Өткен ғасырдың 90-жылдары өз тәуелсіздігін жариялаған ТМД мемлекеттерінің барлығы негізгі мемлекеттің зайырлы сипатын бекітті.
Алайда, әр елде қалыптасқан саяси-діни жағдай мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды қоғамдық даму тәжірибесін ескере отырып, қалыптастыруға итермеледі. Көршілес жатқан кейбір елдерде діни топтар саясатқа араласып, мемлекетке өз көзқарастары мен мұраттарын ашық немесе бүркемелеп таңуға талпынды.
Конституцияға сай мемлекет зайырлы болып танылғанымен зайырлылықтың мазмұны мен формасы толыққанды ашылмай қалды. Мемлекет пен азаматтық қоғам діни бірлестіктермен қарым-қатынасының заңнамалық-құқықтық мәртебесін айқындау мен бекітуді талап етті.
Зайырлы мемлекет діннен ажыратылған және екеуі өзара бір-бірінің ісіне араласпайды деу қоғам үшін аса маңызды. Мемлекет пен дін қарым-қатынасының ұзақ тарихы бар.
АҚШ-тың 1791 жылғы «Құқықтар туралы Биллі» мен Француз Республикасының «Адам мен азамат құқықтар туралы» Декларациясы азаматтарға діни наным сенім бостандығын кепілдендіре отырып, мемлекет пен дін қатынасының конституциялық-құқықтық негіздерін қалады.
Осы уақыттан бастап діни наным сенім мен ар-ождан бостандығы адамның іргелі конституциялық құқықтарының бірі ретінде бекітіліп, оны қорғау мемлекеттің басты міндеттерінің біріне айналды.
Зайырлық принциптерін жүйелі жүзеге асырған мемлекеттердің бірі және бірегейі – Франция.
1958 жылдың 4-қазанындағы Конституцияның бірінші бабына сәйкес: «Франция – біртұтас, зайырлы, әлеуметтік, демократиялық Республика. Ол шыққан тегіне, нәсіліне, немесе дініне қарамастан барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді. Барлық діни наным-сенімдерді құрметтейді»- деп көрсетілген.
Бұл елде шіркеу мен мемлекеттің ажыратылуы принципі 1905 жылдан бастап заңмен бекітілген. Франция Республикасының Конституциясы азаматтарды нәсіліне, жынысына, әлеуметтік немесе діни белгілерінің негізінде кез-келген кемсітушілікке жол берілмейтіндігін кепілдендіреді.
Францияның қоғам қайраткерлері мен ғылыми қауымдастығы діни дәстүрлер мен мәдениеттен ажыраудың болашақ ұрпақ үшін аса қатерлі екенін де мойындайды. Сондықтан зайырлық пен діни дәстүрлер арасындағы орта жолды табу, қоғамның тұтастығы мен ынтымақтастығын сақтап қалу қазіргі Еуропа, соның ішінде Франция үшін де маңызды мәселеге айналып отыр.
ГФР Конституциясының төртінші бабында діни наным-сенім, ар-ождан бостандығы және діни, дүниетанымдық көзқарастарды жариялау бостандығы бұзылмайтынын, діни рәсімдерді еш кедергісіз атқару кепілдендірілетінін баяндайды.
Ал жетінші бабына сай, дінді оқыту, конфессионалдық емес мектептерді қоспағанда, көпшілік мектептер үшін міндетті пән болып табылады. Мемлекеттік бақылау құқына нұқсан келтірместен дінді оқыту діни қауымдардың принциптеріне сай жүзеге асырылады.
Конституцияларына сай қазіргі ТМД елдері – зайырлы мемлекеттер. Алайда, мемлекет пен дін қатынастарына осы елдердің тарихы мен дәстүрі, әлеуметтік-саяси ахуалы ықпал етеді. Сонымен қатар осы елдердің жетпіс жылға жуық бір мемлекет құрамында, коммунистік идеология құрсауында болуы мемлекет пен дін қатынасында өз қолтаңбасын қалдырды.
1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін православиелік шіркеу Ресей самодержавиесінің ажырамас бір тізбегі ретінде қарастырылып келді. Билікті қолына алған большевиктер 1917 жылдың желтоқсанында «жер коммитеттері туралы ережелер» жарлығын қабылдап секуляризация саясатына бастама берді. 1918 жылдың 23-қаңтарында Халық коммисарлары Кеңесі «Мемлекетің шіркеуден және шіркеудің мектептен бөлінуі» туралы жарлықты қабылдайды.
Осы арқылы Кеңес мемлекеті өзін зайырлы мемлекет ретінде танығанымен іс жүзінде атеистік мемлекетке айналды. Атеизм мемлекеттік идеологияның атрибутына айналды, ал дінді қоғам дамуын тежейтін кедергі ретінде түп-тамырымен жою мемлекеттің дін саласындағы саясатының басты бағытына айналды.
Азаматтық соғыс, аштық күрес және ұжымдастыру жылдарындағы Кеңес мемлекетінің озбырлы саясаты мемлекет пен дін қатынасын шиеленістіріп жіберді. Дін қызметкерлері қанаушы тап өкілдері деп танылып, оларға қатысты тап жаулары үкімі қолданылды.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес мемлекетінің барлық аймақтарында «Құдайсыздар қоғамы» құрылып халықты діннен ажырату жобасы қолға алынды.
1977 жылы қабылданған «кемелденген социализм» жетістіктерін заңдастырған Конституцияның 52-бабы КСРО азаматтарына ар-ождан бостандығын, дінді ұстану немесе ұстанбау, діни рәсімдерді орындау немесе атеистік насихат жүргізу құқын кепілдендіріп, шіркеудің мемлекеттен ажыратылғандығын бекітеді.
1977 жылғы КСРО Конституциясы «кемелденген социализмнің» негізгі Заңы болса, 1990 жылғыны «құлдыраған социализм» Конституциясы деп атауға толық негіз бар. Бұл Конституция атеизмді мемлекеттік идеология деңгейінде насихаттаған мемлекеттің соңғы Конституциясы болды. Ал бұдан кейінгі уақыт тәуелсіз мемлекеттер үшін «ұрандатқан атеизмнің» салдарларынан тазару жылдарына айналды.
ҚР Конституцияның 1-бабына сәйкес ҚР өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны көрініс тапқан. Сонымен бірге Ата Заңымыз әрбір адамның діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады.
Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес.
– Зайырлы мемлекеттің белгілері:
– Діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі.
– Діннің саясаттан ажыратылуы.
– Дін әр, азаматтың жеке ісі болып есептеледі.
– Мемлекеттік білім-беру жүйесі мен тәлім-тәрбие беру зайырлы сипатта.
– Діни наным-сенімнің көксейтіні — адамның жеке өмірінің бостандығы.
Дін мен мемлекет қарым-қатынасын, шет елдер мен кеңес мемлекетінің конституцияларын салыстырмалы талдау бізге зайырлықтың екі үлгісін ажыратуға мүмкіндік берді.
- Шартты түрде зайырлықтың үйлесімді үлгісі.
– Бұл қазіргі заманғы Батыс Еуропа мен АҚШ-қа және басқада демократиялық мемлекеттерге тән үлгі.
– Мұнда зайырлық дінге қарсы бағытталмаған және дінді теріске шығармайды, зайырлық пен діндарлық арасындағы тепе-теңдіктің сақталуына үлкен мән беріледі.
– Әрбір азаматтың барлық құқықтарының қорғалуына жағдай жасалады, ал мемлекет – оның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуының кепілі.
– Бұл үлгіде адам өзін бір діннің өкілі ретінде ғана емес, мемлекеттің азаматы ретінде қабылдайды, яғни азаматтық идентификация мен діни идентификация бір-біріне қайшы келмейді.
- Антиномиялық үлгі деп атауға болады.
– Өйткені бұл үлгідегі зайырлық дінді теріске шығарады, ар-ождан, діни наным-сенім бостандығы формалды сипатта болады.
– Мемлекет әлде бір дүниетанымды идеологиялық жүйенің ірге тасына айналдырады.
– Мемлекет дінді толық бақылауға алып, секулярлықтың шектен шыққан формасы ретінде атеизмді насихаттайды.
– Дін мен оның ұйымдарының қызмет ету аймағы мейлінше тарылады және дін қоғамда өзіне тән функцияларды атқарудан шеттетіледі.
– Дін идентификация толықтай азаматтық-мемлекеттік идентикафиямен алмастырылады.
– Дін мен оның институттары әлеуметтік институттар ретінде емес, дәстүрдің (артта қалған, ескішілік пен сауатсыздықтың (соның ішінде азаматтық сауатсыздықтың) элементтері ретінде қабылданады.
Қорыта келе, қазіргі кезде бұрынғы КСРО құрамына кірген мемлекеттер осы екі үлгінің өтпелі кезеңін бастан кешіріп отыр. Сондықтан мемлекет пен дін қарым-қатынасында антиномиялық үлгінің «салқыны» сезіледі.
Осы екі үлгінің өзіндік ерекшеліктері мен эволюциясын, мәні мен мазмұнын анықтау дін саласындағы саясатты жетілдіруге өз үлесін қосады деген ойдамын.
Ж.Битанов,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Сайрам ауданындағы теолог маманы