Дәстүрлі діни таным дегеніміз ол — біздің ұлттық болмысымыздың өзегі. Дәлірек айтқанда қазақтың діндегі дәстүрлі жолы. Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана, бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни ұстаным. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабы, діни сенім Матуриди ақидасына негізделген. Осы негіз біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, әдет ғұрпымыздан, салт-дәстүрімізден көруге болады. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы исламмен байланысын ешқашан да үзген емес, тіпті қазақ мәдениетін елестету де мүмкін емес. Діни ұстаным-адамдардың санасына, мінез-құлқына ықпал етеді, рухани-адамгершілікке шақырады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының бастауы ислам дінінен бастау алады.
Дін — тұнып тұрған мәдениет. Дәстүрлі дініміз қазақ халқының салт-дәстүріне сай. Біздің әдет-ғұрпымыздың бәрі шариғатқа сәйкес құрылған. Дін — табиғатына сай халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен үндесіп, зайырлы қоғамның мүмкіндіктеріне орай елді ізгілікке шақырады. Дін — өнегелілігімен және діни толеранттылығымен ерекшеленетін гуманитарлық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дін құлдырай бастаса, адамның бүкіл руханияты ауруға ұшырайды, ал егер өркендей түсетін болса, онда мәдени өсуге жол ашылады. Дін — дағдарысқа ұшыраған жағдайда, оған іргелес тұрған мәдениет те құлдырап, жойылуға айналады. Дін — тарихи-мәдени таным ретінде өркениетке өмір сыйлады.
Қазақ халқының жыршысы Қашаған атамыз айтып кеткендей:
Дін тірегі — ибалылық,
Ибаның әдеп — қақпағы
Қақпағы қымтап жабылса
Шайтанның қиын ашпағы. — деп Қашаған жыраудың өлең жырларында айтып өткендей дін тек қатып қалған тәртіптен емес, шынайылық, әдеп, тәрбиеліктен тұратынын баяндап халықты жақсылыққа шықарып кеткен.
Олардың бірлескен өзара әрекетінен әлемдік тарихтың мазмұны құрылады. «Мәдениет» пен «өркениет» бастапқы жабайылықтан құтқарады, халықты адамиландырады, басқаша айтқанда, олар адамды түбегейлі өзгеріске ұшыратады. Дін — мемлекеттік бірлік пен билікті нығайтушы, адамдарды жақындастырушы, қоғам тамырындағы қан айналымын реттеуші, бауырмашылық пен ұйымшылдықты уағыздаушы. Дін — адамдарды білімділікке, еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа үндейді «дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамып, дәстүр байиды». Дәстүрлі діннің құндылықтары салт-дәстүрлердің рухани өзегіне айнала отырып, қазақ халқына ғылым, білім, діни танымдық көзқарасты тарту етті.
Қазақ халқы ислам дінін өз халқының діні ретінде ұстанғанына да мың жылдан аса уақыт өтіпті. Дәлірек айтқанда, VIII ғасырдан бастау алғанымен, Х ғасырдың екінші жартысында арғы қазақ тайпалары тарихи шынайы таңдау жасап, ислам дінін қабылдады. Міне, осы кезеңнен бастап қазақ жері ислам өркениеті тараған аймаққа айналды. Сунниттік бағыттағы мұсылман діні — қазақ халқының рухани байлығының ажырамас бір бөлігіне айналды. Негізінде, қазақ халқы мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің рөлін екі аспектіде қарастыруға болады. Бір жағынан алғанда, құлдырап бара жатқан нанымдардың орнына келген ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан биіктеуіне, интеллектуалды және мәдени ілгерілеуіне ықпал етті. Әсіресе, дін ұлттық сипаттағы ең үздік қасиеттердің қалыптасуына оң әсер етті. Келесі жағынан алғанда, исламнан нәр алған халық тарих белестерінде өзіндік орнын жоғалтпау үшін мәдени күреске ұмтылды. Қазақ даласында «Құран», «пайғамбар», «шариғат», «ислам» сөздері үнемі айтылып жүрді.
«Ай, мұсылмандар, жараңдар,
Малыңнан зекетберіңіз.
Бірлігін Хақтың біліңіз,
Хақ жолымен жүріңіз». – деп Қабан жырау өзінің толғауында осылай зекет туралы толғағанын байқасаңыз болады. Ата – бабаларымыздың дінге қаншалықты бейім екенін өлең толғауларында білуге болады.
Ж.Төлен
Балаби қари мешітінің бас имамы