Арыс қаласындағы 37 білім беру ұйымдарында жалпы 1-11 сынып аралығында 18558 оқушы білім алуда. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында 1-4 бастауыш сыныпта оқитын 6722 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Әлеуметтік картада есепте тұрған балалар саны -753. Соларды қоса есептегенде, жалпы мектептерде ыстық тамақпен 7475 оқушы қамтылды.
Былтыр облыстағы оқушы тасымалын ұйымдастыратын мектептерге Түркістан қаласында автобустар салтанатты түрде тапсырылған болатын. Арыс қаласының білім бөлімі мемлекеттік мекемесіне қарасты Байырқұм ауылдық округіндегі «Аққала» жалпы білім беретін мектеп пен Монтайтас ауылдық округінде орналасқан «Қабылсай» жалпы білім беретін мектепке 20 орындық «Yutong ZK6745DX» маркалы және Дермене ауылдық округіне қарасты М.Тынышбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке 38 орындық «Yutong ZK6745DX» маркалы автобус берілді.Жалпы аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында 425 оқушы тасымалданып білім алуда.
Б.Оңтаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепке облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Тапсырыс беруші: Арыс қаласының білім бөлімі. Мердігер мекеме «СервисЦентр-2007» ЖШС-і болды. Конкурстың құны – 344,957 млн теңге. Мердігер мекеме ғимараттың сыртқы сайдинг және ішкі сылақ жұмыстарын жүргізіп, есік, терезелерін ауыстырып, жылу жүйесін ретке келтіріп, қазандығын ауыстырды. Электр жүйесі мен едені, қоршауы, спорт алаңдары жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы мектеп гимназиясына 200 орындық қосымша оқу корпусы салынып, оқушылардың білім алуына берілді. Оның құны– 309 млн 939 мың 876,00 теңге. Мердігері «Ar Kua Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті жұмыстарды жүргізіп, нысанды уақытылы тапсырды.
Бұдан бөлек, жақында И.Журба атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне 300 орындық қосымша оқу корпусы салынып, пайдалануға беріледі. Оның жалпы құны – 515 млн 560 мың 450,94 теңге. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Vek-Stroy-Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Бұйыртса, 2024 жылдың тамыз айында «Отырар» тұрғын ауданында — 600 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Оның жалпы құны – 1 млрд 194 млн 287 мың 255,28 теңге. Құрылыс жұмыстарын мердігері «Аша-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізетін болады. Қазіргі таңда «Тараз» тұрғын ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды, 2024 жылы 1 қыркүйекке пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Наурыз» тұрғын ауданында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 600 орынды жаңа мектептің құрылысы 2024 жылы басталады, 2025 жылы 1 қыркүйекке пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған болатын. Биыл 29 мектептің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. Қалған 34 мектеп 2025 жылы тапсырылады. Мектептердің құрылысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған. Арнайы жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жоспары бекітілген. Әр аудан, қалада мектеп салынатын жер анықталып, инфрақұрылымы тартылып, бірнеше мектептің құрылысы басталып кетті.
Облыс бойынша қазіргі таңда 1000 мектеп бар. Оның ішінде 907-сі мемлекеттік, 93-і жекеменшік. Одан бөлек, облыста 1378 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы бар. Олардың 77,1%-ы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. Сонымен қатар, өңірдегі ерекше балаларға білім беретін және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен қолдау қызметін көрсететін 31 арнайы білім беру ұйымы бар. Соңғы үш жыл көлемінде облыстағы арнайы білім беру ұйымдарының желісі көбейді.
Жалпы елімізде 2026 жылға дейін ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу көзделген.Үкімет басшысы Әлихан Смайыловуәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмыстардың орындалу сапасын мұқият қадағалап, нысандардың бағасын негізсіз көтеруге жол бермеуі тиіс және мектептерді белгіленген мерзімде тапсыру қажет екенін айтады.
Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталған. Жайлы мектептердің басқа білім ұяларынан айырмашылығы «Жайлы мектептер» бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталатын болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін тарсформер-парталар мен «ауыз су фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады. 2023-2025 жылдар аралығында елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 401 мектеп салу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді. Тағы бір айта кететіні, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүреді. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады.