Сайрам ауданының білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде мемлекеттік тіл саясатын дамыту мақсатында жоспарлы іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай, мектептерде іс-шара жоспары жасалып, жоспарға сай тәрбие сағаттары, ашық, дәстүрден тыс сабақтар, мектепішілік мерекелер ұйымдастырылады.
2017 жылы Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.
Мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүрген, қызығушылық танытатын азаматтардың саны да жылдан жылға көбейіп келеді. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық.
Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді. Бұл қосымшалар аудан тұрғындарына, ұстаздарға, оқушыларға ақпарат ретінде таратылады.
Бұдан бөлек жыл сайын тіл мәдениетін арттыру мақсатында «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқаулары, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Аудан көлемінде орналасқан мектептерде «Аралас мектептерде мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын жетілдіру» жобасы аясында «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалды сауаттылық, патриотизм» тақырыбында онкүндік өткізілді.
«Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын жетілдіру» тақырыбындағы 2023-2025 жылдарға арналған шығармашылық және зерттеу жұмыстарының жобасы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жыл 31 желтоқсандағы №1045 қаулысын, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жыл 11 шілдедегі №151 Заңын, «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің таңдау курстарының үлгілік оқу бағдарламарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жыл 16 қыркүйектегі №399 бұйрығын басшылыққа ала отырып әзірленген.
Өзге ұлт өкілдеріне арналған «Мың бала» жобасы тұрақты жұмыс атқарып келеді. Жоба қорытындысына сай, аудан оқушылары сайыстың облыстық, республикалық кезеңдеріне қатысып, жүлделі орындар иеленіп қайтты.