Бүгін Кентау қаласы Ынтымақ алаңында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті. «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шарасына қала әкімі Жандос Тасов қатысып, балаларды мерекемен құттықтады. Одан бөлек балалармен бірге қаладағы бала-бақшалардың әзірлеген “Мен кәсіпкер боламын” қайырымдылық жәрменкесі мен концерттік бағдарламаны тамашалады.
«Дүниеде баладан асыл, сәбидің күлкісінен қымбат дүние жоқ. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Бүгінгі таңда елімізде балалардың алаңсыз білім алуына, бақытты балалық кезеңдерін өткізуге барлық жағдай жасалып келеді. Балаға тәрбие беретін ең алдымен оның ата-анасы болса, екінші, тәрбиемен қоса білім беретін балабақша, мектеп және оның өскен ортасы. Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы» деген қала әкімі ізгі тілегін атап өтті.
Мерекелік шарада балаларға арналған әсем әуендер шырқалды. Шарада балғын балалар заманауи әндерге би билеп, түрлі мультфильм кейіпкерлерімен көңіл көтерді. Кәсіпкердің демеушілігімен балаларға 500-дана балмұздақ таратылды. Қызық пен шаттыққа толы болған жарқын мереке әр баланың жүзіне күлкі сыйлады.
Сондай-ақ «Мейірім сыйлығы» қорының демеушілігімен орталық спорт алаңында 112 балаға ата-аналарының қатысуымен отбасылық спорттық сайыс өтіп, 300 дана балмұздақ пен бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Облыс әкімінің қолдауымен Түркістан қаласы «Керуен сарай» кешеніндегі «Бақытты балалық шақ» іс-шарасына Кентау қаласынан 50 бала қатысып балаларға арналған кітап және тәтті сыйлықтармен қамтылды. 50-бала «Қазақстан халқына» қоры есебінен «Машат-Арасан» жазғы демалыс лагерьіне арнайы жолдамамен жолға шықты.