Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұстаздар мен оқушылар арасында «Edu Stream JULDYZDARY» байқауы өтті.
Шараны сегіз жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан Халықаралық EDU Stream тіл академиясының мақсаты ағылшын тілі ұстаздарын ынталандыруға және оқушыларға коммуникация, креатив пен сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға бағытталған.
Байқауды республикалық конкурсты «Express Publishing» баспасы ұйымдастырады.
Мақсаты – мектеп оқушыларының жеке өсуі мен өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау арқылы оқушылардың тілдік құзыреттілігі мен шығармашылық әлеуетін дамыту.
Байқау негізінен 3 кезеңде өткізіледі. Білім беру мекемелерінен ағылшын тілі 5-9-сынып оқушылары мен ағылшын тілі 10-11-сынып оқушылары қатыса алады. Алдымен, бала мұғаліммен бірге ағылшын тілінен тереңдетіліп оқытылатын арнайы оқулықтармен дайындалып, электронды тіркеліп, әр кезеңіне сәйкес берілген тапсырмаларды орындап, ережеде көрсетілген шарт-талаптарын орындайды. Атап айтқанда, ауызша диалог құру, жазбаша орындау, бейнежазба жолдау. Осылайша, әділқазылар алқасы қатысушыларды іріктеуден өткізеді. Екінші кезең бойынша ең көп ұпай жинаған оқушылар үшінші кезеңге өтеді. Үшінші кезеңнің нәтижесі ғана әділқазылар бағасының қорытындысына әсер етеді.
Мұғалімдер мен оқушылар үшін шығармашылық белсенділігін дамыту, конкурсқа қатысушыларға мектеп пен аймақтан тыс ауқымда бәсекелесуге тең мүмкіндіктер беру, республика мектептерінде ағылшын тілінің оқулықтарын қолдану негізінде ағылшын тілін еркін меңгерген талантты оқушыларды анықтау; оқушылар мен педагогтардың үздік жетістіктерін, мектеп жұмысының озық тәжірибесін тарату мүмкіндіктері қарастырылған.
Аталған байқаудың қорытындысымен, аудандық білім беру бөлімінің №18 Ә.Құрмантаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11 сыныпта білім алған Туламатова Зухра Мамуржанқызы ағылшын тілі пәнінен өткен білімділер сайысына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Ағылшын тілін оқитын оқушылар арасында «Edu Stream JULDYZDARY» республикалық байқауында «Креативті оқушы» номинациясының иегері атанды. Жеңімпазға Халықаралық EDU Stream тіл академиясынан бағалы сыйлық пен диплом табысталды.
Республикалық конкурсында шәкіртінің жеткен жетістігіне өз үлесін қосқан пән мұғалімі Г.Ахматалиева да марапатталды.