Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында Ұлттық даму жоспарының басты мақсаттарын орындау аясында атқарылып жатқан жұмыстарды педагогикалық және ата-аналар қауымы арасында кең насихаттау үшін «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы, академик Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов ашық дәрісі өтті.
Дәріске қалалық, аудандық білім беру ұйымдарының басшылары, орта және кәсіптік білім беру мекемелерінің басшылары, оқытушылар, әдістемелік кабинет басшылары мен әдіскерлер, ата-аналар комитетінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Жалпы 400-ге жуық мектеп директорлары қатысты.
Бұл келелі кездесуден облыс ұстаздары біліктіліктерін арттырып, білімдерін толықтырды. Академик Асқарбек Қабыкенұлы, педагогтер мен білім мекемесі басшыларына өзінің тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауап берді. Жоғары деңгейде өткен тағылымды кездесуден педагогтар мол әсер алды.
Айта кетсек, Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов – Германияның доктор-инженері (1979), педагогика ғылымдарының докторы (1997), профессор (1999), педагогикалық ғылымдар Академиясының президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.
ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001), «Парасат» орденімен (2019), «Педагогика ғылымын дамытудаға еңбегі үшін» К.Д.Ушинский медалімен (Ресей, 2007) марапатталған.
Қазақстанда Салыстырмалы педагогика (СП) ғылымының негізін салған, Бүкілдүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдары кеңесінің (СББҚК, 2006) және Оңтүстік, Шығыс Азия елдерінің (СББҚК, 2009) атқарушы комитеттерінің мүшесі. Қазақстан мен шетелдердің 15-ке жуық академиялары мен ЖОО-ның академигі және құрметті профессоры. 250-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. Жеке өзі 3 оқулық, 20 монография, 4 кітап, 100-ге тарта ғылыми мақалалар және БАҚ-да 130-дан аса мақала жазған.