Өскелең ұрпаққа өлкеміздің өнері мен тарихын тереңдете түсіндіру мақсатында жуырда Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Кентау қалалық орталық кітапханасында «Тарихыңды таны — тұлғаңды құрметте» атты танымдық іс — шара өтті.
Айтулы іс-шара Кентау қалалық № 1 кітапхана филиалының кітапханашысы ТолғанайЖұмабекованың орындауындағы «Кентауым муелі гүл бағым» әнімен ашылды. Аудандар мен қалаларда кезең — кезеңімен өткізіліп жатқан мәдени шараның маңызына кеңірек тоқталған Отырар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнагүл Рыскелдиева мен Кентау қалалық «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Арман Басаров өңірден шыққан танымал тұлғалар жайында мазмұнды әңгімелер айтты.
Ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген бірқатар ардақты азаматтарға Арман Амангелдіұлы Кентау қаласы әкімі Жандос Қалмырзаұлының атынан алғыс хаттар тапбыстады. Іс — шара барысында кітапхана басшылары оқырмандар арасындағы рухани құлшынысты арттыру мақсатында өзара бір — бірімен сый кітаптар алмасты.
Ары қарай бағдарлама бойынша «Өлке тану» бөліміне саяхат жасаған кеш қонақтары Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары дайындаған «Аңызға айналған — Хантағы» атты тарихи қойылымды тамашалап, қала жанашыры төсбелгісінің иегері Мұхит Әбдәшімұлының шығармашылығымен танысты. Ұрпаққа өнегелі жол көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл шара Хантағы ауылының іргесіндегі «Ханның тағына» саяхат жасауға жалғасып, сол жерде Мұхит Әбдәшімұлы іс — шараға қатысушыларға Арыстан бап кесенесіне қатысты ел аузынан алынған қызықты аңыз әңгімемен бөлісті.
«Ертеректе Арыстан бап кесенесінің шырақшысы Шерімбет Әздер халықтан қаражат жинап, кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Бірақ бастаған жұмысын соңына дейін жеткізе алмай қайтыс болып кетеді. Ол кісінің аяқтай алмай кеткен жұмысын баласы Нарымбет жалғастырады. Елдің айтуынша Нарымбет ер тұлғалы өжет мінезді жан иесі болған екен. Осы Нарымбет баба бір күні таң намазын оқымақ боп , кесененің қарсы бетіндегі намазханаға келіп, ішке енейін десе, қақ төрде көлденеңінен көсіліп жатқан даланың аңы жолбарысты көреді. Алғашында үрейленіп қалады. Өзін тез игерген Нарымбет жолбарысқа көз тоқтатып қараса, даланың тарғыл аңы адамға аянышты кейіппен қарап жатқанын аңдайды. Тәуекелге бас тіккен батыр шалыс жан түз тағысына жақындап келіп тізерлей отырып қарағанында жолбарыстың табанына үшкір темір қадалып тұрғанын көреді. Жүрелей отырған қалпында аңның табанына қадалған үшкір темірді еппен суырып алған Нарымбет жылдам қимылдап сыртқа шығып кетеді. Табанының қанын жалап, біраз жатқан жолбарыс та адамға зиянын тигізбей сыртқа беттейді. Қалың қамысқа қарай бет алған түз тағысы демде-ақ көзден тасаланады. Даланың жыртқышына да киесімен шарапатын тигізген әулиелі жердің кереметі жайында осындай бір әңгіме естіген едім» — деген Мұхит Әбдәшімұлының әңгімесін көпшілік қауым қызыға тыңдады.
Мұхит МАХАЖАНОВ