Бүгінгі таңда облыс көлемінде 245 бейінді дәрігерлерге тапшылық туындауда. Оның 100-ге жуығы құрылысы аяқталуға жоспарланған 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог, ангиохирург, онколог, патологоанатом, радиолог, травматолог, реабилитолог, эндокринолог, дермотолог, ЧЛХ, гематолог, гастроэнтеролог және тағы басқа да мамандар бар.
Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы 43 дәрігер шет елдерде біліктілігін арттырды. Атап айтсақ, Мәскеуде 30, Санкт-Петербургте 6, Стамбулда 7 неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы қосымша білім алып, тәжірибе жинады.
Өңірдегі тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлу жоспарлануда.
Айта кетейік, облыс аумағында жалпы 24 681 медицина маманы қызмет атқарады. Оның 5 534 дәрігер, 19 147 орта буынды медицина қызметкері. Облыстық мәслихатының 2019 жылғы 5 сәуірінде «Түркістан облысының ауылдық жеріне жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі туралы» №37/391-VI шешіміне сәйкес, 2023 жылы облыс аумағындағы ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа ие тапшы мамандықтағы 27 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау жәрдемақы көрсетілді.