Бүгін Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «Тау самалы» демалыс аймағында «AMANAT» партиясының жыл сайынғы республикалық жастар саяси лагері өз жұмысын бастады. Партия жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ауқымды шараға республикалық мәртебесі бар 3 қала мен 17 өңірден 300-ден астам делегаттар қосылды. Делегаттар 4 күнге созылатын шарада «Bir Tolqynda» диалог алаңының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.
Жастарға арналған саяси лагердің жұмысына «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері, депутаттар, жастарды қолдау жөніндегі республикалық және өңірлік кеңестердің мүшелері, жастар санатындағы қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен өкілдері, еріктілер, эко-белсенділер, жас кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар, шығармашылық жастар қатысып жатыр.
Шараның мақсаты — белсенді қазақстандық жастарды партиялық жобалар мен бастамаларды іске асыруға жұмылдыру, олардың заманауи дағдыларды игеруге қабілетін арттыру мақсатында өтіп жатыр. Сондай-ақ бұл шара жас белсенділер арасынан жаңа толқындағы саяси көшбасшыларды даярлауға мүмкіндіктерді кеңейтуге қызмет етеді.
Ашылу салтанатында жастар үшін жеке және кәсіби қасиеттерін дамытуға арналған түрлі бағыттағы тренингтер, тимбилдингтер және «Bir tolqynda» диалог алаңы өткізіліп, жастарды толғандыратын түрлі тақырыптар шеңберінде пікір алмасулар өтеді деп жоспарлануда.
Жұмысын бүгін ресми түрде бастаған республикалық саяси лагерь 24 тамызға дейін жалғасады.
Ашылу рәсімінде «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы, Ақерке Искандерова, сөз сөйлеп, партияның жас белсенділерін Түркістан облысында көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Ортамызды толтырып жатқандарыңызға алғысымызды білдіріп, қош келдіңіздер дегім келеді. Лагерьдің жұмысын ресми түрде ашық деп жариялаймыз»,- деді ол.
Лагерьдің бірінші күніндегі бағдарламада қатысушылар саяси лагерьдің ашылу салтанатына қатысып, тимбилдингте жастар топтарға бөлініп, демалыс аймағының жұмысымен танысты. QUIZ ойындары ойнатылып, әр өңірден келіп, бас қосқан жастардың сауық кеші аймақтардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.