Тәрбие мен білім саласының ең негізгі міндеттерінің бірі — ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Қай заманда болсын намысқой, ұлтжанды тұлғалар елдің болашағын айқындауға атсалысқан . Қазақ халқының қанында бар тектілік, намысқойлық пен ұлтжандылық өз дәуірлерінде жау талай батырлардың жауырынын жерге тигізіп, басқа елдерді мойындатқан . «Орағың өткір болса,қарың талмайды,Отаның берік болса,жауың алмайды»,- деп халық даналығы айтқандай, еліміздің еркіндігін, тұтастығын елім деп еңіреген азаматтар сақтап қалған. Жауларының сағын сындырып , саны жағынан аз халық болғандығына қарамастан, көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленіп тұрған жерімізді қорғап алған. Ал бүгінгі жаһандану заманында патриоттық тәрбиенің маңызы одан сайын артып отыр десем қателеспеймін.Еліміздің керегесі берік , еңсесі биік, болашағы айқын болғанын қаласақ, ұлтжанды ұрпақ пен нағыз патриоттарды тәрбиелеуіміз керек . «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады » , -деген Бауыржан Момышұлы — «Патриотизм дегеніміз – әке-шешеңді құрметтей білуің, ауыл-аймағыңды ардақтай білуің, өз ұлтыңды сүюің, ана тіліңді ардақтауың, өз халқыңның өткен жолы мен тарихын құрметтеп, оған тіл тигізбеуің мен өз Отаныңды жаудан қорғауың»,- деп кейінгі ұрпағына өнегелі өсиетін айтып кеткен.
Патриоттық тәрбие бұл бүкіл ұлт болып атқаратын тәрбие бағыты, ешкім де бұдан шет қалмауы керек. Отбасында ана сүтімен бала бойына сіңе бастаған ұлттық сезім одан әрі дамып, бала бақшада жалғасын табуы тиіс.Ал орта білім беретін мектептер патриоттық тәрбие берудің ең негізгі баспалдағы дер едім. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да мақсаты ұлттық құндылықтарды жандандыра отырып ,кейінгі ұрпақты өз елінің тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімінде тәрбиелеу, әлемдік мәдениет пен экономикада ұлттық кодымызды дамытып , халқымыздың ерекшелігін сақтауды ұсынып отыр.
Жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу оқу және тәрбие беру процесі барысында жүзеге асырылады. Балада ұлттық сана мен ұлттық сезім қалыптастыру ана тіліне деген махаббат пен сыйластықтан басталады. «Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі»,- деген екен Бауыржан Момышұлы. Сондықтанда, бастауыш сыныптан бастап тіліміздің көркемдігін, байлығы мен басқа тілдерден артықшылықтарын балаға әр
сабақта көрсетіп отыру керек. Мысалы, қазақ тілі әлемдегі ірі 40 тілдің қатарына енеді.Қазақ тілі сөйлеушісі көп ең ірі 5 тілдің қатарына кіріп тұр. Қазақ тілі- әлемдегі ең таза тілдердің бірі, сонымен қатар, мамандардың пікірінше диалектісі жоқ тілдердің бірі саналады
Жоғары сыныптарда ой қозғау мақсатында мен мына сұрақты жиі қоямын. Ұлтты ұлттан айыратын белгілер қандай? Оқушылар көп жағдайда шекарасы, елтаңбасы, діні деп жауап беріп жатады. Бағыттаушы сұрақтар қою арқылы балаларды ұлт пен ұлтты ажырататын бірінші белгісі оның діні емес, түр сипаты емес ,ол ұлттың тілі, тарихы екендігіне көз жеткіземіз. Әсіресе, қанатты сөздерді талдау, олардың өміршеңдігіне оқушылардың көзін жеткізу, мысалдар келтіре отырып дәлелдеу — өте маңызды.Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» , -десе, Жүсіп Баласағұн: «Тіл – елшінің қылышы, тіл қылыштан да өткір. Елдіктің өзегі – бірлік, кілті – тіл, қадір-қасиеті – кісілік» ,- деген болатын.
«Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет»,- деп қазақ халқында айтқандай, жеткіншектірді ұлтжандылыққа тәрбиелеуде жеке тұлғалардың, хандар мен батырлардың , алаш ардақтыларының өмір деректерін мысал ретінде келтіріп, әдеби кітаптар арқылы насихаттау өте маңызды. Әрине, бүгінгі балаға әдеби кітапты оқыту оңай тірлік емес. Дегенмен, ұлтжанды тұлғалардың өмірінің ең қызықты деректерін келтіре отырып , «жалғасы не болды?» деген сұраққа жауап іздеуді сұраймын. Елі үшін жанын қиған ерлердің әрекеттерін бағалап, «Сен еліңнің бақыты үшін не істей аласың?», «Сен еліңнің бақыты үшін өз бақытыңнан бас тарта аласың ба?» , «Еліміздің басына күн туса, Отанды кімдер қорғау керек?» т.б. толғаныс сұрақтарына жауап іздеп, эссе жаздырудың да маңызы зор.
Балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуде бейнематериалдар мен көркем фильмдердің орны ерекше. Кітап оқымайтын бала ең болмағанда кино көретіні сөзсіз .Бүгінгі күнде біраз жаңа тарихи филімдер жарық көрді , мысалы, «Көшпенділер», «Қазақ хандығы», «Мұстафа Шоқай» , «Томирис» т.б. Дегенмен, өкінішке орай, қазақ киносы әлі де көрермендердің қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмай келеді.
«Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген Бауыржан Момышұлының сөзін ұран етіп, сыныптан тыс тәрбие сағаттары мен кездесулер өткізу оқушыларға ерекше әсер етеді. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулеріміз өте мазмұнды және қызықты өтеді. Салт- дәстүрді танып білуде «Дәстүрім-байлығым», «Қазақтың ырымдары мен тыйымдары», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді интеллектуалды сайыстар балалардың танымдық білімінің кеңеюіне әсер ететіні сөзсіз.
Туған жер тарихын тереңірек танып білуде тарихи жерлерге саяхат жасау- оқушылар үшін өте қызықты. Бүгінгі күні елдегі жағдайға байланысты виртуалды музейлер мен виртуалды саяхаттар порталдарын пайдалану өте тиімді. Оқушылар тарихи орынға бармаса да барғандай болып терең рухани әсер алады.
Жас ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікте тәрбиелеуде ата-аналардың рөлі ерекше. «Әкеге қарап ұл өсер,шешеге қарап қыз өсер» , дегендей отбасында ата- ана дәстүрлі әдет-ғұрыптар негізінде перзенттерін тәрбиелеу керек , яғни халықтың ертегілерін, жыр –дастандарын, мақал-мәтелдерін, аңыз- әңгімелерін бала санасын сусындату маңызды. Бұл істе мектеп пен ата-аналардың одағы тығыз баланыста болуы қажет. Ата –аналарға педагогикалық-методологиялық көмек ата –аналар жиналыстарында көрсетіледі.
Патриот болу үшін ерекше күш егесі болу немесе жоғары білімі бар болу да шарт емес, тек қана елін сүйетін, халқы үшін барын аямайтын тұлға болса жеткілікті. «Ерім дейтін ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын?» дегендей, жеткіншек ұрпақты аянбай дұрыс бағытта тәрбиелей алмасақ еліміздің болашағына ешкім де кепіл бере алмайтыны анық.
Жасузакова Ажар Сайлауовна,
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы
№7 Төле би атындағы жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі