Биылғы жылдың он айында 103 қылмыстық іс Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде болыпты. Тиісінше жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде экономикалық контрабанда бойынша 10 және есірткі контрабандасы бойынша 6 іс сотқа жіберіліп, 400 мың литр жанар-жағармайды контрабандалық жолмен шет елге шығару арнасының жолы кесілген. Бұл тұрғыда құзіретті орган мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Өзбекстанмен шекарада профилактикалық іс–шаралар да жүргізіп жатыр. Осы ретте кірістер департаментімен бірге 3 тоқсанның қорытындысы бойынша сыртқы экономикалық қызметтің салықтары мен кедендік төлемдердің түсімін 13,7 млрд. теңгеге ұлғайтыпты. Ал былтыр бұл көрсеткіш 8,1 млрд. теңге болған екен. Бұл туралы департамен басшысы Ерболат Балғабаев баспасөз жиынында айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, биыл заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру саласында 14 қылмыс анықталып, 11-і сотқа жолданса, «Tik Tok» әлеуметтік желісінде де заңсыз ойын қызметі белгілі болып, 13 ойын залының жұмысы тоқтатылған. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында бюджет қаражатын жымқырудың 30 дерегі әшкереленген. Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Яссы-Несие» ЖШС және «Агро кредиттік Корпорация» АҚ-да жалпы сомасы 1,3 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік кредиттер алу кезінде қылмыстық жолмен келген кірісті заңдастырған 11 тұлғадан тұратын топқа қатысты 27 факт анықталыпты. Сонымен бірге, білім беру саласында мемлекетке келтірілген залал мөлшері 142 млн. теңгені құрайтын бір қылмыстық іс тіркеліп, залал мөлшері 300 млн. теңгеден асатын 3 перспективалы материал жинақталған.
«Жер қатынастары саласында 2 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, аты шулы «Chai Tai» и «EOLUS» қаржылық пирамидаларын ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді. Жалпы, алдын алу шаралары арқылы 3 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткіздік. Оған қоса профилактикалық жұмыстарды жүргізу барысында да біршама оң нәтижелер орын алды. Мәселен, 5 ай бұрын департамент басшылығына тағайындалған сәттен бастап, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында кездесулер, дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар, қоғамдық ұйымдар мен өңір бірлестіктерінің қатысуымен мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізе бастадық. Ал мамыр айында Түркістан облысы мұсылмандары діни басқармасына қарасты өңірдегі 759 мешіт имамдарымен заңсыз ойын бизнесі, есірткі мен қаржылық пирамидалардың зардаптары туралы кеңес беру жайында келісімге келдік. Аймақ халқының 90 пайызға жуығы ислам дінін ұстанатындығын ескерсек, бұл бастаманың ауқымы кең болып, оң пікірлер айтылды. Одан бөлек 2-10 маусым аралығында қаржылық қауіпсіздік туралы идеяны кеңейту мақсатында «Экономикалық қауіпсіздік: тұрақтылық пен өркендеу кепілі» тақырыбында құқықтық түсіндіру жұмыстары бойынша ауқымды акция өткізілді. Аталған науқанға 300 мыңнан астам тұрғын тартылса, жоғары оқу орындарының студенттері үшін «Әділетті Қазақстан: экономикалық қауіпсіздік және тұрақтылық негізі» атты акция ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның мақсаты – лудоманиямен белсенді күрес, жастар арасында құмар ойындарға қарсы иммунитетті қалыптастыру, заңсыз ойын бизнесінің алдын-алу, сондай-ақ қаржылық пирамидалардың белгілері туралы ақпаратты кеңінен тарату. Сонымен қатар, 8 қараша күні өңірдің белсенді жастары, блогерлер, қоғам белсенділері және жастар орталығының өкілдерімен өткен кездесуде еліміздегі алғашқы «Экономикалық тергеу қызметінің еріктілер қозғалысы» басталды», – деді Ерболат Темірболатұлы.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарды, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін еріктілер ретінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, жастар арасында лудоманияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға, қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл мен бюджет қаражатын жымқырудың алдын алуға бағытталған іс-шараларға тарту. Сонымен бірге осы жоба аясында Түркістанда «Қаржылық мониторинг агенттігі» саябағы ашылып, мың түп ағаш, бұта мен гүл, оның ішінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі Д.Құдайбергеннің атынан қарағай көшеті отырғызылған.
«Одан бөлек жыл соңына дейін «TikTok» әлеуметтік желісінің танымал блогерлері арқылы «Safe Tik: экономикалық қауіпсіздікті бірге дамытайық» конкурсын өткізуді жоспарлап отырмыз. Конкурстың мақсаты – жұртшылықты Қаржылық мониторинг агенттігінің қиын да қызықты қызметімен таныстыру. Бұдан басқа республика көлемінде алғаш рет лудоманияға, қаржылық пирамидаларға және интернет-алаяқтыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған қысқаметражды көркем кинофильмдер конкурсын өткізбекпіз. Превенция бағытындағы жұмыс бұдан әрі белсенді түрде жалғасатын болады. Біз барлық азаматтарға ашықпыз. Сондықтан тұрғындарды қоғамдағы өзекті мәселелермен бірге күресуге шақырамын», – деді баспасөз жиынын түйіндеген департамент басшысы.