Түркістанда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бабалар үні» атты этнос өкілдері арасында қазақтың эпостық жырларын жатқа айтудан байқау өтті. Байқауды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық өнерді ұлықтаған додаға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары және мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.
Байқаудың негізгі мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыруға, талантты жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, өңірдің мәдени имиджін көтеруге атсалысу сондай-ақ, этнос өкілдеріне қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттауға бағытталған.
Өнерлі жастар сайысына облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-і директорының орынбасары Гаухар Махаш, сондай-ақ аталған орталықтың оқытушылары Маржан Ерходжаева, Маржан Аймұратова және «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов қазылық етті.
Байқау нәтижесінде Сайрам ауданынан қатысқан Жасмина Хонтораева І орынға лайық деп танылды. Ал түлкібастық Азиза Кажиева ІІ орынды, саурандық Даниер Расулов ІІІ орынды иеленді. Бұдан бөлек, өнерімен озық шыққан қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен Алғыс хат табысталды.
Байқау барысында оқушы қыз «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын толық нұсқасын шеберлікпен жеткізіп, өнерімен тәнті етті. Шәкіртін жүлделі орынға жетелеген ұстазы Халмуратова Камоланың еңбегін айрықша екенін атауға болады.