Қалада бұқаралық және де ұлттық спортты дамыту бағытында кешенді жоспарлар жасалып, жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп келеді. Бұл туралы қала әкімі Жандос Тасов жыл басынан спорттың бірнеше түрінен жетістікке жеткен чемпион спортшылармен кездесуде атап өтті.
«Сіздердің спорттағы жетістіктеріңіз – ел мерейін өсіретін, даңқын арттыратын тынымсыз еңбек пен төккен тердің жемісі. Кентаудың абыройын асқақтату жолындағы спорт саласында жеткен жетістіктеріңізге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да спорт саласының сан қырларын меңгеріп, жеңіс туын әрдайым биіктен желбіретуге тілектеспін», – деді қала басшысы.
Сондай-ақ кездесуге келген барлық спортшылар қала әкімінің алғыс хатымен мараптталып, сый-құрметке бөленді.
Жалпы, Кентау қаласында 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері , 1 спорт клубы жұмыс атқарады.
Аталған спорт мекемелерінде спорттың 19 түрі бойынша 5026 балалар мен жасөспірімдер шұғылдануда.
2024 жыл 6 айында бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында 60-қа жуық спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, 10 мыңнан аса адам қамтылды.
Оның ішінде; 5 Республикалық, 10 облыстық және 40 қалалық іс-шаралар өткізілді.
2024 жылы қала әкімінің қолдауымен Кентау спорт клубына қосымша 3 дана спорт залы жалға алынып, 200-ден аса жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалынған.
2024 жылдың басынан қала спортшылары бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді.