Биыл бірінші рет «Қазақстан халқы тілдері» күні мерекесі аясында тілдерді оқыту орталықтары арасында «Үздік орталық» байқауы ұйымдастырылуда. Байқаудың мақсаты орталықтардың жұмысына баға беріп қана қоймай, жұмысын жүйелеп, бағыт-бағдар беру. Сондай-ақ, оларды ынталандыру мақсатында жүлделі 5 орын белгіленді.
Сайысқа қатысуға үміткер орталықтардың өтінімдері 20 тамыз күніне дейін қабылданады. Байқау шарты бойынша орталықтың 2023-2024 жылдардағы жетістіктері, орталық әзірлеген оқу әдісмелік құралдары, оның кадрлық және сапалық құрамы туралы қысқаша анықтамасы, орталықтың материалдық-техникалық базасы, заманауи оқыту құралдарымен жабдықталуы, орталықтың 2023-2024 жылдардағы жұмысы жөнінде ақпаратты құрайтын, Power Point нұсқасында әзірленген, кемінде 50 слайдтан тұратын 5 минутқа дейін таныстырылымның (презентация) бейнежазбасын ұсыну қажет.
Айта кетейік, облыста 17 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Орталықтарда 22 әдіскер, 33 қазақ тілі, 20 орыс тілі, 27 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша тіл оқыту орталықтарында 2805 адам қазақ тілін, 2008 адам ағылшын тілін, 1346 адам орыс тілін оқыды.