Түркістан облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру үшін түбегейлі шаралар қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Осы бағытта Түркістан қаласы бойынша 2025 жылға дейін жалпы саны 8 «Жайлы мектеп» салуға ұсыныс әзірленіп, бекітілген. Мектептердің құрылыс құжаттары толық әзірленіп, тиісті басқармаларға ұсынылды. Соның нәтижесінде, қазіргі таңда 3 мектептің құрылысы басталды. Алдағы жылы тағы 5 мектептің құрылысы жүргізіліп, екі жылда 8 мектеп тапсырылатын болады.
Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы мектептердің жағдайын жақсартуға зор ықпал жасалуда. Өткен бес жыл ішінде жеке мектептерден бөлек 3 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бірнеше мектеп күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, материалдық базалары нығайтылуда. Биылдың өзінде 4 мектеп пен 4 балабақша («күрделі жөндеуден өтетін болды. Сондай-ақ, 10 мектеп (№22 Б.Момышұлы, №26 Әйтеке, №4 С.Сейфуллин, №6 М.Мәметова, №16 Т.Бигелдинов, №8 Н.Төреқұлов, №24 М.Шоқай, №5 Ғ.Мұратбаев, Ш.Ниязов, №12 Қ.Сәтбаев) пен 7 балабақшаны («Балғын», «Балбөбек», «Болашақ», «Бөбек», «Балапан», «Мереке», «Ертөстік») ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл соңғы жылдардағы ауқымды жұмыс болып отыр.
Түркістан қаласы облыс орталығы болмай тұрып та жыл санап халық саны тұрақты өсіп отыр. Халық жаңадан қоныстанып жатқан аумақтарға жаңа мектептер салынғанына қарамастан мектептерде орын тапшылығы сезіле бастады. Ал, облыс орталығы болғаннан кейін басқа қалалардан көшіп келушілер саны артып, мектептер арасында үш ауысымға өткендері де бар.
Қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептердің жобалық қуаты 26198 оқушыға арналған. Ол білім мекемелерінде екі ауысымда 47012 оқушы оқытылуда. Дегенмен, халық тығыз орналасқан аумақтардағы мектептерде яғни №2 Хамза, №23 Ж.Тәшенов, №14 Қазыбек би атындағы мектептерде оқушылар мектеп ғимаратының сыйымдылығына байланысты үш ауысымда оқытылып жатыр. Сонымен қатар, №15 М.Жұмабаев, №8 Н.Төреқұлов мектептері де үш ауысымға көшу қауіпінде тұр. Бұл орайда жеке кәсіпкерлердің де көмегі зор болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жылына бірнеше мектептер ашылып, оқушылардың жеке мектептерге ауысуы есебінен халық тығыз орналасқан мектептер үш ауысымдылықтан тыс қалды. Мысалы, қаладағы Бірлік секторында ашылған «Арман M-School», «Бірлік» мектептеріне Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектебінен 1200 оқушы ауыстырылып, үш ауысымдылық жойылды. Сонымен қатар, Жаңа қала аумағында А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейі мен №28 мектеп-лицейі ашылды. Қос мектепте де алғашқы жылдары бала саны аз болғанымен уақыт өте оқушысы ең көп мектептерге айналды. Әмір Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебіне 300 орынды ғимарат пайдалануға берілді. Қазіргі таңда да мектептерде орын саны қажет етеді. Екі мектепте үш ауысымдылық сақталып отыр. Біз бұл мәселені Түркістан қаласында салынатын «Жайлы мектептермен» шешу жоспарланып отыр. Яғни, екі жылда Түркістан қаласында 11100 оқушыға лайықталып салынатын 8 мектептің құрылысы аяқталса, осы өзекті мәселенің шешілуіне оң ықпал ететін болады. Сонымен қатар, Баянауыл, Яссы мөлтекаудандарында мектептер салу жоспарланған.
Түркістан қаласының аумағы кеңейіп, қалаға қоныс аударушылар көбейгендіктен, яғни мектептерде оқушы санының артуына байланысты оқушыларға оқулықтардың жетпей қалу жағдайлары да орын алған. Дегенмен, облыстық білім басқармасының көмегімен мәселе дер кезінде шешілген. Қалалық білім бөлімі басқармаға сұраныс жолдап, қажетті кітаптарға тапсырыс беріп, нәтижесінде биыл 249842 дана оқулық сатып алынып, мектептерге таратылды. Сонымен қатар, 1, 11-сыныптарға бала санының өсіміне байланысты туындаған қажеттілікке байланысты оқулықтар сатып алынды. Қазіргі таңда барлық мектептер 100% оқулықтармен қамтылған.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз ету» тапсырмасына сәйкес, қаланың 34 мемлекеттік, 36 жекеменшік мектептер, 21 мемлекеттік, 87 жекеменшік балабақшалар 100% бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Мектептердегі бейнебақылау камералары 2014-2022 жылдар аралығында орнатылған. 2023 жылдың тамыз айында басқарма тарапынан бейнебақылау камераларын жаңартуға әр мектепке 1 млн 200 мың теңге, турникет орнатуға 1 млн. 400 мың теңгеден қаражат бөлініп, орнату жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда барлығы толық жұмыс жасап тұр. Дабыл түймелері орнатылып, облыстық Полиция департаментіне қосылған. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап барлық мектептерде арнайы күзет жұмыстарын жүргізуде.
Түркістан қаласындағы мектептерде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, түрлі үйірмелерге тарту мақсатында 6 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді. Онда 133 үйірмеде 3904 оқушы қамтылып, бос уақытын тиімді пайдаланып келеді. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланумен қатар оларды Отаншылдыққа, патриоттылыққа, сөз шеберлігіне, ой-өрісін дамытуға дебат клубтарының қосар үлесі де зор. Бөлімге қарасты 32 мектепте қосымша білім беру педагогтарының жетекшілігімен оқушылардың ой-өрісін жетілдіру мақсатында ақысыз үйірме ретінде дебат клубтары ашылған. Қазақ, орыс, ағылшын фракциялары жұмыс істейді. Нәтижесі де жоқ емес. Оқушылармен қатар педагогтар да облыстық, республикалық пікірсайыстарда жетістікке жетуде. Атап айтсақ, оқушылар арасында өткен облыстық дебатта 1 мектеп жеңімпаз атанып, республикалық сайысқа жолдама алса, 8 мектептің оқушылары облыстық сайыста жүлдегер болды. Ал, педагогтар яғни мектеп басшылары арасында өткен екі ойында жеңіске жеткен 2 мектеп басшысы Республикаға жолдама алса, тағы екі мектеп басшысы облыстық ойында ІІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушылары түгелдей бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылды. Яғни, осы уақытқа дейін тек әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары яғни қаладағы 4596 оқушы ыстық тамақпен қамтылған болса, биылғы жылы бастауыш сыныптардан 17118 оқушыға бір мезгіл ыстық тамақ берілетін болды. Олардың ішінде 1434 оқушы әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары. Яғни оқушы саны өткен жылғыдан 12522 оқушыға артып отыр.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, барлық мектептерде мектеп асханаларын дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп, оқу жылы басталар алдында барлығы дайын қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда мектеп асханалары қалыпты жағдайда жұмыс жасап отыр. Тамақтану кезінде кезекшілік ұйымдастырылып, көпшілік орында тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 33 мектептің ішінде 31 мектепте асхана жұмыс жасаса, 1 мектепте буфет жұмыс істейді. Яғни асхана қарастырылмаған. Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектебіне модулді асхана орнату бойынша қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған.
Айта кетейік, жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бағдарламаны іске асыру мақсатында жоспар құрылып, қаншама іс-шаралар өткізілуде. Мұндағы мақсат – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Осы бағытта барлық мектептерде 100-ге жуық ауқымды шаралар өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде бағдарламаның алдына қойған мақсатын орындап келе жатқанына, яғни өскелең ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп келе жатқанына көз жеткізіп отырмыз.