Дінді оқыту адам, қоғам, ғалам туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні даусыз. Білім берудің зайырлы жүйесінде дін мәселелерін түсіндіру қоғамда гуманистік және рухани-адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Руханилық бұл тек діни іліммен ғана шектелмейді. Руханилық – философиялық және этикалық ұғым. Руханилық – бұл зайырлы моральдық ұстаным ретінде адамның рухани жан-дүниесімен, ішкі және сыртқы мәдениетімен байланысты айқындалады. Руханилық – зайырлы этикалық ұғым ретінде адамның жан және ар тазалығын айқындайды. Бүгінде әлем елдерінің басым көпшілігінде мемлекеттік мектептер зайырлы мәртебеге ие. Зайырлылықтың тарихына үңілсек, тәуелсіз еліміздің зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда бекітілген. Зайырлылық қағидаты қоғамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болу керек. Руханилық бұл болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуының кепілі болуы керек. Сондай-ақ ол халықтың руханиятымен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, ізденгіштік, отансүйгіштік бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Діни ортадан шыққан жастар қоғамның мүшесі ретінде қоғамдық ортамен үйлесімді өркендеуі тиіс.
Діни фанатизм мен көзсіз еліктеушілікке қарсы тұратын қалқан болатын діни мәдениет пен діни сана қалыптастыру үшін діни білім зайырлы тұрғыда берілуі керек. Елімізде ұлтаралық келісім, діни төзімділік мәдениеті мен өзара құрмет қағидаты орныққан. Дін адамның рухани әлеміне тыныштық беріп, адамның абыройы мен ар-намысын үйретеді. Әрбір адамның жан-дүниесіндегі келісім мен ішкі мәдениет бұл қоғамдағы адамаралық қарым-қатынас мәдениетіндегі өзара түсіністіктің шарты. Дін қызметшілерін ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, діни мәдениетке баулу, өзге діндегілерге құрметпен қарауға, діндердің құндылықтық негіздерін терең түсініп пайымдауға,зайырлы ұстанымға сай қызмет жасауға құзіретті даярлау бүгінгі діни білім берудің мақсаты. Бұл діни білім беру жүйесі үшін өте өзекті болып табылады.
Әрбір діннің сенімдік ұстанымдары мен құндылықтарына құрметпен қарау, отансүйгіштік, төзімділік мұраттары мен ортақ құндылықтар жастардың санасына сіңіріліп, нақты бағдары ретінде зайырлылық қағидатының негізде оқытылуы қажет. Жат діни ағымдар мен діни фанатизмге қарсы тұратын ұстаным қалыптастыру осы исламтану мамандығының міндеті болып табылады. Дін экстремизм мен терроризмнің адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігін жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет. Діни білім беру әдістемесі тұлғаның рухани болмысын жетілдіруге және мәдениетін қалыптастыруға, діни білім жетістіктерін жан-жақты түсінуге, діни ілімдерді зерделеп, талдауға үйретумен қатар, басқаның мәдениетіне түсіністікпен қарауға, діни толеранттылық және дінаралық келісім ұстанымдарын сыйлауға тәрбиелейді. Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің діндар жастар да зайырлы мемлекеттік қағиданы, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және ата мұрасын қастерлеуі тиіс.
Дін қызметкері бітім-болмысы мен мәдениетімен, үлгілі өмірлік дерегімен және зиялы ұстанымымен ерекшеленіп, ғылыми және діни-философиялық мәселелер төңірегінде пікір-талас жүргізе алатындай деңгейде болуы және дін саласындағы мемлекеттік саясатты терең түсінуі оның әлеумет пен діни қауым арасында беделді болуына оң ықпалын тигізеді. Дін қызметкерлері білімі мен білігін, құзіретін рухани тәлім-тәрбиелік іс-шараларда, діни төзімділік пен ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және түрлі лаңкестік және экстремистік, зиянды ағымдардың керітартпа ілімдерінің алдын алу мақсатында іске асыру тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік құрылымы мен идеологиясы әртүрлі шет елдердің діни оқу орындарын бітірген азаматтарымызды зайырлы еліміздегі нақты қоғамдық өмір шындығына сай қызметке баулу маңызды. Зайырлы мемлекетіміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаттын жан-жақты түсіне білетін және білімі мен білігін нақты шындыққа сай іске асыратын дін саласындағы мемлекеттік қызметкерлерді даярлау уақыт талабы. Ұлтымыздың тұтастығы мен бірлігі – жеңістеріміздің түп негізі екенін ұмытпағанымыз жөн.
Әбділкәрім Болат,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы