Қазақ халқында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардың алар орны ерекше. Жалпы, құндылықтар екіге бөлінеді: әуелгісі – ұлттық құндылық, екіншісі – діни құндылық. Ұлттық құндылықтар адамдардың табиғи, тарихи және әлеуметтік бірлігін қамтамасыз ететін этникалық кеңістікте қалыптасады. Ол сан алуан жолмен, әр түрлі формада көрініс тауып, адамдардың санасына, өмір салтына ерекше әсер ететіндігі айтылады. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды адамдардың өзара қарым-қатынасында, қоғамдық іс-әрекетінде ерекше көзге түсетінінен және осы көзқарастардың, іс-әрекеттердің, мақсаттардың, қажеттіліктер мен тілектердің адамгершілік негіздерінен байқауға әбден болады. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен олардың байланысының көрінісі болып табылатын әдет-ғұрып жүйесі халқымыздың тарихының, заман өзгерістерінің, түрлі қоғамдық-саяси процесстердің әсерінен қалыптасты.
Ұлттық құндылықтар шариғат талаптарына қайшы болмағандықтан дін оны жоққа шығармастан, бір-бірін қуаттап тұрады. Әрі қалыптасқан діннің де өркендеуіне қызмет етеді. Мәселен, Пайғамбар (с.а.с.) хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі»,- дейді. Адам баласы жас шағында үлкенге қалай қараса, қартайғанында жастар да оған дәл солай қарайтын болады делінген. Бұл тұрғыда Майлықожа ақын: «Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар. Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар»,- деп тәмсіл өлеңімен көрсеткен. Бұл дегеніміз – дін мен дәстүрдің біте қайнасқанының бір белгісі. Халқымыз өзге ұлт пен ұлыстармен бірлік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Татулықты ту еткен халқымыздың мұндай даналық басқаруы да біздің құндылығымыз қатарында. Ал рухани байлыққа кенелудің жолы – әрбір адамның өз халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қастерлеп, оны өзгелер арасында көрсете отырып таратудан, құрмет көрсетуден бастау алады.
Ислам дінінің дәстүрімізді дамытудағы маңызы мен рөлі өте зор және ол рухани байлығымызды байыта түсті. Мәселен, дәстүрлі ислам діні әкелген гуманистік идеялар халқымыздың рухани құндылықтарының кемелденуіне орасан зор ықпал етті. Ислам діні келгеннен кейін Орталық Азия халықтарының өміріндегі діни құндылықтар жүйесі жаңарып, жерімізден көптеген ойшылдар мен энциклопедистер шықты. Сондай-ақ, сәулет ескерткіштері мен қалалардың пайда болуына себепші болды.
Ұлттық құндылықты дамытуда ерекше орын алатын бұл діннің идеялары мен нұсқаулары табиғи-тарихи дамуымен, қоғамдық өмірімен, тұрмысымен, өткенімен, болашағымен, мәдениетімен, руханиятымен, салт-дәстүрімен, тілімен тығыз байланысты. Ол халқымыздың дәстүрімен қарым-қатынаста түрлі формада көрініс тауып (біртұтас сенім, мәдени-рухани жақындық, мұралар және т.б), ұлттық құндылықтардың бірегей жүйесін қалыптастырды. Олар ұлтымыздың тарихи даму барысында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени ерекшеліктері мен қырларынан көрініс табады.
Сөзімізді қорытындылай келе, мұндай баға жетпес байлықты ешқандай күшпен, үгіт-насихатпен немесе тыйым салумен өзгерту мүмкін емес. Өйткені, олар ұлтымыздың ажырамас бір бөлігіне айналды. Елімізде қашанда кең көлемде аталып өтетін ұлттық мерекелер мен қатар діни екі айт мерекесі, қарияларға құрмет, кішіге ізеттілік таныту, жетім мен жесірге қамқорлық көрсету сынды іс-әрекеттер соның бір дәлелі іспеттес.
Б.Шаймерден,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Мақтаарал, Жетісай ауданындағы маманы