Түркістандық көпбалалы ана Ажар Бимурзаева ұлттық өнерді насихаттаумен қатар, оны кәсіпке айналдырып отырған шебер. Жастайынан тігінге қызыққан ол бүгінде нәзік жандылардың көңілінен шығатын түрлі сөмкелер мен қыз жасауларын тігеді. Сондай-ақ, балаларға арналған жұмсақ ойыншықтарды да дайындайды. Ол сүйікті ісін кәсіпке айналдыру үшін қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, бүгінде өз шеберханасын ашқан. Өзі сияқты тігін ісіне құмар жандарды баулып, жұмыспен қамтып отыр.
«Бала кезімнен қуыршақтарға киім тігуге қызығатынмын, кейіннен өзіме керекті сөмке, сырт киімдерімді қолдан дайындай бастадым. Тіккен киімдерім ортама ұнап, шабыт ала бастадым. Сосын сүйікті ісімді хобби ретінде ғана емес, кәсібіме айналдырғым келді. Ендігіде шағын шеберханамды үлкейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап жүрмін», -дейді тігінші.