25 мамыр – мектеп бітіруші түлектер үшін ұмытылмас күн. Себебі, дәл осы күні олар алтын ұя мектептерін тәмамдап, жаңа өмірге қадам басады. Түркістан қаласы бойынша биыл 2815 түлек білім ошағымен қоштасты. Әдеттегідей, түлектерге салтанатты шара ұйымдастырылып, соңғы мәрте қоңырау соғылды.
Дәл сондай шараның бірі өткен Ө.Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, кеңес мүшесі Шора Исмолдаев, облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасовалар қатысып, ұстаздар мен түлектердің қуанышына ортақтасты. Нұрбол Әбдісаттарұлы ұстаздар мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтап, педагогтарға кәсіби-шығармашылық табыстар, ал түлектерге жарқын болашақ тіледі. Өз кезегінде оқушылар мен ұстаздар жоғары деңгейде өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Биылғы жылы Түркістан қаласындағы 76 мектепте білім алып жатқан 52668 оқушы оқу жылын аяқтаса, 2815 оқушы мектеп бітіріп, мектеп қабырғасында соңғы рет қоңырау тыңдап отыр. Олардың ішінде 170 оқушы «Алтын белгіге», 171 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында. Ал 5448 1-сынып оқушылары алғашқы оқу жылдарын аяқтады.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1052 мектеп бар. Сол білім ордаларында 518 733 оқушы білім алып, оқу жылын аяқтады.
2023-2024 оқу жылында жас түлек атанғандар саны – 32306. Оның 1727-сі «Алтын белгі», 2466-ы «Үздік атестатқа» үміткер.
Ал 9-сыныпты 45416 оқушы бітірді. Оның ішінде негізгі білім туралы «Үздік атестатқа» – 4540 бала үміткер.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестке Түркістан облысынан 27 340 оқушы қатысады.