Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтуде. Осыған орай Кентау қаласы Жастар ресурстық орталығында қала әкімдігі аппаратының басшысы Бауыржан Әбенұлының төрағалығымен акция ұйымдастырылды. Акцияға қаланың кәсіби заңгерлері мен адвокаттары, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Қатысушылар сарапшылардан тегін заңгерлік кеңестер алды. Акция аясында сарапшылар неке-отбасы, мұрагерлік, тұрғын үй, қылмыстық, еңбек, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, әкімшілік құқық бұзушылық және тағы басқа салаларға қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді.
«Жобаның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң нормаларын дұрыс түсіну және жалпы олардың біркелкі қолданылуы үшін құқық қолдануды түсіндіру. Ол үшін жүгінген кез келген өтініш беруші, заңгер-сарапшылар толыққанды құқықтық көмек көрсетеді. Бұл акцияның негізгі миссиясы осы», – деді Бауыржан Әбенұлы.
Айта кетейік, 2016-2023 жылдар аралығында еліміздің үздік сарапшылары мен мемлекеттік органдарынан 165 мыңнан астам ел азаматтары тегін құқықтық кеңес алған. Осы жылдар ішінде «Халық заңгері» науқанының ел үшін қажет екені байқалып келеді.