Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен облыстың барлық аудан-қалаларын аралап, өнер көрсетіп келеді. Қазан айында басталған шара бұған дейін Түлкібас, Төлеби аудандарымен қатар Кентау қаласында өткен. Ауыл мәдениетін көтеру мақсатында облыстың шалғай елді мекендерінде өтіп жатқан концерттік бағдарлама көптің көңілінен шығып үлгерген. Ал бүгін шара Бәйдібек ауданында өз жалғасып тауып отыр.
Концерттік бағдарлама – өнер ұжымының құрылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Аталған ұжым биылдың өзінде биік белестерді бағындырған. Тарқата айтсақ, Әзербайжан мемлекетінің Шуша қаласында «Шуша 2023 – түркі әлемінің мәдени астанасы» халықаралық шарасының ашылуында өнер көрсетті. Сонымен қатар, филармония әншісі Оразәлі Жаңабай және «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі биыл Оңтүстік Кореядағы «Вонджу 2023» би карнавалында өнер көрсетіп келді.
Бұдан бөлек, Түркістан облысының 5 жылдығы мен Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға 60 жыл толуына орай Астана қаласындағы «QAZAQSTAN» орталық концерт залында, Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында «Менің Қазақстаным!» атты концерттік бағдарламасы өтті. Сонымен қтар, Шымкент қалалық сатира және әзіл-сықақ театрымен бірлескен «Ән мен Әзіл» атты концерті ұйымдастырылды. Филармонияда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан өнер иелерінің де жеке концерттері назардан тыс қалмаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, композитор, әнші Нышан Төлегенов пен ақын-композитор Болат Мұсабековтың жекеән кештері өткізілді.