Жыл басында Халықаралық аккредитациядан өту мақсатында «Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» МКҚК мен Франция Республикасының Халықаралық білім беру технологиялар орталығы (ICET) S.R.O келбетіндегі «Париж академиясы» өкілдері арасында кездесу өткен болатын.
Кездесу барысында колледж әлеуетін жоғары бағалаған Францияның кәсіптік білім беру жүйесінің инспекторы Реда Фара мырза колледждің білім беру жүйесі, материалдық базасымен және әлеуметтік серіктес фабрикалармен танысып, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға шақырған еді. Келіссөз нәтижесінде, халықаралық ынтымақтастыққа бастайтын екіжақты меморандумға қол қойылып, жұмыс тобы құрылған еді.
Бүгінгі таңда «Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі» МКҚК Франция Республикасының Халықаралық білім беру технологиялар орталығы (ICET) S.R.O келбетіндегі «Париж академиясы» тарапынан ресми түрде «Мода дизайны» құзыреттілігі бойынша халықаралық аккредиттеуден өткізіліп, сертификат иеленді.
Халықаралық аккредиттеу – шетелдік ұйымдардың критерийлері мен талаптарына білім беру бағдарламаларының (немесе оқу орындарының) сәйкестігін бағалау және тану тәртібі. «Халықаралық аккредиттеу» тұжырымдамасы білім беру жүйесінің экспорттық әлеуетін дамыту» көрсеткіштерінде көрініс табады. Халықаралық аккредиттеуден өту арқылы Францияда орналасқан ТжКБ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатылды. Франциядағы оқу орындарымен академиялық мобильділікке қол жеткізілді. Халықаралық аккредиттеуден өту «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы аясында таңдап алынуы кездейсоқтық емес. Франция мемлекеті ежелден сәндік пен талғампаздықтың отаны екендігін ескерсек, аталған ынтымақтастықтың биік белестерге жеткізері сөзсіз.