Кентау қаласынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатиының депуттары, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның мүшелері қала тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Әл-Фараби атындағы №14 мектепте өткен жиынға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, Кентау қаласы мәслихатының төрағасы Қаблан Елеусизов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратша Түнтеков және қала тұрғындары қатысты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева жыл бойы атқарған жұмыстары жайында айтып өтті.
— Мен партиялық тізіммен сайланғандықтан, партиямыздың сайлауалды бағдарламасын іске асыруға тікелей жауаптымын. Партияның сайлауалды бағдарламасы — әрбір тұрғынның әл-ауқатын арттыру бойынша нақты көрсеткіштерге негізделіп, инженерлік-коммуникациялық, тұрғын үй және жол инфрақұрылымдарының өзекті мәселелерін шешуге, медициналық қызмет көрсету, білім беру және басқа да салалардың сапасын жақсартуға бағытталған – стратегиялық құжат. Өткен екі жыл аралығында халық көтерген өзекті мәселелер бойынша 35 депутаттық сауал жолдап, оның 31-і оң шешімін тапты, — деді Қалыйма Жантөреева.
Сондай-ақ, сайлауалды бағдарламада Кентау қаласы бойынша жоспарланған 50 индикатордың 48-і орындалғанын айтып өтті.
— Облыстық мәсихаттағы фракция мүшелерімен бірлесіп атқарған жұмыстардың бір парасына тоқталып өтуді жөн санап отырмын. Бағдарламадағы әрбір тармақтың орындалуына облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардағы аманаттық депутаттар жауапты болып бекітілген. Бұл жұмыстар әріптестеріміздің ел арасындағы өзекті мәселелерді көтеріп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе, оларға депутаттық сауалдар жолдай отырып, атқарған жұмыстарының жемісі деп білемін. Мәселен, тек облыстық мәслихаттағы депутаттар 2023 жылдың өзінде жергілікті атқарушы органдарға 361 депутаттық сауал жолдаған. Қазіргі таңда оның 231-і немесе 63 пайызы орындалды. Қалған 130-ы орындалу үстінде, — деді ол.
Қалыйма Жантөрева Кентау қаласына қатысты бірқатар игі істердің оң шешімін табуына ықпал еткенін де жеткізді.
— Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығының жөндеу жұмыстарының сын көтермей тұрғаны кенді шаһардың ең күрделі мәселесінің біріне айналды. Жылу беру орталығын модернизациялау бойынша 2022 жылы облыс бюджетінен біршама қаржы бөлінуіне ықпал еттік. Орталықтың керек жарақтарын қамтамасыз етуге өткен жылы да қосымша қаржы бөлінді. Мекемені жаңарту жұмыстары осылайша басталды» — деді ол.
Есепті жиында Кентау қаласы мен оған іргелес 7 елді мекеннің Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ, Құсшы ата, Шаштөбе, Бүргем аумағын экологиялық дағдарыс аймағына енгізу бойынша, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, сарапшылардан қорытындылар алынғаны айтылды. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары аясында өңірдегі және аймақтағы атқарылған жұмыстар сараланды. Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындардан түскен өтініш-тілектер нәтижесінде депутаттық сауалдар жолдағанын, оның бірқатары оң шешімін тапқанын сөз болды.
Депутат көтерген негізгі мәселелердің қатарында Кентау қаласы Алтынсарин көшесіндегі іргесі сыр берген бес қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру мәселесі де бар. Бес жылдан бері қаржы қаралмай келген нысанға Қалыйма Жантөреваның ықпалымен қаржы бөлініп, биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Шұғыла мөлтек ауданы №6, №7, №8 көшелердің инфрақұрылымына 951 миллион теңге, мүгедектігі бар азаматтарды гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге 123,5 миллион теңге, Қарнақ ауылындағы мәдениет үйінің құрылысына 1 миллиард 350 миллион теңге қаралған. Тізбектей берсек мандат иесі атқарған игі жұмыстар осылайша жалғаса береді.
Кентау қаласы тұрғындарымен өткен кездесуде облыстық мәслихат депутаттары Талғат Садуов пен Бегімбет Байғараев өздері жетекшілік ететін жұмыс бағыттары және сайлауалды бағдарламалары аясында атқарылған жұмыстар бойынша мағлұмат беріп өтті.
Тұрғындар Кентау қаласынан сайланған Түркістан облыстық мәслихаты дәпуттарына қаладағы жылу энерго орталығының әлі де өзектілігін, халықты әбіргерге салған жылу жүйесінің жұмысына көңілдері толмайтынын, сонымен қатар, қаладағы орталық көшелерге аяқ жол салу қажеттігін жеткізді. Облыстық мәслихат депутаттары аталған мәселелердің оңтайлы шешімін табуына назар аударатын атап өтті. Мәслихат депуттары қала тұрғындарғының көтерген мәселелерін жазып алып, оң шешімін табуына ықпал ететіндіктерін жеткізді.
Раушан НАРБЕК