Қазіргі Қазақстан жағдайында ұлттық және азаматтық бірліктің маңызы өте зор. Яғни әрбір азамат шыққан тегі мен діни нанымына қарамастан өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстан елі және мемлекетімен тығыз байланысты екенін терең түсіне білуі қажет.
Діни бірлестіктер – діни сенімді уағыздау, тарату мақсатында құрылған. Осы мақсатқа лайықты белгілері: дінді тұту, құдайға құлшылық ету, басқа діни салттар мен ырым-жоралғылары бар, сондай-ақ дінге үйрету және өз ізбасарларына діни тәрбие беруге ұмтылатын азаматтардың ерікті бірлестігі. Олар діни топтар (заңды тұлға емес) және діни ұйымдар (заңды тұлға ретінде тікеуден өткен) ретінде құрыла алады. Діни ұйымдар жергілікті (ізін қуған адам оннан кем емес) және орталықтандырылған (құрамында үштен кем емес жергілікті ұйымдар кіретін) болып бөлінеді.
2023 жылғы ресми ақпарат бойынша елімізде 18 конфессияны қамтитын 3977 діни бірлестік тіркелген: Олардың 2835 – исламдық, ал 342 – православие, 93 – католик, 586 – протестант болса, 61 – Ехоба куәгерлері, 24 – Жаңа апостолдық шіркеуі, 13 – Кришна санасы қоғамы, 7 – иудаизм, 6 — бахаи, 2 – буддизм, 2 – соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 – муниттер болып тіркелген.
Мемлекет (заң бұзушылық орын алмаған жағдайда) діни ұйымдардың ішкі істеріне араласпайды, атап айтқанда діни ілімдердің мазмұнына, діни рәсімдер мен ғибадаттардың атқарылуына, діни бірлестіктер мен ұйымдарды ұйымдастырылуы мен басқарылу тәртібіне қатысты шешімдер қабылдамайды, діни ұйымдар өздеріне тиесілі қаражатты пайдалануда еркіндікке ие (бірақ кейбір елдерде діни бірлестіктердің өз мүшелері алдында қаржылық есеп беруі құрылтай құжаттарында қарастырылған):
– мемлекет діни бірлестіктер мен ұйымдарға материалдық қолдау, соның ішінде қаржылық демеушілік жасамайды;
– діни бірлестіктер мен ұйымдар ешқандай мемлекетттік қызметтерді атқармайды;
– діни бірлестіктер мен ұйымдар мемлекеттік істерге араласпайды, тек азаматтардың діни қажеттіліктерін өтеуді қамтамасыз етеді, мемлекет өз кезегінде діни бірлестіктердің заңды қызмет етуіне құқықтық жағдай жасайды.
Көріп отырғанымыздай, діннің мемлекеттен ажыратылуы атеистік идеологияны қолдау немесе таратуды білдірмейді. Бұл принцип азаматтардың ар-ождан және діни наным-сенім бостандығы құқын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерде ханафи мәзһабының ережелерін сақтамай, жат ағымның жоралғыларын жасайтын, имамға қасарыса қарсыласатын, жамағаттың шырқын бұзатын жат пиғылдылардың әрекетін дұрыс санамайды. Мешіт ішінде отырып, жамағат арасында алауыздық тудыратындар – мешіт тәртібіне бағынғысы келмейтін, Әбу Ханифа мәзһабы мен салт-дәстүрімізді мойындамайтын, мемлекеттік құқықтық нормаларды сақтамайтын, қоғамда қалыптасқан зайырлы құндылықтарды құрметтеймейтін жат ағымның жетегінде жүрген азаматтар имамның сөзі мен мешіттің тәртібіне бағынбайды. ҚМДБ Жарғысына сәйкес, ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңына, еліміздегі басқа да қолданыстағы заңнама нормаларына сүйене отырып, мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжаты дайындалды. Атап айтқанда, ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабы 5-тармағында: «Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді»,-деп жазылған. Сол құжаттың 1.4. бабында: «Мешіт жамағаты (бес уақыт намазға қатысушы, уағыз тыңдаушы, сауат ашу, Құран курстарының шәкірттері, жеке мәселеде келушілер) мешіттің ішкі тәртібінде қарастырылған барлық міндеттемелерге бойұсынуға міндетті»,-делінген. Муфтият жамағатты «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжатындағы талаптар мен ережелерді сақтауға, құрмет етуге шақырған. Құжаттың кез келген бабы бойынша тәртіп бұзып, мешіт ішіндегі тыныштықты кетіріп, теріс әрекет жасаушылар мен оларды қолдаушылар заң алдында жауап беретінін ескертеді.
Аталған діни қызметке кедергі келтірген Жамбыл обылысы Шу қаласында деструктивті діни ағым ұстанушы азамат мешіт имамының діни дәріс жүргізуіне кедергі келтірген. Яғни ҚМДБ бекіткен мешіттің ішкі тәртібін бұзып қана қоймай ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы, 2-тармағына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Аталған заңда: «Заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтардын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сенімдерін қорлау не қандайда бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрлыстар мен орындарды бүлдіру – жеке тұлғаға – 50, лауазымды тұлғаға – 100, заңды тұлғаға – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады»,-деп көрсетілген.
Қорыта келе азаматтардың діни наным-сенім және ар-ождан бостандығын жүзеге асыру мүмкіндігін кепілдендіре отырып, мемлекет өзінің Конституциялық негіздерін де қорғауға құқылы екенін айта кетуіміз керек. Сондықтан мемлекет пен діндар азаматтардың, діни бірлестіктердің қарым-қатынасы, бірінші кезекте, құқықтық негізде жүзеге асуы қажет деп санаймын.
Ж.Битанов,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Сайрам ауданындағы дінтанушы маманы