Кентау қаласы және қалаға қарасты ауылдарда 3 күл-қоқыс төгетін полигон бар. Тарқатып айтар болсақ, Кентау қаласында күл-қоныс төгетін полигон аумағы – 33 гектарды, Қарнақ ауылында күл-қоқыс төгетін полигон аумағы — 3 гектарды, Ащысай ауылында күл-қоқыс төгетін полигон аумағы — 2 гектарды құрайды.
Кентау қаласындағы күл-қоқыс төгетін полигон өткен жылдың желтоқсан айында сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Қазіргі таңда мұнда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жұмыстарын жеке кәсіпкер «НҰР» мекемесі атқарады. Аталмыш полигонның экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес болуы үшін айналасы қоршалып, жарықтандырылған. Оған мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс ұйымдастырылып, жеңімпаз атанған «Астана Томирис и Ко» ЖШС-і 17,9 млн.теңгеге тиісті жұмыстарын істеді.
Алайда, табиғаттың тосын мінезіне, яғни нөсер жауын мен дауылды желдің болуына байланысты қоршаудың бірнеше бөлігі сынып, құлады. Бұл жөнінде мердігер мекемеге бірнеше рет ескерту берілгенімен олар тарапынан қалпына келтіру жұмыстары атқарылмады. Сондықтан, қазіргі таңда кепілдік мерзіміне сәйкес қоршауды қалпына келтіруді міндеттеу мақсатында сотқа талап арыз жолданды.
Кентау қаласы аумағында құрылыс қалдықтарын тастауға арналған 1,0 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік АКТ-і рәсімделіп, №19:304:001:2679 санды кадастрлық нөмір берілген. Бұл полигонды қоршау және экологиялық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында қазіргі таңда бөлім тарапынан жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Айта кетейік, Қарнақ ауылындағы 1 полигонда да олқылықтар анықталған. Мұнда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және полигонды басқару құқығы «ECO Waste» ЖШС-іне берілген болатын. Дегенмен, қоқыстың басым көпшілігі полигонға барар жолдың бойына төгіліп отырған. Қарнақ аулының полигонын сенімгерлік басқаруға алған мекеме өз жұмысын дұрыс атқармағандықтан жауапқа тартылуда.
Қарнақ ауылының учаскелік полиция қызметкерлеріде халық арасында қоқысты арнайы полигонға төгу қажет екенін түсіндіруде. Заң бұзушылық фактілері орын алған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатынын ескертуде. Ал, Ащысай ауылындағы арнайы қоқыс полигоны мүлдем экологиялық талаптарға сай емес, яғни, полигонға барар жол жоқ, қоршауы жоқ (екі қырдың ортасында).
Биылғы жылдың маусым айына дейінгі деректерге сүйенсек, Кентау қаласы және оған қарасты ауылдарда «тұрмыстық қатты қалдықтардың жалпы көлемінің ішіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесі» межесі бойынша, жинақталған қалдық көлемі – 473 тонна құраған. Қайта өңдеуге бағытталған қалдық көлемі – 94,6 тонна.
Қала аумағындағы қалдықтарды (пластикалық бөтелке, жез бөтелке, полителендік өнім) өңдеп, шикізат шығарумен «Status Everest»ЖШС-і айналысуда.