Қазақ халқының діні, дәстүрі, дүниетанымы ғасырлар бойы өзара кірігіп, бөлінбес бірегей құндылыққа айналды. Дәстүрлі құндылықтардың сақталуы мен жандануы ұлттық болмысты сақтап, ұлттық мінезді тірілтеді. Дәстүріміздің түп қазығы дінге барып тіреледі. Яғни бастауын ислам дінінен алады.
Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ. Бүгінгі біздің міндет – дінімізді, салт-дәстүрімізді ұлықтай білу, ғасырлардан бері жалғасқан ұлттық тамырдың сабақтастығын үзбеу болып табылады. Осы орайда қазақ қоғамына дін мен дәстүр құндылықтарын жаңғыртушаралары аса қажет. Бұл мақсатта, ең алдымен ұлт бойындағы рухани әлеуетті тиімді пайдалануды ескерген жөн. Қазақ халқының бойында сан ғасырлардан бері келе жатқан дінге қатысты өзіндік тамыры терең жол бар. Ол халықтың рухани-моральдық ұстанымдарында (ар, ұят, обал, сауап т.б.) көрініс тапқан. Бүгінгі міндет аталған негіздерді күнделікті өмірде басшылыққа алу және жастарға насихаттау болып табылады.
Дәстүрлі Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы кереғар діни топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер. Дәстүрді дәріптеп ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра деп қадірлеп ұстансақ діннен де шет қалмасымыз анық. Себебі қазақ сондай дана болған әр дәстүрдің түбінде дінді ұштастырып отырған.
Ислам діні қазақ ұлтының ұлт ретінде қалыптасуына, әдеп пен құқық нормаларының орнығуына тікелей әсер етті. Дін ислам қазақ даласындағы материалдық және рухани мәдениеттің өрістеуіне жол ашты. Ж.Баласағұн, Қ.А.Яссауи, А.Йүгінеки, А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпеев, Ғ.Қараш, Ә.Кердері т.б. ойшылдар қарапайым халыққа дін насихатын биік дәрежеде жеткізді. Бүгінгі заманда да ислам қазақ ұлтының бірегейлігінің сақталуына, рухани жаңғыруына, ұрпақ тәрбиесінің дұрыс арнада болуына өз үлесін қоса алатындығы ақиқат. Дәстүрлі діни сана ұлттық қайнар көздермен сабақтасқан маңызды құндылық. Оның арнасы дұрыс бағытта жүрсе қазақ ұлты да жаһандану заманында өзінің ұлттық ерекшелігін сақтап қала бермек. Ахмет Байтұрсынұлының сөзінде: «Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса» — деген.
Б.Мырзабаев
Әлі Бекен мешітінің бас имамы