Алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалғандар қатары күн санап арта түсуде. Ақпараттық технология дамыған уақытта олардың айла-тәсілдерінің түрлері де уақыт ағымына қарай көбейе түсуде. Алғашқыда «банк қызметкерімін» деп алдағандар енді мемлекет тарапынан кәсіп бастауға, я болмаса әлеуметтік жағдайын түзеуге берілетін ақшаларды оп-оңай жолмен алып беремін дейтіндер де шықты. Сонымен қатар, ірі компанияларға жұмысқа орналастыруға уәдені үйіп-төгіп беріп, сан сақтырып кететіндер де аз болмай тұр…
Айталық, өңір полицейлері жақында жәбірленушісін мұнай компаниясына жұмысқа тұрғызып беремін деп алдап кеткен алаяқты ұстады. Оқиғаны тарқата кетейік. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері «Атырау қаласына жұмысқа орналастырып беремін» деп тұрғынның 400 мың теңгесін алған телефон алаяқты анықтады. Алданған қала тұрғыны кезекші бөлімге алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ оған мұнай компанияларының бірінде жұмысқа орналасуға уәде беріп, 400 мың теңгесін алып кеткен.
Алаяққа сенген ер адам не жұмысқа орналаспаған, не ақшасын қайтара алмаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктіні анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Өңір полицейлері дәл осындай тағы бір қылмыстық оқиғаны тіркеуге алды. Бұл оқиғаны да толығырақ баяндай кетейік.Түркістан қалалық полиция басқармасына Сауран ауданының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, өзіне жақын таныс емес біреу, жұбайын мектепке жұмысқа орналастыруға уәде еткен. Сенімге кірген әйел, жәбірленушіден жарты миллион теңгеден астам ақша алған. Алайда қаражатты алғаннан кейін, алаяқ уәдесін орындамаған. Ал алданған ауыл тұрғыны полицияға хабарласып, барлық жағдайды анықтау үшін көмек сұрады. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, түркістандық учаскелік полиция инспекторлары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары сезіктіні полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Бас прокуратурасының таратқан деректеріне сүйенсек, соңғы бес жылда Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық саны он есеге дейін өскен. 2017 жылғы 2 мыңнан 2021 жылы 21 мыңға дейін. Әр түрлі жобаларға тиімді ақша салу, азаматтардың жеке деректерінің жария етілуіне байланысты банктік шоттардан қаражатты ұрлау және т.б. сылтаумен жасалған желідегі алаяқтық схемалар жиі кездеседі. Сонымен бірге, телефон алаяқтары да жандана бастады. Жоғарыда айтып өткендей, «қызметке орналастыру» туралы хабарландырулар көбейді.
Белгілі компаниялардың маркетологтары көбіне байланыс жасау кезінде бейілділік бағдарламасын пайдаланады, яғни жұмысқа орналастыратындықтарын айтып қызықтырады және өз өнімдері мен қызметтерінің тиімділігін бағалау үшін тұтынушылар арасында сауалнама жүргізеді. Бұл қызмет қаржы алаяқтарын да бей-жай қалдырмайды. Соңғы кездері алаяқтар мессенджер арқылы мынадай хабарламаларды жаппай таратуда: «Баршаңызға сәлем! Мен сізді әйгілі *** компаниясының бейілділік бағдарламасына жазғым келеді, онда сіз бонус жинап, оларды қонақүйлерде тегін тұру үшін жұмсай аласыз. Бұл үшін маған: 1. Поштаңызды, 2. Үйіңіздің мекенжайын + қалаңызды, 3. Ұялы телефоныңыздың нөмірін жіберуді өтінемін». Әрі қарай, алаяқтар әрбір жіберілген хабарлама үшін қосымша балл берілетіні туралы дәлел келтіре отырып, сізден сілтемені 20 досыңызға, туыстарыңызға немесе әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі бес топқа жіберуіңізді сұрайды.
Осылайша, алаяқтар сіздің деректеріңізді ары қарай пайдалану үшін, мысалы, телефон алаяқтарына беру үшін анықтап алады. Сондай-ақ, алаяқтар Желіде: «Біздің компания сауалнама жүргізуде! Үздік жауап бергендерге тұрақты жұмыс немесе ақшалай жүлде беріледі» деген тартымды маркетингтік ұсыныстарды орналастырады. Сауалнама қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар сізді үздік жауап берген деп анықтап, қызметке тұру үшін байланыс деректеріңізді (үйдің мекенжайы, ұялы телефон нөмірі, пошта), ал «ақшалай жүлдені» аудару үшін жарамдылық мерзімімен және «пластиктің» арғы бетіндегі үш таңбалы кодпен қоса банктік картаңыздың толық деректемелерін жіберуді сұрайды.
Әдетте мұндай айлаларға мектеп оқушылары, жастар, үй шаруасындағы әйелдер қатарындағы конкурстар мен ұтыс ойындарын ұнататындар алданып жатады. Сенгіш азаматтар алаяқтарға тек өз дербес деректерін ғана емес, сонымен қатар жақын адамдардың да дербес деректерін беріп қояды. Сондықтан, әртүрлі төлемдермен, лотереялармен, ақылы сауалнамаларға қатысты кез келген ақпаратты сыни тұрғыдан бағалаңыз. Есіңізде болсын, маркетингтік сауалнамалар әдетте арнайы фокус-топтарды тарта отырып жүргізіледі. Маркетологтар ешқашан сауалнамаға қатысушыларға тұрақты табысты немесе ақшалай төлемдерді ұсынбайды, ең бастысы, олардан ақшалай қаражатты енгізуді немесе жеке деректерін беруді сұрамайды. Мұны тек алаяқтар жасайды.
Телефон алаяқтары өздерін әр қалай таныстырады? Сіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде байланыс деректеріңізді алғаннан кейін телефон алаяқтары іске кіріседі. Телефонмен жасалатын алаяқтықтың кеңінен тараған схемасы – банктер мен басқа да қаржы ұйымдары байланыс орталықтарының қызметкерлері немесе операторларынан түсетін қоңыраулар. Әдетте қаскүнемдер қоңырау соғу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефония сияқты бағдарламалық қамтылымдарды пайдаланады. Әңгіме барысында банктердің жалған қызметкерлері сізге сіздің картаңыздан әлдекімнің қаражатты есептен шығаруға әрекет жасап жатқандығы туралы ескертуге тырысады немесе алаяқтардың сіздің атыңызға кредиттер ресімдеп жатқаны туралы «аңызды» пайдаланады. Олардың осындай әрекеттерін тоқтату үшін ағымдағы шоттағы барлық ақшалай қаражаттың дереу резервтік не сақтандыру шотына аудару қажет. Алаяқтар мәселені тез арада шешу үшін тіпті сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылу бойынша өз қызметтерін ұсынуы да мүмкін.
Сондай-ақ алаяқтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан да қоңырау соғулары мүмкін. Мәселен, «Қайырлы күн, мен *** уәкілетті қызметкерімін. Сіздің атыңызға шағым түсті және «ірі мөлшердегі алаяқтық» 3-бөлімнің 190-бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Сізге дереу *** полиция бөлімшесіне келу керек» немесе «Сіздің балаңыз, досыңыз не туысыңыз *** бөлімшесінде отыр. Ол көлігімен адам қағып кетті, одан есірткі құралдары табылды немесе жаппай тәртіпсіздікке қатысты». Әдістер көп, мақсат біреу – сіздің үрейіңізді ұшыру.Арыз ресімделмей тұрғанда мәселені шұғыл түрде шешу үшін сізге белгілі бір шотқа «белгілі бір соманы» аудару қажет. Бір жағынан, елең еткізетіндей барынша қомақты сома, екінші жағынан – тез арада төлей алмайтындай қаражат емес. Алаяқтардың мұндай құрығына негізінен жақын адамын құтқару үшін бар ақшасын беруге дайын тұратын қарт адамдар түсіп жатады. Тағы бір стрестік фактор әдетте абоненттің қоңырау соғу үшін қолжетімді болмауы болып табылады – алаяқтар мұны да біліп алады.
Қаскүнемдер адамдардың психологиясын жақсы біледі. Кәсіби терминдерді қолданып, тез әрі сенімді сөйлейді, кейде қысым жасайды, шешім қабылдауға асықтырады, қорқытады, көбіне қызу жұмыс істеп жатқан офис не полиция бөлімшесінің әсерін беретін дыбыстарды қосып қояды және басқа да тәсілдерді қолданады. Сондықтан, егер сізге банк қызметкерінің атын жамылған адам қоңырау соқса, әңгімені дереу тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері сізге сіздің дербес деректеріңізді нақтылау үшін қоңырау соқпайды. Банкте сізге қатысты толық қаржылық құжаттама мен кредит тарихы бар. Бұл ақпарат тек алаяқтарға ғана қажет.
Егер сізге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ сізге оның атынан хабарласқан ұйымның: банктің, ҚР ІІМ және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.
Айта кетейік, жыл басынан бүгінге дейін Түркістан облысы аумағында 425 қылмыстық іс тіркелді.