздың көп бөлігін жоғалтудан сақтайды.
Орайы келгенде айта кетейік, елімізде алаяқтармен күрес жұмыстары қарқын түрде жүргізілуде. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі таңда алаяқтар шекара таңдап жатқан жоқ. Сонымен қатар, олар күн сайын әртүрлі айла-тәсілдер ойлап табуда. Нақты статистикалық деректер келтіре кетейік, соңғы 5 жылда елімізде кісі өлтіру саны 823-тен 520-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 2 198-ден 1 840-қа, зорлау – бірден 3 есеге немесе 1 130-дан 386 оқиғаға дейін қысқарды. Пайдакүнемдік, зорлық-зомбылық қылмыстары, соның ішінде қарақшылық 580-ден 177-ге, тонау 8 091-ден 2 404-ке, ал ұрлық 180,1 мыңнан 58,8 мыңға дейін азайды. Қылмыстың азайғаны қуантады, әрине. Дегенмен, соның салдарынан келтірілген залал сомасы керісінше арта түсуде. Айталық, 2018 жылы – 237,3 млрд, 2019 жылы – 312,3 млрд, 2020 жылы – 684,6 млрд, 2021 жылы – 302,2 млрд, 2022 жылы – 495,1 млрд теңге. Сала мамандары бұған елімізде алаяқтық әрекеттердің көбеюі себеп болып отырғанын айтады. Оның ішінде әсіресе онлайн алаяқтық бойынша тіркелген қылмыстар көп.
ҚР Ішкі істер министрлігі мұнымен күресу үшін Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде«CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56 дерек бойынша интернет-алаяқтық қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдеген.
«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Мәселен, жақында Түркістан облысының полицейлері ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтар, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында республикалық «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Өңір полицейлері «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының екі тәулігінде бұрын тіркелген 14 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Сондай-ақ, шұғыл іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы аумағында 10 факт интернет-алаяқтық қылмысын жасап, жасырынып жүрген тұрғын анықталды.
Жалпы қоғамымызда алаяқтық қылмыстың көбеюіне байланысты «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында интернет желісі арқылы алаяқтық жасайтындарға қатысты жаза қатаңдатылды. Соған сәйкес, алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену мүлкі тәркіленіп, 3000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болды.
Ал, жалпы алаяқтық жасағандарға 1 000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе олар 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады.