Жетісай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен аудандық білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бүлдіршіндері арасында «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» тақырыбында аудандық байқау өтті.
Мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету, мектепке дейінгі білім беру мекемелері бүлдіршіндерінің қазақ тілінде сөйлеу деңгейін көтеру, олардың ой-өрістерін, танымдық қабілеттері мен белсенділіктерін арттыру, талантты және дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауға мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен 5-6 жас аралығындағы 25 бүлдіршін қатысты.
Байқауға «Амангелді» атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лаззат Тулемисова, Асықата мәдениет үйінің директоры Гүлпар Дүйсенбекова, «Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Лаззат Илимова, аудандық қоғамдық-саяси басылым «Жаңа Жетісай» газетінің тілшісі Эльмира Усербекова, Жетісай ауданының Ардагерлер кеңесінің төраға кеңесшісі Раушан Айтышова қазылық етті.
Байқауды аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов пен аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ басшысы Құрманбек Рысмаханов ашып беріп, өнер мен білім додасында бақ сынап қатысып жатқан бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
Байқауға қатысушы бүлдіршіндер байқау шарты бойынша бірінші «Мен және балабақшам» кезеңіне сәйкес өзін, отбасын, балабақшасын таныстырса, екінші «Алақай, менің өнерім» кезеңінде өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге «Нұр-Жібек» балабақшасының қатысушысы Асылжан Шәріп лайық деп танылды. І орын «Қуаныш» балабақшасының қатысушысы Бағым Аманға берілсе, ІІ орын «Зауытбек» балабақшасының қатысушысы Жанерке Маратқызы мен «Күншуақ» балабақшасының қатысушысы Дамеля Абайдың еншісіне бұйырды. Ал «Наурыз» балабақшасынан Гүлжанат Қантөре, «Игілік» балабақшасынан Алимансұр Русланұлы, «Бейбарыс» балабақшасынан Нұрсая Сейітғали жүлделі ІІІ орынды иеленіп, қалған қатысушылар «Үздік өнер көрсетуші», «Дарынды бүлдіршін», «Өнерлі бүлдіршін» номинацияларымен марапатталды.
Байқауға қатысқан барлық бүлдіршіндерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, шәкірттерін баптап, додаға қосқан тәрбиешілерінің де еңбектері ескерусіз қалған жоқ, олар Жетісай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының алғыс хатымен марапатталды.