Түркістан қаласында Әмір-Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектептің жаңа ғимараты ел игілігіне тапсырылды. 300 орындық білім ошағының ашылу рәсіміне Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Жұмашев Ғалымжан Сұлтанбекұлы қатысып, жаңа ғимараттың лентасын қиып, оқушылар мен мұғалімдерге алдағы сәттілік тіледі.
— Түркістан түркі әлемінің – рухани астанасы. Ендеше біздің болашағымыз білімді, өнегелі, тәрбиелі болуы тиіс.Ұстаздар қауымына артылар міндет ауыр.Сіздерге әркез шығармашылық табыс, абырой тілеймін! Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында! Олардың оқуда озат болып, қоғамның барлық саласында биік белестерді бағындыруына тілектеспін! Оқушыларымыздың келешекте Отанымызға адал қызмет етіп, оның дамуына үлес қосатынына кәміл сенемін! Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! — деді аталмыш басқарма басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы.
Білім ордасында заманауи пән кабинеттері мен компьютер, мультимедиа, лингафон сыныптары мен спорт залы да қарастырылған. Бұл осында білім алатын 454 оқушының өз білімдерін тереңдетуіне зор мүмкіндік береді. Түркістан қаласындағыӘмір-Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің негізі 1948 жылы қаланған екен. Апатты деп танылған білім ордасының орнына жаңа 3 қабатты ғимарат салынып, оқушылар игілігіне пайдалануға берілді.
Жалпы мектеп оқу ғимараты типтік жобамен салынған. Ғимарат ішінде 20 оқу кабинеті бар, Оның ішінде: 2 компьютер кабинеті, 2 мультимедиа, 3 лингафон кабинет және спорт зал, асхана, кітапхана, медпункт, егу кабинеттері қарастырылған.
Жаңа білім ұясы 2 ауысымда 400-астам оқушыға, 60 мұғалім дәріс береді. 11 сынып қазақ тілінде, 11 сынып өзбек тілінде білім алады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында мыңға жуық мектеп бар. Онда 490 920 оқушы білім алуда.Өңірімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың оқушыны қамтитын 63 мектеп салынады деп жоспарланған. Оның 29-ының құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталатын болады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы да жыл соңына дейін бітеді деп күтілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін беретін болады.
Жайлы мектептердің басқа мектептерден артықшылығы, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталатын болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін тарсформер-парталар мен «ауыз су фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.
Сосын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүреді. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады.