Бүгін аудандағы барлық білім ордасында алғашқы қоңырау үні соғылды. Осы ретте, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Н. Төреқұлов атындағы ІТ-мектеп-лицейінде жаңа оқу жылы қарсаңында өткен салтанатты шараға арнайы қатысты.
Мектеп ұжымы мен оқушыларды білім күні мерекесімен құттықтады. Ауданда білім саласының әлеуетін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өскелең жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі тың істерді одан әрі дамытуда табандылық таныта білген ұстаздардың еңбегін айрықша атап өтті.
-Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға екені баршамызға аян. Қазіргі таңда 2200-ден астам аяулы ұстаздар ауданның білім саласының даумына айрықша үлес қосып, үлкен ағартушылық және тәрбие жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сіздерге тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосқан еңбектеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жаңадан мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушыларының сыныптарын жеке-жеке аралап, сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, ата-аналар мен ардагер ұстаздар ізгі тілектерін арнап, құттықтауларын жеткізді. Шараға жиналған қонақтар мектеп табалдырығын аттаған жас жеткіншіктердің өнерін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектеп жасындағы 1250 балаға мемлекет тарапынан 43 мың 407 теңгеден жеке көмек қарастырылды. Бұдан бөлек аудан әкімі аппараты мен бюджеттік мекемелер тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 107 балаға оқу құралдары мен мектеп формалары, аяқ киімдері және сөмкелер табысталып, бұл бағыттағы жұмыстар ауылдық округтерде өндіріс орындарының демеушілігімен де жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда аудан көлемінде 1 сыныпқа қабылданған бала саны 1230 –ды құрап, білім ошақтарында 15 мыңнан астам оқушы білім алады.