Сайрам ауданындағы №1 Оқушылар үйіне қарасты жазғы сауықтыру лагерінде 314 бала демалуда. Қазір демалыстың екінші ауысымы басталып, аяқталуына да аз қалды. Демалушылар күніне 5 мезгіл, құрамында дәруменге бай, диеталық тағамдармен тамақтандырылады.
Жазғы маусымның 7 ауысымында 2198 баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай, 7-ден 14 жасқа дейін қабылданады. Әр ауысымның ұзақтығы – 10 күн. Жазғы сауықтыру орнына бюджет есебінен аз қамтылған отбасылар, мектепішілік есепке тіркелген балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және патронат балалар, мектеп-интернатында оқитындар қамтылса, ақылы негізде де балалар тыныға алады.
Лагерьде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында танымдық әрекеттері мен интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, шығармашылыққа баулу, еңбекқорлық пен достыққа тәрбиелеу мақсатында қажетті жағдай жасалған. Олар футбол, волейбол жəне баскетбол алаңдары, жаттығулар кешені, əткеншектер, кинотеатр, спорттық жəне мəдени шаралар өткізуге арналған жабық зал жəне жабық жүзу бассейні бар. Сонымен қатар, аумағында 4 жатақхана, 314 орындық асхана, фельдшерлік пункт, кір жуатын және жууну бөлмелері қарастырылған.
Оқушылардың демалысын ойдағыдай өткізуге байланысты қызықты, мазмұнды бағдарлама әзірленген. Жоспарлы түрде түрлі спорттық сайыстар, кездесулер мен танымдық ойындар ұйымдастырылады.
Таңертең алаңға жиналған балалар флешмоб түрінде би билеп, жаттығулар жасайды. Мұндай денсаулығына пайдалы таңғы сергітуден кейін, ән-би өнерін көрсетуге, сахналық көріністерді қоюға және спорттық ойындарға кезек беріледі. Атап айтқанда, «Фокустар күні», «Екі жұлдыз» ән байқауы, «Би алаңының жұлдыздары» би жарысы, «Қалпақ» кеші, «Фотоквест ойыны», «Ұлттық ойындар» секілді жарыстар өтеді.
Бөлімге қарасты «Оқушылар үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын басқаратын В.Якупованың сөзінше, тәрбиеленушілердің өз қолымен жасалған көптеген дүниелер лагерьде қолданылады. Солардың ішінде шахмат түрінде тігілген жер төсеніштері мен жастықтары, допты ұстауға арналған қалың қолғаптар және тағы басқалары.
Демалыстың әр күні жастардың қызығушылықтарын артып, көңіл-күйлерін көтеруде. Балалық шақтың бал дәмін әрбір демалушы сезінуде.