Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысындағы орман өртін жою барысында берген хаттамалық тапсырмасын орындау аясында орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізуді жүзеге асыруда.
Осыған байланысты Түркістан облыс аумағындағы мемлекеттік орман қоры аумақтарында өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйесін енгізу, орман шаруашылықтарында өртті бейнебақылау мен мониторингтеудің жүйелерін енгізу және заманауи құралдармен жарақтандыру мүмкіндіктерін қарастыру бойынша мәжіліс өтті. Оған Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова, Орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Хамит Жорабаев, «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бас директорының орынбасары Мұрат Айтимбетов, Орман және өсімдіктер дүниесінің өсімін молайту бөлімінің басшысы Мансурбек Бурханбаев, Орман қорғау инженері Әділ Бименов және «Ancon EPO company» ЖШС-нің техникалық директоры Бекзат Нұрымбетов қатысты.
Жиналыста далалық орман өрттерінің ошақтарын анықтаудағы ғарыштық бейнебақылау жүйесімен жабдықталған мұнаралардың тиімділігі және оны облыстық орман шаруашылығы мекемелерінің негізінде пилоттық режимде тексеруден өткізу мәселелері талқыланды. Жүйе біртекті мұнаралардан, бейнебақылау камераларынан және орталықтандырылған байланыс пен басқару компьютерлерінен тұрады. Бір мұнара өзі орналасқан аумақтан 20 шақырым радиустағы өрт ошақтарын анықтай алады. Сол арқылы орманның өрт ошақтарын ерте анықтауға болады.
Облыстың өрт қаупі жоғары аймақта орналасуы, өрт қаупі маусымның наурыз-қазан айлары аралығында жалғасуы және мемлекеттік орман қоры жерлері облыстың жалпы жер аумағының 3/1-ін алатыны себепті, заманауи бағытта цифрландыру жүйелерін орнатуды «Сырдария — Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базасында орнату жоспарлануда.