Арыста алғашқы қоңырау салтанаты ерекше аталып өтті. И.Журба атындағы мектеп шәкірттері биыл 1 қыркүйек – Білім күнінде қос қуанышты тойлады. Біріншісі – көптен күткен білім күні болса, екіншісі – өздері оқитын білім ошағы жаңа кейіпке еніп, жаңадан қосымша 300 орындық оқу корпусының ашылғандығы.
Оқушылардың қуанышымен бөлісуге қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, қалалық Білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысып, оқушыларға ыстық лебіздерін жеткізді.
Игі шарада Әнұран шырқалып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілді. Биыл қалаға қарасты 37 мектепте 20 мыңға жуық оқушы тәрбиеленсе, оның 1210 бүлдіршін мектепке алғаш қадам басты. Қолдарына «Әліппесін» ұстаған олар «мектеп» атты кеменің жолаушылары атанды.
Шара барысында жиынның сәнін кіргізіп, бірінші және он бірінші сынып оқушылары күміс қоңырауды сыңғырлатты. Шаттық пен ыстық сезімдерге толы бұл күн мектеп оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық.
Айта кетейік, 1037 оқушы білім алатын И.Журба мектебінде 95 ұстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 96 оқушы осы оқу орнының табалдырығын алғаш аттады. Оқушы санының артуына байланысты жаңадан пайдалануға берілген 300 орындық оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Үш қабаттан тұратын ғимаратқа жылы су жүйесі, ойын және спорттық алаңшалар орнатылған. Барлық оқу кабинеттері жаңа парта-үстелдермен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжетханалармен жабдықталған.