Түркістан облысының білім саласында инфрақұрылым қарқынды дамып, құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Жаңа 2024-2025 оқу жылында Түркістан облысында 21 мектеп ел иглігіне пайдалануға берілді. Оның 6-ы мемлекеттік бағдарлама арқылы салынса, 15-і жекеменшік мектеп болып ашылды. Нәтижесінде, төрт мыңға жуық бала жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта қарсы алды. Бұл өз кезегінде, апатты және үш ауысымды білім ордаларының мәселесін шешеді.
Атап айтар болсақ,
Қазығұрт ауданына қарасты Көкібел ауыл округінде орналасқан С.Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектеп 1962 жылы салынған ғимарат еді. Тозығы жеткен мектепте білім алып жүрген оқушыларға жаңа ғимарат салынды. Бұл мектептің ашылуы оқушылар мен ұстаздарға ерекше серпін берді. Себебі, бұл мектеп заман талабына сай етіп жабдықталды. Жаңа оқу ғимараты ішінде спорт зал (сыртқы және ішкі спорт алаңшалары), лингофондық кабинеттер, асхана, ұлдар мен қыздарға арналған жеке еңбек кабинеттері, робототехникалық кабинеті, ішкі әжетханалар, психология және дефектология кабинеттері қарастырылған.
Сонымен қоса, таза ауыз су жүйесі толық қамтамасыз етілген және мектептің сыртқы қоршауымен қоршалған.
Сол сияқты, Төлеби ауданында жаңадан Тағайна жалпы білім беретін мектебінің
пайдалануға берілуіне байланысты мектеп ұжымының, оқушылардың, ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Жаңа мектептің артықшылықтары көп. Мектептің 1964, 1999, 2000 жылдары пайдалануға берілген, күрделі жөндеу көрмеген ескі ғимараттары қатты отынмен жылытылатын. Ал жаңа мектептің жылыту жүйесі табиғи газбен жұмыс істейді. Тағайналық оқушылар бұрын бір қабатты ыңғайластырылған мектепте білім алды. Қазіргі таңда бұл оқушылар 2-қабатты типтік үлгідегі ғимаратта оқуға мүмкіндік алып отыр. Жаңа мектептің кабинеттері мен дәліздері кең, жарық. Тіпті жаңа мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін жеделсаты, барлық пәнге арналған кабинеттер бар. Енді жаңа ғимараттағы акт зал мен спорт залда қысылмай, түрлі іс-шараларды өте қызықты етіп ұйымдастыруға болады.
Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылдық округіне қарасты, Бақыбек мөлтек ауданында 50 орындық саманнан салынған «Кезең» бастауыш мектебі жұмыс жасап келген. Жаңадан үйлер бой көтеріп, халық санының күн санап өсуіне байланысты жалпы білім беретін мектеп ашу қажеттілігі туындаған сон елді мекенде мектеп ғимараты өз алдына жаңа мектеп болып ашылды. Мектептің мектепалды даярлық және 1-11 сыныптың оқу бағдарламаларын оқытуға барлық мүмкіндігі бар. Оқушылардың білім алуына зертханалық кабинеттер, спорт залы, бастапқы әскери дайындық кабинеттерімен толық жабдықталған.
Білім саласындағы инфраструктура одан ары жалғасады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жемқорлық жолымен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, мектеп құрылысына жұмсалуда. Осы Қор арқылы облыста 20 мектептің құрылыс жұмыстары жүруде. Оның ішіндегі 13 мектеп биыл пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Осы мақсатта бүгінде 29 Жайлы мектеп құрылысы жүргізілуде, онда 14 мың оқушы білім алатын болады.