Түркістан облысының кәсіпкерлері бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуді сұрады. Салық режимін жеңілдетуге өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында кәсіпкерлермен кездесу өтіп, ұсыныс мәслихатқа жолданды.
Облыс аумағындағы қалалық және аудандық деңгейде мәслихат депутаттарының ықпалымен кәсіпкерлердің мәселесі қанағаттандырылды. Енді Түркістан облысындағы кәсіпкерлер арнайы салық режимін 2 пайыз жеңілдікпен төлей алады.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасай отырып бюджетке түсімдерді арттыруды тапсырған болатын. Әрине, кез келген өңір кәсіпкерлерінің көтерген мәселесін жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп оңтайлы шешу жолдарын қарастыру басты мақсатымыз. Салықтық жеңілдік жасау кәсіпкерлер үшін өз ісін одан ары дамытуға тиімді, — деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.
Облыс орталығындағы «Rizo burger» жылдам тамақтану орталығының иесі Дастан Мәмішев 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның айтуынша, салық мөлшерлемесін төмендету кәсіпкерлер ғана емес, тұтынушылар үшін де тиімді. Соның арқасында тағамдарының бағасын орта бағада ұстап отырауға мүмкіндік бар деген пікірде.