Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданындағы жұмыс сапары аясында жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Кезекті «Ашық есік күні» аясында өткен бірыңғай қабылдауға келген азаматтар ашық сауал қойып, біршама мәселе көтерді. Шешімін табуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Өңір басшысы әрбір мәселені жауапты тұлғалар жан-жақты зерттейтінін, шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын айтты.
Тұрғындар тарапынан кәсіпкерлік, жайылымдық жер мәселесі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, материалдық және әлеуметтік көмек көрсету, денсаулық, қылмыстық тергеу, карьер мен балабақша мәселесі айтылды. Байғабыл елді мекенінің тұрғыны қолында мемлекеттік акт бола тұра, жерінің конкурсқа қойылып кеткеніне шағымданды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған төмендетілген несие жайын сұрады. Абай ауылының тұрғыны баласына шет елге ем қабылдауға қордан ақша бөлуге ықпал көрсетуді сұрады. Жамбыл елді мекенінің тұрғыны ауыл көшелерінің біріне асфалт төселсе дейді. Біртілек және Игілік ауылында инфрақұрылым, соның ішінде ауыз су жүйесінің сапасыздығы туралы да айтылды. Абай ауылының тұрғыны көлік апатынан қайтыс болған ағасының қылмыстық тергеу іс-әрекетіне көңілі толмайды.
Бұдан бөлек өзге де тұрғындар жайылымдық жер мәселесін айтып, ауылдық мектепке жүргізіліген жөндеу жұмыстарының сапасыздығын алға тартты. Береке ауылында қазылған карьер мәселесін қозғады. Балабақшаларды қаржыландыру жайын айтты.
Жалпы жиынға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері де қатысып, айтылған мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Кез келген мәселе заңдылығына қарай шешімін табады. Ол үшін облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына міндеттер жүктеді. Қабылдаудың басты ережесі де ашықтық болған соң, жазылушылар, келушілер өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауап алды. Айта кетейік, дәл осындай ашық форматтағы өңір басшысының жеке қабылдауы барлық аудан, қалада жалғасып келеді.