Мемлекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалады. Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік қолдау алады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жаңа цифрлық өнімдер енгізілді. Бұл шаралардың тиімділігі мен артықшылығы халықаралық ұйымдардың жоғары бағасына ие болып, өзге елдер үшін үлгі ретінде көрсетілді.
«Бүгінде әлеуметтік қолдаудың көптеген қызметі (27 түрі) проактивті формат шеңберінде көрсетіледі. Өткен жылы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған және депутаттар қолдаған еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлерге арналған арнайы жәрдемақылар биылғы жылдың басынан бастап төленуде. Бүгінде оны алушылар саны 7140 адамға жетті. Осы мақсаттарға 1,2 млрд теңге бағытталды. Бұл жұмыс жалғасуда», — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер әлеуметтік кодекске сәйкес, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін орташа табысқа байланыстыру тетіктері пысықталатынын атап өтті. Бұл механизм азаматтардың табыс деңгейінің нақты көрсеткіші ретінде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде халықаралық тәжірибеде қолданылады. Оны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін әлеуметтік төлемдердің барлық түрін қаржыландыру мәселесі толығымен шешілгенін атап өтті.
«Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 320 млрд теңгені құрайды. 800 мыңға жуық азаматқа қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ медициналық оңалту инфрақұрылымын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілді. Мұндай қызмет көрсететін мекемелердің саны 838-ге жетті. Оларды қаржыландыру көрсеткіші соңғы 5 жылда 13 есеге өсіп, 81 млрд теңгені құрады. Өткен жылы ғана 208 мыңнан астам пациентке толық оңалту қызметтері көрсетілді. Сонымен қатар жыл сайын әлеуметтік саланың 35 оңалту орталығы мен мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 120 мекеме 40 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетеді», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер әлеуметтік саладағы негізгі мәселелерге де назар аударды. Бұл кәсіптік оңалту, мектеп жасындағы балаларды оқыту, жұмысқа орналастыру мәселелеріне қатысты. Сондай-ақ инфрақұрылымның қолжетімділігі мәселесі де көпшілікті мазалайды. Атап айтқанда, көпқабатты үйде тұратын азаматтардың көтеріліп, түсу проблемалары, көліктің қолайсыздығы, көшелерде аялдамалар мен арнайы белгілердің болмауы. Тамара Дүйсенова аталған мәселелерді шешу үшін ұлттық стандарттарды қайта қарау қажеттігін айтып, бұл ретте Үкімет тиісті шараларды қолға алатынын жеткізді.