Қазір алаяқтық жолмен оңай олжаға кенелуді ойлайтындар көп. Соның ішінде интернет-алаяқтық кең таралуда. Нақты статистикалық деректерге сүйенер болсақ, соңғы 5 жыл ішінде оның саны 40 есе өсіпті. Яғни, 2018 жылы бұл көрсеткіш 517 болса, 2022 жылы 20,5 мыңға дейін өскен.
ҚР Ішкі істер министрлігі мұнымен күресу үшін Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде«CyberPol» қызметін іске қосты. Цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Түркістан облыстық криминалдық полиция басқармасы жанынан құрылған «CyberPol» пилоттық жобасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға 6 жедел уәкіл мен 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы бекітілген. Қазіргі таңда аталған топ өңірден 31 тұрғынды қолға түсіріп, олардың 56-сының интернет-алаяқтық қылмысқа қатыстары бар екенін дәлелдеген.
«Cyberpol» арнайы тобының мүшелері алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында бірқатар шараларды атқаруда. Айталық, жақында олар ауыл тұрғындарын сан соқтырып кеткен алаяқты ұстады. Оқиғаны толығырақ баяндайық. Сауран аудандық полиция бөліміне алаяқтың құрбаны болған 40-тан астам ауыл тұрғыны шағым түсірді. Олардың айтуынша, таныс ер адам «мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға» көмектесетінін айтып, алдын ала әрқайсысынан 300 мыңнан екі миллионға жуық ақша алған. Одан кейін алаяқ бір жыл бойы тұрғындарға берген уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Ол бұрын сотты болған жұмыссыз, түркістандық тұрғын болып шықты. Тергеу барысында ұсталған ер адам алдау жолымен алған 30 миллионға жуық қаражатты өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін мойындады.Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Есіңізде болсын, алаяқтар психологиялықәдістерді қолданады. Адамдардың көбіне алданып қалатыны содан. Сондықтан, алаяқтың стереотиптік портреті қандай болатынын да айта кетейік. Ол эмоционалды интеллектісі төмен және басқа адамның сезімін түсіне алмайтын адам. Алайда, эмпатияның болмауы оның басқа адамдарға айла-шарғы жасауына кедергі болмайды. Олар жақсы психологтар, көбінесе сүйкімді болып келеді, адамға тез ұнап қалатынымен немесе олардың аяушылығын тудыра білетіндігімен азаматтардың сеніміне оңай енеді.
Сондай-ақ, алаяқтар керемет спикерлер, олар белгілі бір уақытта қандай ауызша сөз оралымдарын қолдану керектігін, қандай интонациямен сөйлесу керектігін және қандай хабарлама жасау керектігін біледі. Мысалы, азаматтарға олардың қатысуынсыз кредит ресімделгені немесе ақша қаражаты аударылғаны туралы хабарлайды. Жәбірленушіні қорқыныш билейді, біраз уақыт ұтымды ойлау қабілетін жоғалтады, міне, осы кезде «қамқор» сұхбаттасушы көмектесе алатынын айтады – сізге тек деректерді хабарлау керек, қалғанын банк өзі реттейді.
Көбінесе алаяқтар, әсіресе қазіргі мотивациялық бизнес-курстар қаптап кеткен кездегі азаматтардың тез байып кетуді ойлайтын ниетін пайдаланады. Алаяқтар жылдам және дәл қазір шешім қабылдауды талап етеді – олар жәбірленушіге ойлануға уақыт жоқ, әйтпесе сіз өз мүмкіндігіңізді жіберіп аласыз дейді. Содан кейін адамдар күмәнді ұйымдарға ақша салады немесе «жалған кредиторлардан» қарыз алады.
Егде жастағы адамдарға кең таралған психологиялық әдіс – беделмен қысым көрсету әсер етеді. Зейнеткерлер көбіне мемлекеттік органдар мен полицияға сеніп дағдыланған, сондықтан егер оларға өзін ҰҚК қызметкері болып таныстырған адам жүгінсе, олар оған сенеді. Ақшаны беру немесе құпия деректерді хабарлау қажет қауіпті қылмыскерді ұстауға көмектесу туралы билік өкілінің өтінішіне көмектесіңіз. Егер адам күмәндана бастаса, мемлекеттік арнайы операцияға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін айтып қорқытады. Алаяқтар интернет пен IT-технологиялардың дамуымен әккі-шебер бола бастағанын да ұмытпауымыз керек – олар өздерінің жеке мүдделеріне қолдану үшін барлық жаңалықты зерделейді.
Енді алаяқтарды қалай анықтауға болатынын айтайық. Алаяқтар әрқашан сізбен бірінші болып байланыс орнатады. Олар өздері қоңырау шалып немесе әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатады және еліктіретін ұсыныстар жасайды немесе аңғалдығыңыз бен қорқақтығыңызды пайдаланып, ақшаңызды алып алады. Мұндай қоңыраулар мен хабарларға жеңіл-желпі қарамаңыз – бұл сізді алаяқтардан қорғайтын цифрлық гигиенаның бір бөлігі.
Екіншіден, алаяқтармен әңгіме әрқашан қаржы төңірегінде өрбиді. Қаскүнемдер өздерін банктің, мемлекеттік мекемелердің немесе ірі дүкендердің қызметкерлері ретінде таныстырады, бірақ олардың әңгімесі әрқашан ақшаға қатысты болады. Әрине, алаяқтың сізге қоңырау шалғанын 100% дәл анықтау мүмкін емес, бірақ сақ болыңыз, ақшаға келгенде бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеңіз.
Содан кейін олар конфиденциалды ақпаратты жария етуді сұрайды. Банктің немесе құқық қорғау органдарының бірде бір қызметкері сізден төлем картасының деректемелерін, құпия сөзді және CVV-код сұрамайды. Бұған олардың қызметтік этикасына сәйкес қатаң тыйым салынған. Сол себепті бөтен адамдар қорқытып, қоқан-лоққы жасаса да жеке ақпаратыңызбен бөліспеңіз.
Төртіншіден, қаскүнемдер сізді түрлі эмоцияларға итермелейді. Алаяқтар, әдетте, адамның психологиясын жақсы біледі, сол себепті олар сіздің жанды жеріңізге басып, қалыпты жағдайыңыздан шығаруға тырысады. Оған бой алдырмаңыз, дұрысы, өзіңіз банктің немесе мемлекеттің органның байланыс орталығына телефон соғып, мән-жайды нақтылаңыз.
Бесіншіден, сізді шешім қабылдауға асықтырады. Алаяқтар әдейі өздерінің құрбандарын ойлануға уақыт қалмайтын жағдайға әкеледі. Дереу шешім қабылда, немесе өкінесің – алаяқтардың әдетте айтатын сөзі, себебі адамның күйзеліс жағдайында сасқалақтап, абдырап қалатынын жақсы біледі. Егер де бейтаныс біреулер сізді асықтырып, шешім жасауға мәжбүрлесе, әңгімені доғарып, жағдайды жан-жақты ойластырыңыз. Қажет болса, Сіз кез келген уақытта қайта хабарласа аласыз.
Қысқасы, ешкімге паспорттық және өзге де дербес деректеріңізді айтпаңыз. Банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ, ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерді, тіпті егер Сізге банк қызметкері ретінде таныстырған болса да ешкімге бермеу қажет. Осы айтылған құжаттар алаяқтардың қолына түссе, ол микрокредиттік қаржы ұйымдарынан немесе банктерден сіздің атыңызға несиелерді оңай рәсімдеуге мүмкіндік береді.