Соңғы жылдары Сайрам ауданының білім беру мекемесінің құрылысында ақаулары пайда болып, кейбір бөліктері жарамсыз күйге жеткені күрделі мәселеге айналған болатын. Өзекті мәселеге зерделеу жүргізіліп, тиімді шешімін табу үшін белгілі бір уақытты талап етті.
Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Әсіларық ауылында орналасқан №49 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің ғимараты екі бөліктен тұрады. Жобалық қуаты бойынша 300 оқушы орынға арналып салынған. Нысан 2009 жылы пайдалануға берілген. Кезінде мердігер «Югстройсервис» ЖШС-і құрылысын жүргізген. Құрылыстың құны – 371 874,71 мың теңгені құрайды.
Аталған білім ошағының 14 сынып кабинетінде 460 оқушы екі ауысымда білім алады. Оқуға жарамды 9 сынып бөлмесі ғана пайдаланылып келген. Мектеп ғимараттарын техникалық тексеру жұмыстарын «EXPERT-80» ЖШС-і мемесінің қорытындысына сәйкес, мектептің асханасы, спорт залының киім ауыстыратын бөлмесі, мектептің А және Б-блоктары секілді бөліктері қауіпті деп танылып отыр. 2020 жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасалынып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды.
Облыс бюджетінен қаржы қарастыру туралы сұраныстар беріліп, аталған мәселе қолдау тапты. Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен толық қаржыландырылып, күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен мердігер «Шамар Group» ЖШС-і 610 млн. теңгеге жеңімпаз болып танылды. Техникалық қадағалаушы мекеме – «ABT & company» ЖШС-і. Тапсырысшы – аудандық білім бөлімі.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылына дейін аяқтау мәселесі тапсырылған болатын. Бүгінде құрылысы қарқын алу үшін 60 жұмысшы тартылған. Бір жарым айда атқарылған жұмыс көлемі құрылыс кестесіне сәйкес атқарылуда. Қабырғалары жарылған бөлмелер толық қалпына келтірілді. Кәріз жүйелерін ретке келтіру жұмысы басталған. Электр жүйелері 70%-ға ауыстырылған. Мектеп қабырғаларын қырып, сылау, әрлеу, едендерді цементтеу жұмыстары аяқталуына жақын. Ғимараттың төменгі қабаттарына терезелер орнатылып, сыртқы қасбеттері сайдингпен қапталуда. Жоғары бөлігіндегі шатырлар жабынмен жабылуда.
Жаңа оқу жылына қарсы балалар үшін мектептің аумағындағы спорт алаңы жаңартылып, абаттандырылып, сондай-ақ көгалдандырылатын болады. Биыл мектептің жылыту жүйесі қатты отыннан көгілдір отынға өтіп, жақын күндері іске қосылмақ.
Құрылыс кестесіне сәйкес, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысу үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Ахметов Бауыржан Талғатұлы нысанға арнайы барды.
Аралау барысында құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін толық аяқтап тапсыру, осы бағытта жұмыс күшін көбейту және қаржыларды игеру қажеттіліктері айтылды.
Бұған қоса, күрделі жөндеу жүргізілетін мектепті қадағалау мақсатында аудан әкімдігінен жұмысшы топ құрылып, бөліммен бірге апта сайын қадағаланатыны туралы қосымша ескертілді.