Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деген болатын. Мұның өзі жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында бізден тиянақты жұмыс істеуді талап етеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қай-қайсысымыз да, сапа үшін күресуіміз керек. Бұл бағытта табыссыз емес екендігімізді мақтанышпен атап өте аламыз.
Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты 161 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Аудан бойынша 2-6 жас аралығында 10350 бала бар. Оның 9400-і (99,3%) балабақшамен қамтылған. Сонымен бірге 2246 бала мектептердегі дайындық тобында.
Облыстық білім басқармасының «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Абай атындағы орта мектебінің базасында республикалық «Зерде» жас ізденімпаздардың ғылыми жоба конкурсының облыстық кезеңі өтті. Осы сында өлкетану секциясынан «Болашақ» жалпы білім беретін мектептің 2-сынып оқушысы Раяна Беркінбек ІІ орын, туризм және спорт секциясынан Абылай хан атындағы жалпы білім беретін мектептің 3-сынып оқушысы Ақбота Катешова мақтау қағазымен, математика секциясынан «Мырзакент» мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Александра Филимонова ІІІ орын, робототехника секциясынан «Мақтаарал» мектеп-гимназиясының оқушылары Довронов Жонибек, Шишкин Анатолий ІІІ орын, химия секциясынан 7-сынып оқушысы Амина Самат ІІІ орын, этномәдениеттану секциясынан 7-сынып оқушысы Фаина Нам ІІ орын, технология және өнер секциясынан Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Назерке Жақсылық ІІ орын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Бірлік» жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Асел Оразалиева мақтау қағазын иеленді.
2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңі Шымкент қаласындағы «Jana Daur» мектеп-интернатының базасында өтті. Осы сында ауданымыздың Рамазан Ябаев, Әсем Құдайбергенова, Ақжелкен Берікбай, Гүлжайна Ғанибаева, Тоқжан Есет, Әбсұлтан Қалижан, Жазира Мұхтарқызы секілді шәкірттері мерейімізді үстем етті.
«Тарих өткелдеріндегі қазақтың үш биі» сахналық байқаудың республикалық кезеңінде С.Рахымов мектебінің «Балалықтан даналыққа» атты командасы бас жүлдені жеңіп алды.
Шешендік сөздерді жатқа айтудан Ы.Алтынсарин ЖББМ 9-сынып оқушысы Несібелі Анарбай бас жүлдені, Абылай хан ЖББМ 11-сынып оқушысы Іңкәр Үмбетова І орынды иеленді. Сонымен қатар мақтааралдық оқушылар «Ақберен» республикалық өнер байқауынан екінші орынмен оралды. «Абай оқулары» республикалық байқауында Айдана Басымбек бірінші орынды иеленді. Айта берсек, мұндай мысалдар мыңдап саналады.
Сондай-ақ, Пәтима Әбдікәрімова, Нұргүл Рысбекова, Жазира Нұржанова, Айгүл Жорабаева, Ақниет Лесбай, Нұрсұлу Ярмухамедова сынды педагогтарымыз аудан даңқын аспандатып жүр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысына сәйкес «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудан аумағына 5 жайлы мектеп салынуы тиіс. Олар Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы, А.Қалыбеков ауылдық округіндегі Үлгілі елді мекендерінде, Жамбыл ауылдық округінен және Атакент кентінен орын теппек. Қазіргі таңда Атакент кентіндегі 1500 орынды және Үлгілі елді мекеніндегі 600 орынды жайлы мектептердің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Ал, 2024-2025 жылдары Атакент кентінен 900 орынды және Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінен 900 орынды мектептердің құрылысы басталады.
Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни ол мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Зәулім мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендірілуі талғамға сай болады.
Сондай-ақ, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар – бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар қойылады. Тынығу алаңдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де барлық жағдай жасалады. Дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылады.
«100 ата-ана, 100 оқушы болашаққа» тақырыбында білім беру ұйымдарында ата-аналар мен оқушыларға психологиялық сүйемелдеу көрсету, ақпараттық насихат жұмыстарын өткізу бойынша іс-шара жоспары түзіліп, бекітілді. Мектептерде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар және сынып жетекшілері әрбір оқушының ата-аналарымен тығыз байланыс орнатқан.
Деструктивті діни идеология ықпалынан оқшаулау мақсатында барлық білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік педагогтар әрбір мектеп оқушысының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерделеуді қолға алды. Оларды діни идеология ықпалынан оқшаулау үшін тұрақты түрде кеңестер беріледі. Мектеп психологтары «ХХІ ғасыр ата-аналары – өз балаңа үлгі бол» атты түсіндіру жұмыстарын өткізуде.
Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты мектептерде 2023 оқу жылында «ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ» жұмысын жоспарлы түрде жүргізді. Биылғы наурыз айының бірінші онкүндігінде аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымыздың 2 кенті мен 9 ауылдық округіндегі мектептерде «Әкелер мектебінің жұмысын жандандыру» тақырыбында аумақтық «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді.
Мақтаарал ауданы жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес білім, ішкі саясат бөлімдері, «Жастар ресурстық орталығы» және полиция бөлімі тарапынан мобильдік топ құрылып, бала еңбегін қанаудың алдын алу мақсатында егістік алқаптарына рейдтік шаралар өткізілуде.
Білім беру ұйымдарынан оқушының үйіне дейінгі аумақтағы қауіпті аумақтар анықталып, қауіпсіз мектеп картасы барлық білім беру ұйымдарында орнатылуы және оқушылардың күнделіктеріне ендірілді. Сонымен бірге оқушылардың жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында білім беру мекемелерінде ата-аналармен бірге ашық тәрбие сағаттары, мектеп инспекторының қатысуымен жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жаяу жүргіншілер жолақтарынан оқушыларды өткізу бойынша кесте түзіліп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Біздің басты мақсатымыз жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру. Сапа үшін күрес өмірлік ұстанымдарымыздың бірі болып қалады. Осы мақсатта тиянақты жұмыс істеп, оқу-тәрбие ісін одан әрі жақсарта түсуге күш сала береміз.
Мұратбек СЕРІКБАЕВ,
Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы.