Жалпы өмір сан қилы тартыс пен күреске толы. Заман алға басып, тұрмыс-тіршілігіміз өзгеріп келеді. Жаңа технология мен жаңа инновация ілгері қадаммен жаңартылуда әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Ел-жұртта басқа көзқарас, соған байланысты әртүрлі ұйымдар туындап, неше түрлі ағымдар ашылып жатыр. Қазақтың көркіне көз тоймас даласы мен жер астындағы байлығы әлемнің назарын өзіне қатты көңіл аударуда. Табиғи байлығымыз біздерге жеткілікті, алайда оны болашақ ұрпаққа сақтауымыз міндет.
Осы орайда, әлем мемлекеттері біздің көп ұлтты ел екенімізді жақсы біледі. Бірақ, бір-бірімізбен тіл табысудан бұрын жанжалдасқанымызды күтетіндеріде бар. Енді елімізде 18 конфессия өкілдері және 130-дан астам этнос өкілдері тұрады.
Жалпы 18 конфессиялардың бір-бірінен ерекшеленетін өзіндік ұстанымдары, қағидалары бар. Әрқайсысы өзіне көбірек адам тарту, өз қатарларына адам санын көбейту үшін қызмет етеді. Бұл жерде сәйкесінше байыппен қарамаса көзге көрінбейтін рухани талас-тартыстың өршіп кету қаупі бар екендігі анық.
Қазақстан әлемдегі діндердің, түрлі конфессиялардың арасында бейбіт келісімнің, өзара тату қарым-қатынастың орнығуына мүдделі екендігін білдіріп, 2003 жылдан бастап Астана қаласында әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дәстүрлі съезін өткізіп келеді.
Бұл басқосуларға әлемдегі ең ірі діндердің көшбасшылары мен беделді саясаткерлер және БАҚ өкілдері қатысып келеді. Әр съезде әлемнің әр қиырынан, түрлі дін мен конфессиядан тарайтын делегаттар әлемдегі сенімге, дінге, қатысты түйіткілдерді шешу бағытында өзара келіссөздер жүргізіп, дүйім жұртқа бейбітшіл мазмұнда үндеу жолдауда. Бірін бірі сан ғасырлар бойы жау көріп, арыз болып келген көптеген дін лидерлері Қазақстан астанасында бір үстелдің басына жиналып, бір-бірмен диалог құруды дәстүрге айналдырды. Мұны еліміздің әлемде бейбітшілік қалыптастыру және дін радикализм үрдістерінің алдын алу бағытында қолға алған маңызды бастамаларының бірі деп санауға болады.
Қазақстанның осынау жетістіктерін айтар кезде оның қарқынды дамуының тірегі болып саналатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімді жадымыздан шығармауымыз қажет. Бұл біздің еліміздің алға қарай нық қадам басуына мүмкіндік беретін зор алғышарт болып табылады. Алайда, адамзат дамуының тарихы көрсеткендей, сан алуан халықтар арасындағы достық, келісім мен бейбітшілік мәңгілікке орнай салатын игілік емес. Оны сақтай білу үшін ел болып жұмылған күйде күнделікті және тұрақты түрдегі тынымсыз әрекеттер жасалынуы қажет. Міне, сонда ғана Қазақстан етене өмір сүретін сан алуан ұлт және конфессия өкілдерінің дауысы бір қуатты сарынға айналатын болады.
Еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтыруда маңызды ерекеше болған нәрсе – дәстүрлі сипатқа сай Ислам, христиан және иудейлік діндердің бойында жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтарының болуы. Бұл дәстүрлі діндер Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында және шаңырағы шайқалмай, қауіпсіз өмір сүруінде маңызды рөл атқарады: олар қоғамымыздағы достықты қарым-қатынасты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Еліміздің биік мінберлерінен айтылған осындай ойларды халыққа түсіндіріп, Қазақстан көне заманнан бері сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысқан мекені болғандығын, ел аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиан және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүргендігін, яғни конфессияаралық келісім ісінде ата-бабаларымыздан аманат боп қалған игі дәстүрлердің әу бастан-ақ болғандығын баяндайды.
Қорыта келе, радикалды діни идеялар және этникалық топтар қоғамдағы тыныштықты бұзатыны әлдеқашан дәлелденген. ХХІ ғасырда дінді ақылмен, байыппен және қазіргі заманның қалыптасқан шарттарымен қатар ұстанбаса радикалды көңіл-күйге әкеліп соғатынын анық. Осыған орай, қазақ даналығы «Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деп айтпақшы дінді ушықтырмай дұрыс ұстану қажет. Ата-бабаларымыз айтып кеткендей: «Ынтымақ түбі – тірлік. Тірлік түбі – бірлік». Осы ұлы сөздің мағынасына қарап, барлығымыз бірігіп, сабырлы болуға ұмтылған абзал. Әр әулет, әр отбасы – өз үйін, туған жерін, оның байлығы мен мүддесін қорғауға ат салысып, Отан деген барымызды бағалайық. Жанымызға қымбат Отанымызды және еркіндікті сүйген – егемен Ел екенімізді ұмытпайық.
Нұрлыхан Әмзеев,
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы