Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құрып, ауылдарды орнықтыру жолдарын көрсетті.
Бір сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз», – деп Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді. Бағдарламаға сәйкес, 1 миллионнан аса ауыл тұрғынын қамти отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн теңге бағытталды. Сол сияқты жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпке тартып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
7,7 млн адам ауылда тұрады. Алайда шаруашылықпен айналысатындары аз болса да малмен жан бағып жүргендері жоқ емес. Түсінгенге ауылда береке бар. Мысалы, Түркияда бұл салада он миллионнан аса адам еңбек етіп, өз елін жыл сайын 100 миллиардтаған табысқа кенелтіп келеді. Түркияның балы, инжір, жүзім, өрік, жаңғақтары әлемде алғашқы орында тұр. Еуропа, ТМД елдері мен бірқатар мұсылман мемлекеттердің сөресінен тауарлары самсап тұрады. Израильдің жері егін салуға сай келмесе де, ішкі сұранысты өздері өтеуде. Ал бізге оңай шағылатын жаңғақтың өзі Қытайдан, кептірілген жемістердің түр-түрі Өзбекстан, Тәжікстаннан келеді.
Түркия басымдықты егін және мал шаруашылығына берген. Ол жақта өңдеу ісі өте жоғары дамыған. Егін мен мал шаруашылығынан тоқыма-тігін және тамақ өнеркәсібін екі жақты дамытуға болады. Ал бізде мал әрі кетсе, сүт пен етке жарап тұр. Жүн түтіп, жіп иіретін, тері илеп, тон тігетін фабрикалар да, өзге де өңдеуші кәсіпорындар қалада емес ауылда салынса, ауыл адамдарын Президент жоспарлаған жұмыс орындарымен қамтуға болады. Сүт өнімдерін, томат пастасын, алма, өрік сусындары мен балмұздақ шығаратын зауыттар Алматы, Түркістан облысының тек кейбір аудандарында жұмыс істеп тұр. Оның өзі еліміз үшін аздық етуде.
Жалпы, кез келген саланың өсіп-өркендеуі кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Үкімет тек жер беріп, субсидия немесе несие бөліп, жалпы ауыл шаруашылығының даму стратегиясын әр өңірдің, тіпті аудан, ауылдардың жағдайына қарай жұмысты үйлестірумен айналысуға тиіс. Жоспарлы жүйе болмай, дұрыс даму да болмайды. Ауыл шаруашылығындағы біресе жүгері, біресе мақта, біресе картоп, біресе бидай өсірушілердің наразылықтары нақты және тұрақты жүйесіздіктің кесірінен. Сондықтан ең алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі ұзақмерзімді әрі жан-жақты талқыланып, нақтыланған даму жүйесін құруы керек. Бұл істе Америка, Қытай, Түркия, Еуропаның тәжірибелеріне сүйенген артық етпейді.
Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындаудағы «AMANAT» партиясының бірден-бір жобасы – «Ауыл аманаты» жобасы. Биыл шағын несие беруге 2,059 млрд теңге бөлінді. Оның 1 млрд 548 331 мың теңгесі – мал шаруашылығына, 511 млн 250 мың теңгесі – өсімдік шаруашылығына бағытталды. Ауылдарды аралағанда жергілікті жұртшылықтың кәсіппен айналысуға деген ықыласын байқадық. Алайда көбінесе кепілге қоятын мүліктің талапқа сай келмей жатқаны айтылды. Партия бұл мәселені де оңтайлы шешіп, ережені жеңілдету жағын қарастырып жатыр. Ал жалпы мемлекеттік қолдау аясында бөлінетін субсидия, несие ұсақ шаруашылықтарға да қолжетімсіз. Мысалы, қой саны – 5 мың, сиыр саны 2 мыңға жетпейінше, мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана алмайтын шектеулерді алып тастау керек. 3-4 мың қойы, 100-200 сиыры бар жеке шаруалардың кооперативтерге біріккісі келмейді. Өйткені кооперативтер арасында дау көп. Сондықтан жекелеген шаруашылықтар да Президент бастамаларының игілігін көру үшін ұсақ шаруашылықтарды да қолдау механизмін қолданысқа енгізуі қажет. Аздан бастап көпке жетуді қалайтын жекелеген шаруалар шетелде де мемлекеттік қолдауға ие екенін ескерген жөн. Өйткені үлкен бизнес кішкентай кәсіптен басталады.
Түркістан облысында халық көп болғандықтан, мемлекеттік қолдауға сұраныс та көп. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірге 19,7 млрд теңге бөлініп, оның 17,7 млрд теңгесі игерілген. Жыл соңына дейін бөлінген ақша түгел берілетін болады. Жоба 64 ауылдық округте 6 бағытта асырылды. Яғни, өсімдік, мал, балық, құс шаруашылығы, кооперация мен бағдарлама талабына сай келетін кәсіптерге жұмсалды. Алдағы жылға 30 млрд теңге қажеттілік туындап тұр. Төмен пайызды несиеге қолы жеткен жандардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Президент айтқандай, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру – өзекті мәселе. Мәселен, Солтүстікте күзде жауған қар мамырға дейін тоң боп қатып жатады. Сондықтан ауа райы қолайсыз демесеңіз, топырағы құнарлы не ексеңіз де өседі. Енді Солтүстік өңірлерде тек картоп пен бидай өсіріп қоймай, суық климатта өсе беретін өнімдерді өсіру керек. Айталық, мұзжидек, итмұрын, барбарис. Сусамырға өте пайдалы мұзжидектің кептірілген түрін қымбат бағада көршілес елдерден аламыз. Қазір ғылым дамып, қысқа уақытта пісіп-жетілетін бақша өнімдерінің жаңа сорттарын өсіруге көшу керек. Алайда отандық сапалы тұқымның өзі жоқтың қасы. Солтүстіктің құнарлы топырағын алдырып, Оңтүстікте кәдеге жаратып жатқандар бар.
Түркістан облысында қар жауады да, еріп кетеді. Жаздың шілдесінде күнгейдегі аудандарда ауа температурасы 55 градусқа дейін ысиды. Қазір құмда жыңғыл мен сексеуіл, фармацевтикада бағалы саналатын кеурек, дермене сияқты өсімдіктер өседі. Ендеше шөлейтте өсетін өсімдіктер мен талдарды неге өсірмеске? Түркістанда есігінің алдында банан мен фисташки өсіріп, жемісін жеп жүргендер бар. Ертегі сияқты естілсе де, талаптанып еңбек еткенге көрінген таудың алыстығы жоқ. Лимон, банан, саңырауқұлақ өсіріп жатқандар – қосымша кәсіптің көзін тапқандар. Оның үстіне, Оңтүстіктің климаты жылына 2-3 рет өнім алуға қолайлы. Осылайша, қызанақ, қияр, құлпынай, орамжапырақ сияқты бақша өнімдерін жыл он екі ай өсіретіндер жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысы нұсқаған мелиорация жұмыстары жанданса, игерілмеген жер қалмас еді. Кеңес үкіметінің кезінде де сайын дала игеріліп, көшпелі жұрт отырықшы халыққа айналдырылған. Сол сияқты қазір де сондай қадамға бару керек болып тұр. Жұмыс жоқтықтың салдарынан ауылдан кеткен адам көп, жастар да тұрақтай бермейді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанның әрбір өңірінде су қоймалары салынып, 100 миллион гектарға жуық жерге су жеткізілген. Нәтижесінде, суармалы егістік көлемі 2 172 мың гектарға ұлғайған. 1990 жылға дейін 54 мың гидротехникалық нысандар салынған. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған жылдары Кеңес үкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көлтабанға шейін талан-таражға түсіп кетті. Қазір сол олқылықтың орнын толтыру үшін атқарылатын шаруа шаш етектен асады. Мелиорацияның ауыл шаруашылығына пайдасы көп. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған су үнемдеу мәселесін шешуге септігі тиеді. Араптар да сайын сахарасын суландырып, егіншілікпен айналыса бастады. Демек, қалауын тапса, қар жанады. Ал бізде су құмға сіңіп кетіп жатыр. Үкімет су тапшылығын азайту үшін жаңадан 20 су қоймасын салмақшы. Құрылыс 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сай жүргізіледі.
Жылдың жағымды жаңалығы осы жауапты іспен арнайы айналысу үшін Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сол сияқты Су кодексіне де өзгертулер енгізіліп жатыр. Заңда су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргізу; су қатынастарын, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастарды реттеу; тұрақты су пайдалануды және су қорын қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды қолдау мен дамытудың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету; су қорын пайдаланудың және қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын айқындау; су ресурстарын зерттеу, барлау, ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау, гидромелиорациялық жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстары саласындағы қатынастарды басқару; жерді гидромелиорациялауды дамыту бағыттарын айқындау; халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау қарастырылған.
Президент тапсырмасы бойынша, жерасты суларын пайдалану аясы кеңейтілмек. Ұлттық гидрологиялық қызмет құрылмақшы. Олар жерасты суларына мониторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гидрологиялық ұңғымаларды жоюмен айналысады. Отыз жылдан бері лас су ішіп келген шардаралықтар жерасты суларын зерттеудің нәтижесінде сапалы ауызсумен қамтылады. Сол сияқты Ұлттық гидрологиялық қызмет өз ісін сапалы атқарса, тұзды және шамадан тыс минералды судан бөлек, жер астынан таза су табады деген сенімдеміз. Сол сияқты Президент тапсырмасымен Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады. Бұл да үлкен жаңалық. Ал су саласындағы кадрлық тапшылықты шешу үшін Қазақстанда гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация мамандарын даярлайтын ЖОО қажет-ақ. Бір гектар жоңышқаның өзін суғару – үлкен өнер. Ауқымды жобалар үшін жоғары білімді мамандар өте-мөте керек.
Еліміздегі 14 мың шақырым канал күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығымен көбірек айналысатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысына қарасты 3 500 шақырым су жүйесін цифрландыру басталды. Су үнемдеу технологиясы бойынша Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы басталды. Оның аясында 10 мың гектардай алқапта су екі есе үнемделді. Тамшылатып суғару әдісі кең тараған. Қауын, қарбыз, мақта да бұрынғыдай суғарылмайды. Негізі, мәжбүрлік адамның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сайрам ауданында егін егетін жер аздық еткенде, тастақты жерде израильдік тәсілмен қызанақ өсірілген еді. Демек, қандай жерде тұрса да, ебін тапқан екі асайды екен. Жылыжайлардың дені Сарыағаш ауданында болатын, енді өзге де аудандарда жылыжай көкөнісін өсірушілер көбейіп келеді. Жылыжайларды ұстап тұру да оңай емес. Мемлекеттің демеуіне мұқтаж. Жылыжайлар мен мақташылар, сондай-ақ бірқатар ауылдардың каналдарын жөндеу бойынша жолдаған депутаттық сауалдарымның Үкіметтен біршама қолдау тапқаны қуантады. Жалпы, елімізде арктикалық та, африкалық та атмосфера сақталып тұра бермейтіндіктен, әр өңірдің географиялық ландшафтына қарай ауыл шаруашылығын икемдеу керек деп есептеймін.
Ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі жоқ елдер шаруашылыққа қажетті техника шығаруда. Олардың құрастырған техникалары біздің қажетімізге жарап жатыр. Президенттің бір тапсырмасы лизингке техника алу жолдарын ашу болатын. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша, шаруалар 40 млрд теңгеге 1 053 комбайн мен трактор сатып алды. Сонымен қатар 2,8 мың бірлік мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 млрд теңге бөлінген. Мал азығын жинау да үлкен шаруа. Бір қызығы бізден экспортталған арпа, бидай, сұлы, жүгері, өзімізге малға жем болып импортталады. Бұл біздің мал азығын әзірлеудегі әлеуетіміздің төмендігін көрсетеді. Десе де, жекелеген шаруалар әрекетсіз емес. Әркім өз бетінше техника құрастырып, ең болмағанда шөп турайтын түрлерін ойлап табуда. Бұл да талпыныстың көрінісі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған роботехникалық мектептерден техниканың тілін біліп қоймай, Қытай, Германия, Голландия, Италиядан озатын заманауи техникалар құрастыратын жастар шығады.
«Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз», – делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Жоғарыда атап өткендей, кооператив төрағалары мен мүшелері арасында түсініспеушілік туындамаса екен. Кооператив атынан субсидияны алып алып, құрамындағы қожалықтарға бөліп бермейтіндер де бар. Соның салдарынан аракідік дау-дамай шығып жатады. Тура сол сияқты үлес, пай бөлуде де күмәнді істер көп. Сондықтан кооператив, шаруа қожалықтарының төрағаларының жауапкершілігін артыру керек. Сонда Президент тапсырмасының игілігін тең көретін болады. АҚШ-та шаруашылықтар арнайы ауыл шаруашылығы жолақтарында орналастырылады. Ондай тәсіл Еуропада да қолданылады. Мысалы, біздің Солтүстіктің бидай белдері сияқты, ол жақта да жүгері, мақта қырлары мен мал жаятын жайлаулары біркелкі болады. Міне, бізге де әлемнің озық әрі тез өсу үлгісін пайдалана аламыз.
Ешбір өндіріс көзі жоқ болса, ауыл шаруашылығымен айналыспағанда немен айналысасыз? Бір сүт пен еттің өзінен бірнеше өнім шығаруға болады. Ал малды тек етке жарататын болсақ, өңдеу ісін қалай алға жылжытамыз? Ішкі нарықты өз өнімдерімізден қамтамасыз етіп, артылғанын экспортқа шығару керек. Мұның бәрін Үкімет жүйелеуге тиіс.
Министрліктің мәліметінше, елімізде 13 мыңнан аса су шаруашылығы нысаны бар. Оның 352-сы – су қоймасы, қалғаны – су тораптары, бөгеттері мен тоғандар. 6 629 нысан – республикалық, 6 007 – коммуналдық, 528 – нысан жекеменшікте болса, қалған тоғызы егесіз екен. Осы тұста, негізінен су көздерін жекеменшікке беруден сақ болу керек. Өйткені ауыл маңдарындағы өзен, көл, құдықтарды иеленіп алғандар жергілікті жұртшылықты тіршілік нәрінен қасақана тарықтырады. Мұндай жағдайда су ортақ қазына болғандықтан, жекеменшікке берілген ортақ нысандарды мемлекет қарамағына қайтару қажет деп есептеймін. Айдың-күннің аманында суға талас болмау керек.
Оңтүстік облыстарда бос жатқан жер жетерлік. Себеп – топырақ тұзды не құмды. Жалағаштан бастап жер жалаңаштанып қалған. Күрежолдардың бойынан көлеңкелейтін тал таппайсың. Бәлкім, біздің ғалымдарға да сахараны көгертіп жатқан арабтар сияқты жаңа технологиялар ойлап тауып, жарамсыз жерлерді кәдеге жарататын әдістерді енгізетін кез келген шығар. Су жоқ деп ну ормансыз отыра берген жарамас. Ауыл шаруашылығы алқаптарында суды үнемдеу үшін жаппай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығындарды субсидиялау 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнемдеуге болады. «Судың да сұрауы бар» дегендей, пайдаланылған судың ақысын төлеу керек. Бұл жүйеден егістіктер де шет қалмауға тиіс. Суға төлем бүкіл әлемде жасалады.
Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Басымдық берілген бағыттар қатарында: етті мал шаруашылығы, жеміс сақтау қоймаларын, жеміс-жидек бақтарын, жылыжай кешендерін, балық өсіру, жүн және теріні тереңдетіп өңдеу бар. Мемлекет басшысы қойған міндеттердің ішінде алдымен ішкі сұранысты қағаттандырып, азық-түлік импортын азайтып, экспортын арттыру. Елімізде жыл сайын 24 млн гектар алқаптан орта есеппен 17-20 млн тоннаға дейін астық жиналады. Оның 7 млн тоннасы ішкі нарыққа, 10 млн-дай тоннасы экспортқа шығарылады. Өңірлерде астықты ірітіп-шірітпей сақтайтын қоймалар бой көтеріп келеді.
Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі бойынша жоспарланған 20 жобаның оны жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі 1 трлн теңгеден асты. Биыл бұл салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналған. Отандық өнімдер шығаратын 22 кәсіпорын іске қосылып, 400-дей адам жұмыспен қамтылған.
Қазір ауылшаруашылық құрылымдарының саны 250 мыңға да жетпейді. 17 облыста 23 тәжірибе стансасы өсімдік пен мал шаруашылығы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр.
8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Әлі де малға жайылым, егінге алқап таппай жатқан ауылдар жетерлік. Жұртқа да қайтарылған жерлердің қай маңда екені қызық боп, кездесу сайын сұрайды. Мал баққанға да, егін салғанға да жер керек. Мемлекет басшысы бұл іске аса мән береді.
2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игеріліп, басқа өңірлерде жұмыстар жалғасуда. Елдің су шаруашылығы жүйесін жаңғырту аясында 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 млн м3 болатын жаңа 9, ал екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн м3 астам суға арналған 11 су қоймасы салынады. Бұдан бөлек, суармалы алқаптардың жалпы көлемін 1,8 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін кеңейту көзделген. Қолда бар 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ 212 каналдың суды пайдалану мөлшерін есепке алу үшін цифрландыру жүйесіне көшірілмекші. Цифрландыру ашықтыққа жол ашады. Цифрландыруға көшкен кәсіпорындардың басы дауға қалмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел игілігіне арналған бастамаларының жер-жерде жүзеге асырылуына атқарушы билік те, жергілікті халық та атсалысуы керек.
Қазақстанды өркендету – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Қалалар салынбай тұрғанда, қазақтың кең даласында ауылдар болды. Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Адам еңбек етуге талаптануы керек. Небір малға бай дәулетті адамдар ауылда тұрады. Түркістан облысында Қарабұлақ деген береке дарыған үлкен ауыл бар. Тәулік бойы сауда-саттық дамыл таппайды. Сол ауылда мал жаятын да, егін егетін де жер жоқ. Бірақ малмен, жеміс саудасымен екінің бірі айналысады. Титтей бақшасында жүзім де, жаңғақ та, қызанақ та, мал да өсіре береді. Еңбек деген осы емес пе? Бос жатқан жерді суландырып, егістікке жағдай жасалып жатқанда қарап қалмау керек. Жеті атасынан бері мал тауып келіп, енді жеті баласының біреуіне де мал бақтыра алмай жатқандар малшы жалдап жатыр. Керек десеңіз, малға сауатты қарай алатын қойшылар да тапшы. Ауылдан қашқан балалар қалада сабылып жүр. Абай хакім сипаттағандай, өзгені жамандап өзі жалқауланатын жұрт болмай, Президент айтқандай, ауылдарды оңалтып орнықтыратын ел болайық!
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты, «AMANAT»
партиясы фракциясының мүшесі